Президенттің “Ана тілі” газетіндегі мақаласына орай: Жаңа уақыттың шеңберіндегі болашағымыз болжанды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана-тілі» газетінде берген сұхбатынан бүгінгі мемлекет пен қоғамға, халық пен оның өкілі жеке адамның алдында тұрған негізгі міндеттердің мән жайын терең ұғынуға болады. Мемлекет, қоғам және халықтың алдында тұрған ортақ міндеттер негізінен ұлттық мүддеге қатысты мәселелерден туындайды. Ұлт, әсіресе оның мемлекеті бар жерде ұлттық мүддеге қатысты мәселе қашанда орын алған, үнемі солай бола береді. Себебі жаңа уақыттың шеңберінде болашаққа жасалатын қадам елдің өз мүддесін уақыт, заман талабына сай қорғап отыруынан шығады.

Бүгінгі әлемде орын алып отырған ахуал да осы шындықтың айғағы. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр». Осыдан тура бір ғасырдай уақыт бұрын алаш зиялылары зерделеген мәселелер бүгінгі таңда өзінің өзектілігін жоймай отыр. Бұның себебі неде? Себеп Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт зиялыларының ақыл-парасаты мен ел болашағына бағытталған идеяларының қоғам алдында жүруі, олардың елдің болашағына әлемдік зерде биігінен қарауынан білінеді.

Алаш зиялылары 1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінің бірінші санында былай деп айтып кеткен: «Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл болып соғып, үйімізді жығып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай қалуына амал ету керек емеспе?».

Тәуелсіздігін нығайтуды көздеген, әлем кеңістігінде тұлғасын қалыптастыруды, мәдениеті мен тілін сақтап, іргесін бекітіп отыруды көздейтін мемлекеттер, ұлттық мүдде мәселесін шешуде алдыменен қоғамдық сананың жағдайына көңіл бөліп отырған. Қоғамдық сананың негізінде оның болмысы, ақыл-парасаты тұрады. Қоғамның тұтас биік зердені иеленуі халықтың әлеуметтік танымына, тарихи санаға және жеке адамның өзіндік санасының дұрыс болуына байланысты. Мемлекет басшысының ел болашағына қатысты айтылған ойлары,  бүгінгі таңда орын алып отырған өзекті мәселелермен қатар, тарихтың құбылысына айналған дүниелерді де ескеру қажеттігін аңғартады.

Ата-бабаларымыз тарихи уақыттың талабына сай ұлттық мүддені қалыптастыру, қорғау жолында қоғамның игілігіне қажет өнер түрлерін қалыптастырып отырса, ендігі мәселе оның өрісін кеңейту болып табылады. Ұлттың мүддесі оның қоғамында ғылым, өнер, мәдениеті халықтың игілігіне айналған уақытта нығая түспек. Ғылым да, өнер де, мәдениет те ұрпақтан кемел парасат пен шынайы білімді талап етеді. Өнер мен білім, ғылым арқылы қоғамның дамуы қажет деген ойдың да негізінде, оның мәдениетіне қатысты міндеттердің тұрғандығын көреміз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей шыныменде, «телевизиялық және радио хабарлардың сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуы тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет».

Бүгінгі біздің дәуірімізде әлеуметтік экономикалық дамудың тізгініне ие болып отырған елдердің тәжірибесімен қарайтын болсақ, олардың өз ана тілін әлемдік мәдениет сахынасында қалдыруының бір себебі ғылымның дамуына ерте әрі ерекше көңіл бөлгендігінде. Соның негізінде қоғамын жетілдіруге бастайтын идея тегістей іске асып отырға. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бізге де бұндай тәжірибе аса қажет. Елімізде бұған бастама болатын дүниелер жоқ емес, керісінше мол. Елдің өркениетті дамуын негіздейтін тарихи бастамалар, қоғамдық сананың қозғаушы күшіне айналып отыруы үшін ұлттық идеяны халық түсінуі қажет, яғни қоғамға жетуі керек. Мемлекет басшысының сұхбат барысында айтқан ойларын алаш зиялыларының тағылымы мен ұштастырып отырған себебіміз, елдің болашағын зерделейтін идея қазақ қоғамының өткен тәжірибесі мен бүгінгі жағдайын біріктіре түседі: «Бәрімізді, әсіресе жастарды «ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды.

Осындай сәтте біздің көзқарасымыз, болмысымыз, осы біз өмір сүріп жатқан заманның талабына сай болуы керек. Яғни тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымы қажет…. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз…». Әр ұрпақтың өмір сүру уақытын уақыт майданы деп қабылдайтын болсақ, сол рухани өмір жолында елдігімен өткен қоғам ақыл мен мінезге, білім мен тәжірибеге қатар жүгінбек. Тарихымызға зер салсақ, жаңа мысал қылып өткен Европа мәдениетіндегі ойшылдар ілімі негізінде түйіндейтін болсақ, оларда ешкім сезімдік нәрселерге бой алдыра бермеген. Уақыт орамындағы дүниелерді ақыл таразысына салып отырған. Бүгінгі біздің қоғамға да осыны ескеру қажет.

Қазақ тәуелсіздігінен қол үзген уақытта үлкен салмақ зиялыларға түсті.  Олар ұлт мәдениетінің рухани ұйытқысына айналған ойшылдар институтының патша билігі тарапынан күштеп жойылғанына қарамастан, халықтың ұлттық бірегейлігі мен тарихи санасының жойылмауы үшін еңбек еткен. Бүгінгі тәуелсіздік тұсында  қоғам ішіндегі азаматтық бірегейліктің сақталуы, әр адамның өзіндік санасының ел игіліктерімен ұштасып отыруы, бұған зиялы адамдардың дәнекер болуы үлкен жауапкершіліктің бірі деп есептейміз. Интеллигенттік сананың биік көрінісі де осы бағытта айқын көрінеді.

Үмбетқан Қуандықұлы СӘРСЕМБИН,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің
кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий