Все новости

«ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жобалар қолға алынды

Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынылған жаңа технологияларды қолдану бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, өткен жылы желтоқсанда Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі көрмеге қойылған жаңа технологияларды қолдану туралы жол картасын бекіткен болатын. Енді сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жақында өткен ҚР Үкіметі отырысында баяндалды.

pavilions_bg

Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі мен шетелдік университеттер, компаниялар, ұйымдар арасында «Ынтымақтастық туралы» келісімдер, шарттар, меморандумдар жасалған. Соның нәтижесінде, ЖОО-ларда және ғылыми зерттеу институттарда 14 жоба мен бағдарлама орындалып жатыр.

Оның 12-сін мына оқу орындары орындайды: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 2 жоба, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 2 жоба, М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 1жоба, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ – 1 жоба, С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті – 2 жоба, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті –  4 жоба.

Ал қалған екі жобаны ғылыми зерттеу институттары орындауда: Ақпараттық және есептеу технологиялары институты мен «Ұлттық биотехнология орталығы».

Білім және ғылым министр Ерлан Сағадиевтың айтуынша, «ЭКСПО-2017» көрмесімен ғылыми-техникалық байланыс бойынша жақсы нәтиже көрсеткен жобалар бар.

Оның ішінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы 2 жобаны атауға болады – «Көмірсутекті газ қоспаларын конвективті диффузия әдісі арқылы компоненттерге бөлуге арналған құрал» және «Жылу электр станцияларының энергиялық тиімділігін арттыруға арналған плазмотрон», ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «KSP Steel» ТОО-мен бірге технологиялық процестердің төмен температурада жылу қалдықтарын утилизациялауға арналған, жылыту қуаттылығы 400 кВт болатын жаңа блокты-модульді насостың пилоттық үлгісін жасау бойынша жобаны орындап жатыр. Жобаны орындау – атмосфераға зиянды заттарды шығаруды азайтуға және жылуды өзіндік құнынан біршама арзанырақ алуға мүмкіндік береді.

-Фараби унив

Ал М.Әуезов атындағы университетте «Әскери және жалпы мақсаттарға арналған пилотсыз ұшу аппараты түрінде атмосфералық спутник» жобасы орындалуда. Жоба – ұшу және техникалық сипаттамасы жақсартылған атмосфералық спутниктің отандық тәжірибелік үлгісін жасауға арналған.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті  Францияның VEOLIA компаниясымен бірге қағаз, тамақ, ағаш, пластик қалдықтарын қайта өңдеу жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол Жамбыл облысында қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік  университетінде 2 жоба бар: біреуі «Жаяу жүрушілер плиталарын электр энергиясын шығаруға пайдалану әзірлемесі» болса, екіншісі «Күн батареяларымен жұмыс істейтін автономды светильниктер».

Бұл светильниктердің ерекшелігі – қарапайым жасалады және бағасы төмен. Олар көшелерге жарық беруге және фермерлік шаруа-шылықта кеңінен қолданылатын болады.

универ

Ал Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 4 жоба орындалып жатыр: 1. Рекуперация арқылы жылуды үнемдейтін когерациялық типтегі микро жылу электростанциясы, 2. «SmartGrid» көрмесін электрмен жабдықтайтын ресурс сақтаушы интеллектуалдық жүйені дайындау, 3. Негативті қысымды бу электр жылытқышы, 4. Гидродинамикалық қыздырғыш.

− Қазіргі кезде «Рекуперация арқылы жылуды үнемдейтін когерациялық типтегі микро жылу электростанциясы» жобасы бойынша техникалық құжаттама және зертханалық үлгі (қуаттылығы — 0,01 кВт) алынды. Электрлік генератор дайындалды. Сонымен қатар патенттер алуға сұраным берілді (1 сұраным ҚР патентіне болса, тағы біреуі Еуразиялық патентке және 2 сұраным интеллектуалдық меншік куәлігіне). Аталған жобалардың қалғаны коммерцияландыру кезеңінде, − дейді Ерлан Сағадиев.

Бүгінде Шәкәрім атындағы, С. Торайғыров атындағы және М.Өтемісов атындағы универсиеттер оқытушылардың академиялық мобильдігі, бірлескен білім беру бағдарламаларын дайындау туралы меморандумдар мен шарттар жасаған.

Ғылыми зерттеу институттарына келетін болсақ, Ұлттық биотехнология орталығы «Қаланы көгалдандыруға арналған инновациялық биотехнология» жобасын жүзеге асыруда (Дүниежүзілік банктің жобасы шеңберінде). Ағаш өсімдіктерін (ақ терек пен Болле терегі) микроклоналды көбейту технологиясын өндіріске «Астана зеленстрой», «Астана орманы» ЖШС-тері енгізген. Осындай 200 ағаш көшеті «Астана зеленстрой» дендропаркінде, «Астана орманы» территориясында өсіп тұр.

Сондай-ақ, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтында орындалып жатқан «3D принт технологиясын қолдану арқылы жылдам қозғалатын бионикалық қол модельдерін дайындау» жобасына ерекше көңіл бөлу қажет.

Қазір елімізде осындай бионикалық қолдар мен саусақтарды аддитивті басып шығару технологиясын үйреніп, қолданып жатыр және датчиктер мен компьютер арқылы басқарылатын бионикалық қол прототипі алынған.

моделі

Енді ұлттық патент алуға сұраныс беріліп қойған, алдағы уақытта білім және ғылыми зерттеулер саласында келісімдер бойынша жұмыс атқарылмақ.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 материалдарын білім беру процесіне енгізу және пайдалану бойынша балаларға арналған IT-технологиялар орталығы бар  Оқушылар сарайын салу (Петропавл қ.), аймақтардағы Оқушылар сарайлары базасында 6 мыңнан астам оқушыны қамтитын, балаларға арналған 7 технопарк пен 1 мың 500-ден астам бала оқитын 12 бизнес-инкубатор құру қолға алынған.

Бүгінде Көрмеде ұсынылған жобаларды енгізу және пайдалану бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып, орындалу үстінде.

Рубрики:Все новости

Комментировать

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.