Все новости

Елбасы мақаласына орай Қыздар университетінің ұжымы үндеу қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұжымы үндеу қабылдады, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығы.

DSC_5810.JPG

«Біз, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жазылған бастамаларды қолдайтынымыз туралы мәлімдейміз. Біз сынаптай сырғыған уақытта, жаңалығы желмен жарысқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандану заманында иммунитеті мықты, тіні берік, мақсаты зор ұлттың ғана өзіндік болмыс-бітімін сақтайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мыңжылдықтар өтіп, қоғамдық құндылықтар мен қағидаттар алмасса да өзгермейтін, уақыт шеңберінен өлшенбейтін нәрсе бар. Ол – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мұра, тасқа басылған төл тарих. Өзіндік дара тарихын ұлықтау – түбегейлі жаңғыруға бет алған қоғам үшін үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз», – делінген үндеуде.

Сонымен қатар, үндеуде Қыздар университетінің бастамасымен түркі әлемі ынтымақтастығын арттыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында да айтылған.

.jpg

«Білім ордасының бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келеді. Түркі дүниесі әлі сыры ашылмаған асыл мұраға бай. Осыған орай туыстас елдер ғалымдары мен зерттеушілері түркі халқының бай рухани мұрасын, әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен тілін зерттеп-зерделеуге, бабалар дәстүрін жалғастыруға Симпозиум аясында өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, ұлағат ұясында биылғы оқу жылынан бастап «Ұлы дала тарихы» атты пән енгізілді. Мақсат – киіз туырлықты қазақ халқының аса бай рухани қазынасын өскелең жас ұрпақтың санасына сіңіру, жастарды нағыз отаншылдық сезімде тәрбиелеу, олардың тарихи санасын жаңғырту. Тарихты тану – тағылымды іс. Тарихы тану – ұлттың рухын көтереді, мерейін тасытады. Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар. Оны ұлықтау – ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ. Біз баршаңызды өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын Елбасы мақаласындағы бағыттар мен бастамаларды қолдап, жүзеге асыруға шақырамыз», – делінген үндеуде.

Жандар АСАНОВ

Рубрики:Все новости

Комментировать

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.