Все новости

100 жаңа оқулық: қазақ тіліне 3 мыңға жуық жаңа термин енгізілді

big_e289a34dc258a374d8ec6f0e3115f434

Қай заманда да «күш – білімде» болса, «білім – кітапта». Сол себепті «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы еліміздің зияткерлік өміріндегі маңызы зор оқиға.

Аударылған оқулықтар жаңа гуманитарлық білімдегі жаңа оқулықтар ғана емес, әлемнің жетекші университеттерінде оқу үдерісіне кеңінен енгізілген үздік оқулықтар. Олар мына өлшемдер бойынша іріктеліп, аударуға лайық деп алынғанын осы іске жауапты мамандар мәлімдеді:

  • Біріншіден, ұсынылып отырған оқулықтар әлемде сұранысқа ие, кемінде үш мәрте қайта басылған болуы тиіс. Мәселен, қазақ тіліне Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология» оқулығының 12-басылымы, «Әлеуметтану негіздері» (авторы Дэвид Бринкерхоф) оқулығының 9-шы халықаралық басылымы аударылса, әлемдік білім беру кеңістігінде іргелі еңбек ретінде танылған «Экономикс» (авторы Грегори Мэнкью) оқулығының 4-ші халықаралық басылымы  аударылды. Қазақ тіліне бірінші кезекте аударылған 17 оқулық бұған дейін әлемнің 42 елінде 34 тілге аударылып, жалпы таралымы 47 млн дананы құраған екен.
  • Екіншіден, жаһандағы жетекші, озық университеттердің (Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Стенфорд т.б.) білім бағдарламаларында кеңінен қолданылуы шарт.
  • Үшіншіден, оқулықтар идеялық тұрғыда бейтарап болуы қажет. Бұл оқулықтар сапалық тұрғыда білім жүйесіне оң серпін берері анық.

Жалпы, білім ордаларының жаны не? Біріншісі – ұстаз, екіншісі – оқулық. Екеуі ажырамас егіз ұғым.

Соған сәйкес, заманауи университеттің миссиясы – жаңа білім генерациясына мүмкіндік жасау. Себебі, университетке білімді жастар келеді. Оларға жаңа білім беру, ілім-ғылым іздей алу дағдысын, біліктілігін қалыптастыру – басты талап. Сондықтан да, бұл оқулықтар білім бағдарламаларының мазмұны мен академиялық ресурстарды жаңартуға негіз жасай отырып,  бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға оң ықпал етеді. Бұл өз кезегінде зияткер ұлт қалыптастыруға қызмет ететін міндеттердің бірі.

100 жаңа оқулықтың аудармасы арқылы қазақ тілінің терминологиялық әлеуеті артатыны хақ. Себебі, тіл – үнемі динамикада болатын құбылыс. Жобаға жауапты мамандардың мәліметіне қарағанда, алғашқы 17 оқулық аударылған кезеңде қазақ тіліне 3 мыңға жуық жаңа термин енгізілген. Бұл мемлекеттік тілдің қолданыс арнасын кеңітіп, ғылым мен бизнес тілі ретінде қалыптасуына игі әсер етеді.

Тағы бір ерекше назар аударарлық жайт – оқулықтардың түпнұсқадан  аударылуында. Бұл ұлттық терминология мен ғылыми аударма мектебінің даму көрсеткіші болса керек.

Ұлт болашағы үшін қажетті игілікті істің сапалы жүзеге асырылуы – тәуелсіздіктің жемісі.

Тәуелсіздік алған уақыттан бергі жылдар елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген білікті мамандар мен кәсіби аудармашылардың жаңа буыны қалыптасқанын көрсетті. Сонымен бірге, «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруға «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің жетекші оқу орындарында білім алып, ғылыми тәжірибелерін шыңдаған мамандар да үлес қосқанын атап өткен жөн. Бұл, біріншіден, Елбасының мемлекеттің стратегиялық міндеттерін шешудегі көрегендігін көрсетсе, екіншіден, «Болашақ» бағдарламасының мультипликативтік пәрменінің жарқын дәлелі болды.

Алдағы уақыт міндеті – оқулықтар жаңа латын әліпбиі негізінде басылып шығады.

Оқулықтарды шығару бар да, оған деген қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы бөлек. Бұл тұрғыда, мемлекет әрбір білім алушының, біліктілігін жетілдіруге ынталы азаматтардың әлемде жоғары сұранысқа ие оқулықтарды тегін пайдалануын қамтамасыз етті. Екіншіден, әр оқулықтың таралымы 10 мың дана және еліміздің барлық жоғары оқу орны мен өңірлік кітапханаларға таратылды. Үшіншіден, оқулықтар интерактивті білім беруге бейімделеді. Соған сәйкес, оқулықтармен электронды форматта толық танысуға мүмкіндік жасалған: 100kitap.kz сайты мен Қазақстандық ашық университет (OpenU.kz) платформасында еркін айналымда болады.

Жоба логикасына сәйкес, жаңа оқулықтар 2018-19 оқу жылынан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына толық енгізіледі. Жастар жоғары ғылыми стандарттардың талаптарына сай келетін оқулықтар негізінде білімдерін шыңдайтын болады.

Жобаның басты жетістіктерінің тағы бір қыры – жаңа оқулықтардың пәнаралық мазмұны мен әмбебаптығы. Себебі, олар гуманитарлық білім аясымен шектеліп қалмайды. Мәселен, Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі, Халықаралық кәсіпкерлік білім беру ұйымының жетекшісі Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Гарвард университетінің профессоры Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Дэвид Майерс пен Жан Туенждің  «Әлеуметтік психология», британдық философ әрі дінтанушы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Рикки Гриффиннің «Менеджмент», Ли Энн Пектің «Медиа этика. Жас мамандардың тәжірибесінен», Джонстон Деректің «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» оқулықтарын жаратылыстану мен техникалық сала мамандары оқу үдерісінде де, кәсіби қызметінде де кеңінен пайдалана алады.

 


Нұрбек Шаяхметов
Л. Гумилев ат. ЕҰУ еуразиялық
зерттеулер кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының докторы

Categories: Все новости

Комментировать

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.