Все новости

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату – орта білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыты

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында орта білім беру саласын дамытудағы басым бағыт ретінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі айқындалған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен 2015 жылы бастау алды және Елбасының Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін орта білім беру ұйымдарына таратуға басымдық беруі облыс көлемінде іске асырылып жатқан жұмыстарға жаңа леп берері анық.

meldebekova_mayra

2015 жылғы 19 наурыздағы Қызылорда облысы әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік жөніндегі меморандум аясында, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мақсатында сынақ алаңдары белгіленіп, инновациялық мектептер желісі қалыптастырыла бастады.

«Инновациялық мектептер» желісін қалыптастырумен қатар, «Олардың қарапайым мектептерден ерекшеліктері қандай болуы қажет?», «Инновациялық мектептерді қалай дамытамыз?» деген сұрақтар Қызылорда облысы білім басқармасы қызметінің негізгі басым бағытына айналды. Қолданыстағы нормативтік құжаттарға мониторинг жасалды. Озат мектептер тәжірибесі, атап айтқанда, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әрбір сыныбындағы оқу көлемі мен мазмұны негізге алынды. Жоспарлы жұмыс негізінде соңғы 3 жыл ішінде 16 орта мектеп “мектеп-лицей” (мектеп-гимназия) статусындағы инновациялық мектепке айналдырылды.

Қазір Қызылорда облысында 46 инновациялық білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Осы мектептер “жетекші мектептер” ретінде айқындалып, оларға 247 “магниттік мектептер” бекітілді. Сонымен қатар, инновациялық білім берудің негізгі миссиялары да айқындалды.

      Олар:

  • Мектеп-лицей, мектеп-гимназиялар қалыптастыру арқылы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі озық тәжірибесін тарату;
  • Лицей, гимназия сыныптарында жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар бағытына сәйкес тереңдетілген бағдарлама бойынша білім беру;
  • Физика, химия, биология, информатика пәндерінің мазмұнын игеруде ағылшын тілін пайдалана отырып игеруге бірте бірте көшу;
  • Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесіндегі тәрбие бағытындағы жобаларды («Шаңырақ» қауымдастығы, «100 кітап», «Туған елге тағзым» жобалары және т.б.) жүзеге асыру;
  • Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін инновациялық мектептер арқылы магниттік мектептерге тарату;
  • Ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімдерін даярлау.

 Миссияны жүзеге асыру мақсатында инновациялық мектептер екі оқу жылы көлемінде әрбір лицей (гимназия) сыныбында ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағаттан оқытылса, 2017-2018 оқу жылынан бастап 6-11 сынып оқушылары терминология пәнін оқуға мүмкіндік алды. 2018-2019 оқу жылынан бастап, аталған 46 мектептің 10-11 сыныптары жаратылыстану-математикалық бағыттағы 1 пәнді ағылшын тілінде оқуда. Сондай-ақ барлық инновациялық мектепте «Робототехника» элективті курсы ендірілді.

2018-2019 оқу жылынан бастап, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 03.09.2018 жылғы №440 бұйрығына сәйкес, аталған 46 мектеп жаратылыстану — математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын, ал 104 мектеп ағылшын тілінде оқыту элементтерін ендіретін пилоттық мектептер ретінде бекітілді. Аталған жұмыстар «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, инновациялық мектептерді дамыту жөніндегі Қызылорда облысының тәжірибесі 2017-2018 жж. республикаға насихатталды.

Облыста педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға да баса мән берілуде. Облыс көлеміндегі 20 мың педагог қызметкердің 16 мың мұғалімі пән мұғалімдері. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты барлығы 11987 мұғалім біліктілігін арттырды. Бұл дегеніміз – пән мұғалімдерінің  75 пайызы.

Орта білім саласындағы менеджерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше басымдық беріліп келеді. Мәселен,  соңғы 3 жылда «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген мектеп басшыларына, мұғалімдеріне арналған деңгейлік бағдарлама курстарында облыстың 127 мектеп директоры біліктілік арттырған. Яғни, 293 мектеп директорының басшыларға арналған біліктілік арттыру курстарынын өткен директорлар үлесі 56 пайыздан 86 пайызға артты. Қазіргі уақытта мектеп директорларының орынбасарлары кезең-кезең бойынша өз біліктілігін арттыруда.

Тереңдетіп оқытуды әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданыстағы оқу бағдарламалары үлгі ретінде алынып, инновациялық мектептердің пайдалануына берілді. Оқушының білім деңгейі мен қабілетіне сәйкес, алынып берілген оқу бағдарламаларын негізге ала отырып, әрбір білім беру ұйымының мүмкіндігіне қарай бейімделген оқу бағдарламалары жасалынды. Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлескен іс-шаралар арнайы жоспар бойынша жүргізілуде.

Сонымен қатар, пәндер бойынша бейімделген және жаңадан жасалған оқу бағдарламалары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен жасалынған меморандум аясында университеттің бейіні бойынша тиісті кафедраларының ғалымдарының қарауына ұсынылып, сараптамадан өткізіліп отырады. Университет тарапынан 25 кафедрадағы 56 бағыт бойынша ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары инновациялық мектептерге ғылыми негізделген әдістемелік көмек көрсетуде, оқушыларға олимпиадалар мен ғылыми жоба жұмыстарға дайындауда, жетекшілік етуде.

Облыстағы инновациялық мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайтылып келеді. Екі жыл көлемінде инновациялық мектептер робототехника, жаңа үлгідегі физика, химия, биология кабинеттерімен толық жабдықталды. Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицей информатика пәнін тереңдетіп оқытатын «ІТ-мектеп-лицейге» айналдырылды.

Бірнеше жыл көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесін де беруде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өткізген “Үздік авторлық бағдарлама” республикалық конкурсына Қызылорда облысынан 6 мұғалім қатысып, 2 мұғалім «жеңімпаз» атанса,  3 мұғалім «Өз ісінің шебері» номинациясымен марапатталды. “Үздік мектеп мұражайы” республикалық конкурсынан Қазалы ауданы №190 мектеп мұражайы жүлделі І орынды иеленді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы Ұлттық баяндамасындағы оқу жетістіктерін сырттай бағалау және Халықаралық зерттеулерідің (PISA, TIMSS, PIRLS)  негізіндегі орта білім беру сапасының индексі көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада төртінші орынға ие болды. Атап айтқанда, Қызылорда облысы республикада 4 сынып оқушылардың оқу сауаттылығының PIRLS-2016 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша 2-орында, 4 сынып оқушыларының ТІМSS-2015  халықаралық зерттеуінің жаратылыстану және математикалық сауаттылығы қорытындысы бойынша 3-орында, 8 сынып оқушыларының ТІМSS-2015  халықаралық зерттеуінің жаратылыстану сауаттылығы бойынша 4-орында,   математикалық сауаттылығы қорытындысы бойынша 1-орында, 15 жастағы оқушылардың РІSА-2015  халықаралық зерттеуінің жаратылыстану және оқу сауаттылығы қорытындысы бойынша 8 және 7-орында болса, математикалық сауаттылығы қорытындысы бойынша 4-орында. Яғни, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді  оқыту өз нәтижесін көрсетіп отыр. Облыстың білім саласындағы аталған жетістіктерді Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін орта білім беру ұйымдарына таратуға талпыныстың жемісі деуге әбден болады.

Осылайша, Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесінде инновациялық білім беру ұйымдары қызметінің бірізділігін сақтау және жұмысының жүйелілігін қамтамасыз ету, оқушылардың тереңдетіп оқытуын, ерте жастан ағылшын тілін меңгеруін, жоғары сыныптарда басқа пәндерді ағылшын тілінде оқытуын қолдау облыстағы білім беру жүйесінің басты мақсаты болып қала бермек.

МАЙРА МЕЛДЕБЕКОВА,

Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы

Рубрики:Все новости

Комментировать

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.