Санаға қозғау салар ізгі қасиеттерге тәрбиелеу хақында

Ғүлама ғалым Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деген екен. Адамзаттың әйгілі перзентінің осы бір тағылымды тұжырымын бүгінде жиі айтылып жүрген рухани жаңғыруға қатысты қолдануға болатын секілді. Неге десеңіз, ғұлама қолданған «ақыл-парасат күші» деген сөздің мәнісі «ой-сана деңгейі» дегенге саяды.
Уақыт талабына сай сананың өзгеруі қажеттігі, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында айқын сезілуде. Жеке бастың қамын күйттеп, бұрынғы қалыппен, томаға-тұйық өмір сүру мүмкін болмай барады. Елге шапағатың тиетіндей қарекет ету қажеттігі туындаған заман туды. Себебі бүгінде жеке адамдар ғана емес, бүтін елдер арасында бәсекелестік рухы сезілуде. Рух демекші, баспасөз беттерінде жиі қолданылатын «рух», «рухани» сөздерінің байыбына бара бермейтініміз анық.Олай болса, алдымен «рух» сөзіне берілген анықтаманы келтірейік. Түсіндірме сөздікте ол, біріншіден, табиғи, материалдық бастамадан өзгеше, затсыз, идеалды бастаманы білдіретін философиялық ұғым деп сипатталса, ауыспалы мағынасында оған «рухани күш-қуат, батылдық» деген анықтама беріліпті. Берілген тұжырым «Рухын көтерді-жігерлендірді, аруақтандырды, Рухы түсті-еңсесі түсті, жүні жығылды» деген мысалдармен дәйектеліпті. Сондай-ақ орфографиялық сөздікте «рух» сөзімен түбірлес рухани, руханият, рухтану, рухтандыру, рухты сынды бірнеше атау берілген екен. Ал түсіндірме сөздікте бұлардың кейбірінен өзге рухтанғыш, рухтандырғыш, рухтас деген сөздердің мағынасына түсінік жазылыпты.
Енді осы сөздер қолданылған бірер сөз тіркесін, сөйлемдер келтірейік. Рухани мұра, рухани нәр, рухани әлем, рухани қазына, рухании түлеу, рухани қажеттілік… «Менің құрдастарым» романында замана рухы қарапайым сөздермен-ақ көркемделіп, бедерлене тоқылған. Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасы балауса шәкірттерге рухани нәр беретін лайықты орнына қойылуға тиіс», «Қоғамда үш тілді оқытқанда балаға алдымен ана тілін меңгерту, ана тілі негізінде ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесін шешу керектігі айтылуда», «Халық өміріне рухани азық болатын өнердің алар орны ерекше»….
Бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатына орай, адами капитал сапасын арттыру, ол үшін рухани тұрғыдан өзгеру, сананы жаңғырту қажеттігі туындап отырғанын тағы да бір қайталап өтелік. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында қойылған 10 міндеттің 7-сі «Адами капитал-жаңғыру негізі» деп аталуы да тегін емес. «Жаңғыру» дегеннің өзі жоқтан барды жасау дегенді білдірмесе керек.Бұрын болғанды, бар нәрсені қайтадан қолға алу,одан әрі дамыту, пайдалану дегенді байқатады. Ал «рухани жаңғыру» адами, рухани құндылықтарымызға оралу, ата-бабаларымыз қалдырған рухани мұраларға жаңа тыныс беріп, жандандыру,жалғастыру, күнделікті игілігімізге жарату, қастерлеу, солардан нәр алу, мәңгілік ету дегенді аңғартса керек. Қысқаша айтқанда, өмірге бейімделе әрекет ету үшін, қөзқарас, сананы, рухани әлеміңді өзгерту деген сөз. Ол үшін не керек, не істеу керек? Бұған жауап ретінде белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың: «Рух өлген тұстан, рухани тәуелділікке телінген сәттен бастап адамзат- ақыл парасаттың дербес шешімінен, ұлт -тәуелсіздігінен, тұлға-дара ойлау жүйесінен, талант-танымнан, адам-ар-ождан бостандығынан айырылады. Ал рух еркіндігінің көрінісі-рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын» деген сөзін келтіріп, өзгеру үшін тағы да Жұртбайдың «Ең бірінші санадағы татты тазарту керек. Сонда ғана ойымыз азат, рухымыз еркін, жанымыз бостандықта болады деп ойлаймын» деген байламына бойлауымыз керек. Көкейдегіні дөп басып, салмақты да салиқалы сөз айта білетін талантты қаламгер бұдан әрі: «Неге сонша марғаумыз? Санамыздың болбыр тартуының белгісі ме?»-деп, күйіне сауал тастайды.Сауалының өзі жауапқа ұқсайды. Сөйте тұра, «Тән дертін дауалауға, жан дертін сейілтуге болады. Бірақ түйсік пен сана саңылауы шалдыққан рухани дерттен арылу қиямет-қайымдық құбылыс сияқты»,-деп, бүгінде, өкінішке қарай, белең алған рухани марғаулықты сейілтудің оңайға түспесін меңзеп отыр.Себебі сана сілкінісі уақытты, ұдайы жүйелі жұмысты қажет етеді. Өкінішке қарай, шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер түгіл, жас ұрпақ тәлімгері делінетін мұғалімдер арасында да жаңалыққа жаны құштар, оқуды қажетсініп отыратындар қатары сирек.Олай дейтінім, өзгесін айтпағанда, ұстаздардың ұстазы саналатын Ы.Алтынсаринге деген қызығушылығы жоқ. Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы-педагог дегеннен ұзап кете алмайды. Заманауи білім беру жүйесі қоғамның рухани жаңғыруының факторы дейтін болсақ, алдымен оқытушының өзгеруі тиістігі дәлелдеуді қажет етпесі анық. Адамгершілікке тәрбиелеу тұрғысында әрбір педагог нақты нендей қарекет жасап, одан қандай нәтижеге жеткендігі турасында есеп беріп отырса, қалай болар еді деген ой да келеді. Бұл ретте тәрбиешілердің өздері тәрбие көздеріне жиірек үңілсе ғой дейсің.Олай болса, санаға қозғау салар құндылықтар бастауында тұрған ұлы тұлғалар тағылымы мен дамыған елдер тәжірибесінің өнеге тұтарлық тұстарынан сабақ алған маңызды болмағын сөз етіп көрелік.
Елбасы Н.Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз,әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» .
Алты алаштың баласы ардақтауы тиіс сол бабаларымыздың бірі, әрине, Ыбырай Алтынсарин екені сөзсіз. Ақыл-парасат күші кемел, ой-санасы замандастарынан озық, жүз, тіпті мың жылда бір туатын азамат дерлік ұлы ағартушымыз сонау ХІХ ғасырда адам санасына сәуле түсіретін күш-білімде екенін түйсініп, туған халқын оқуға, өнер-білім бар жұрттар қатарына қосылуға үндеді емес пе. Ғасырдан астам уақыт өте Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп жазды.Демек,қай кезде болсын, қай елді болсын алға жетелейтін баға жеткісіз құдіретті құндылық-ол білім. Сонау замандағы сірескен сананы сілкінту қаншалықты ауыр, азапты болғанымен, Ыбырай бабамыз білім саласындағы сан салалы қызметке тыңнан түрен салып, жалғыз өзі осы жолда өмірінің соңына дейін арпалысып бақты. Оған маза бермеген өзінің озық ақыл-ойы, туған елге қолдан келгенінше пайда тигізуге деген ерен ұмтылысы еді. Рухы мықты, рухани әлеуеті терең тұлға қойған мақсатына жетіп, тарихта мәңгі қалды. Ұлы ағартушының асыл мұрасына терең бойламай-ақ, оның бүгінгі ұрпақтарының санасын жаңғыртуда өнеге боларлық кейбір қырларына жеңіл шолу жасап көрелік.
20-дан енді ғана асқан жас Ыбырай сөздерін қайталап оқи отырып, оның ынта-жігер, талпынысына, халқы үшін қайткенде пайдалы болуға деген ерен ұмтылысы таңғалдырады.Мәселен, 1962 жылы Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында: «Егер тірі болсам, бар рухани күшімді жинап, «Балалар дүниесінен» бірер мақаланы аударып көремін де, көріп шығу үшін Сізге жіберемін» деген сөзі бар екен. Ыбырайдың әу бастан халықтың ұлы болуға бел буғандығын айғақтайтын сөздерін түрлі жылдары жазылған әр хатынан оқуға болады. Бұған дәлел ретінде бірер сөйлем келтірсек, жеткілікті болар: «Қырғыздардың ескі тарихынан бір нәрселер жинадым, әлі де жинап жүрмін, бұларды бір кезде Сізге жібермекпін. …Қазір қырғыздардың(қазақтардың) әртүрлі әдет-ғұрыптарын зерттеумен көбірек шұғылданып жүрмін», «Олардың адамгершілігіне де ықпал ету үшін, келешекте олардың парақор болып кетпеуі үшін бар күшімді салып, әрекет етудемін, балаларға рухани тарихтан білетінімді айтамын», «Менің жан сала талаптанатын себебім: қайткенмен де пайдалы адам болсам деуші ем, ал енді осы мақсатқа жетіп келемін деген ой мені барлық жағынан да жұбатқандай». «Мектептерде жақсы білім берілетін болсын, …оқушылар ғылымды бойға сіңірсе, затқа деген көзқарасын түзетсе, олар бүкіл халыққа да әсер етеді», «…Мені Қазанда қырғыздарға арналған орыс алфавиті мен оқу құралын жасауға қатысу үшін жібермек болған көрінеді. Егер осылай бола қалса, мен өте бақытты болар ем», «Менде ғылымды сүюшілік және ресми адамдардан тыс қоғамды сүюшілік күшейе түсуде. Қазанға бара қалсам, ізгі адамдардың берген кеңесімен тағы да жағдайларға сәйкес іс істеген болар ем», «…менің білімім өте аз, бірақ егер ешкім ештеңе істемесе, ешнәрсе де істелмейді, сол аз ғана білімімді іске асыруға тырысып жүрмін», «Тәжірибенің өзі барлық ғылымдарға бастама ғой, аз да болса, үйрете береміз және үйрене береміз, сөйтіп, мақсатқа жетеміз», «Орынсыз нәрселер маған жаман ықпал жасап, әсерлі рухымды әлсіретті», «…адамгершілікке керекті нәрді керек етеді», «қоғамдық ұлы істі ұсақ мүдделерден жоғары қою керек»…..осылайша жалғаса береді. Ұлы ағартушы- бабалардан жеткен рухани мұраларды жинастырып, зерделеп, өзі де қазақтың әдеп-ғұрып, салт дәстүрлеріне қатысты еңбектер жазып, әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» оқулығына халық ауыз әдебиетінен әңгімелер енгізгені белгілі. Осының өзінен-ақ Ы.Алтынсарин сынды ұлы тұлға тағылымының жастарға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі маңызы зор екенін көреміз. Бұл тұрғыда өзіме қатысты айтар болсам, Ыбырай бабамыздың асыл мұрасына үнемі оралып отыру кәсіби қызметімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазақ тарихындағы қайталанбас тұлғаға деген құрмет сезімім кейінгілерге ой салсын деген ниетпен ұлы ағартушыға арналған түрлі конференция, байқауларға қатысқандағы, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларымды жинақтап, кітап етіп шығаруды мақсат еттім, осылайша өткен жылы «Ы.Алтынсарин- кәсіптік білімнің негізін салушы» деген атпен шағын еңбегім жарық көрді.
Өнегесіз өсу жоқ. Өнеге көзі болып табылатын құндылықтар тек ұлы тұлғалар мұрасында ғана ғана емес, сондай-ақ озық елдер тәжірибесінде екенінде дау жоқ. Мұның айқын бір айғағы алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалатындығы болса керек. Ал білім берудің тәрбиемен тығыз бірлікте жүргізілуі тиістігі мәлім.
Дамыған елдердің білім беру саласындағы озық тәжірибесін зерттеп, зерделеген аса көрнекті ғалым Асқарбек Құсайынов:«Біз Финляндия, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Канада, Жаңа Зеландия секілді ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамытуды, рухани бай адам тәрбиелеуді бірінші кезекке шығарған елдерді өнеге тұтуымыз керек. Олардың басты мақсаты- адам тәрбиесі, адамға деген қамқорлық»,-деп жазады.
Жапония- өзінің бүкіл тарихы бойына жас ұрпақты тәрбиелеуге зор көңіл бөлген ел. ХІХ ғасырда жария болған «Білім берудің ұлы ұстанымдары» атты жарлықта: «Адамдар алдымен өзінде руханилықты тәрбиелеп, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек, содан кейін өздерінің қабілетіне сәйкес әртүрлі пәндерді игеруіне болады» деп, атап көрсетілген.Осы күнге дейін жапондықтар осы қағидатты ұстанады. Жапон мектебі жапондардың ұлттық рухын таратады, өз тәрбиеленушілеріне адамгершіліктің сәйкес нормаларын қалыптастырады, олардың бойында ұлттық мінез ерекшеліктерін егіп, дамытады.Дәйек. Қазақстандағы салыстырмалы педагогиканың негізін салушы, аса көрнекті ғалым Асқарбек Құсайынов Токиодағы Цукуба университетінің бастауыш мектебінде бір күнін өткізіп, «білім берудегі жапон кереметіне» қанығады. Мәселен, 120 жыл бұрын ашылған мектептің мақсаттары әлі күнге өзгермеген екен, олар: 1) Өзін адам деп түйсіне білетін бала тәрбиелеу,2) мәдениетті жалғастыратын, жасайтын және дамытатын бала тәрбиелеу; 3) өзін Жапония азаматымын деп түйсінетін бала тәрбиелеу; 4) дені сау және белсенді бала тәрбиелеу. Күншығыс елі тұрғындары «Ғалым болғанша, жақсы адам болған дұрыс» деп есептейді екен. Осы орайда орыс ақыны Н.А.Некрасовтың «Ақын болу міндет емес, адам болу- парызың» деген сөзі тілге оралады.Бұдан ғалым, ақын я болмаса өзге де бір мәртебе иесі болмау керек деген түсінік тумаса керек, кім болсаң да, алдымен адамшылығың озық тұруы керек дегенді аңғартса керек.Ал адами болмыстың тәрбиемен қалыптасатыны анық. Тәрбие тәртіпті орнықтырады. Мысалы,дамушы елдерге өнеге ретінде ауызға жиі ілігетін Сингапурда балаларды кішкентай кезінен спортпен айналысуға, еңбекке, тәртіпке, мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелейді. Сингапурда қағазды лақтыра салғаны үшін төленетін айыппұл мөлшері 270 АҚШ долларына сәйкес соманы құрайды екен.
Белгілі қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұхамедханұлы көрші алып ел- Қытайдың ұлт құндылықтарын бірінші орынға қоятынын жазады. Оның айтуынша, «дипломатияда «жұмсақ күш» деген ұғым бар. Қытай дүниежүзіне өз саясатын осы тәсілмен жүргізуді көздейді. Ол дегеніңіз- мәдениет, тіл арқылы Қытайды дәріптеу, қытай мәдениетін қабылдату, менталитетін сіңіру. Қытайдың әлемдегі Конфуций институттары осындай мәдени-рухани қызмет арқылы «ұлы қытай арманын» жүзеге асыруда. Қытайлықтар кез келген білім алушыға өз көзқарастарын, құндылықтарын, өлшемдерін қабылдатып жібереді. Ғалым Н.Мұхамедханұлы бұдан сақтану керектігін ескертеді. Сондай-ақ аталмыш ғалым америкалықтар да қазақстандықтар секілді қырық темірдің қылауынан құралғанымен, оларда америкалық сананың күшті екенін айтады. Мұның мәнісі –ағылшын тілі арқылы жүргізілген ұлттық идеология мен біртұтас тәрбиеде.
Өкінішке қарай, біздің елімізде ұлттық құндылықтарымызға онша мән берілмей келеді. Халық Қаһарманы, нағыз ұлтжанды перзентіміз Бауыржан Момышұлы «Халықтың игі дәстүрі-біздің ең асыл мұрамыз» дей отырып, неден қауіптенетінін былайша жеткізеді: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ. Үйретіп жатқан әже, әке жоқ». Өкінішті-ақ. Енді өкінгенді қойып, алға өрлеуді, ұтылған тұстарымызды бүтіндеуді, ұлттық рухани қазынамызды қастерлеп, жаңғыртуды, әлемдік озық тәжірибенің еліміз үшін ұтымды тұстарымен ұщтастырып,жалпы игілігімізге айналдыруды қолға алғанымыз абзал. Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясының мұраты да осы.
Пиалаш Сүйінкина, Қостанай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий