Педагогтар туралы заң – мұғалімдердің ұстаздық мәртебесінің жоғары болуын қамтамасыз етуі тиіс

Ұстаздың қоғамдағы рөлін айқындап, оның беделін көтеруге, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдауға, бірінші кезекте президенттің өзі бастамашы болуы-білім мен тәрбиенің бүгінгі қоғамдағы соншалықты көкейкесті, маңыздылығын көрсетсе керек.

«Педагог» – қоғамдағы тәрбиемен, білім берумен айналысатын көптеген мамандық иелеріне қатысты. Солардың ішінде адамның іргелі қалыптасып дамуының ең жауапты кезеңде, ұзақ уақыт тікелей  балаға тәрбие білім беретін  педагогтардың ең үлкен тобы-мұғалімдер. Жас ұрпақтың тағдырына, болашағына ұстаздық жауапкершілікте- мұғалімнен басталады.

Мұғалімнің қоғамда атқаратын  қызметі, «мемлекеттік білім беру стандарт талабына сәйкес, сапалы білім беруді қамтамасыз ету; өзіндік кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылдық және жалпы ғылыми деңгейін  ұдайы жетілдіріп отыру» – деп жазылған, «Білім туралы» заңда.

Бүгінгі рухани жаңғыруымызда, «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білімнің салтанат құруында», мектептегі білімнің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, мұғалім мәртебесінің жоғары болуына  кедергі болып отырған кемшіліктер, оның  себептері, жаңа «Педагог мәртебесі» туралы заңда нақтылы көрсетілуі тиіс.

Бүгінгі жалпы білім беруде оқушылардың, тоқсандық жылдық және түлектердің мемлекеттік емтихандарын мұғалімдердің өздері алуында, білім сапасын жасанды  көтеріп бағалау, бұрын болып көрмеген жоғарғы деңгейге жетті.  Өткен жылы  алты мыңнан, биыл жеті мыңнан астам түлек «Алтын белгі» аттесттарына  ие болды.  Ал, олардың көпшілігі жоғары  оқу орнына емтихан тапсыруда керсінше тестілік бақылаудан төмен балл жинады.

Сонымен қатар, білім стандартының орындалуының объективтік өлшем жүйесі –  ҰБТ-ның өзі соңғы жылдары жаппай қолданылатын шпаргалканың,«астында» қалды. Өткен жылы,тестілік сынаққа қатысқан 88583 түлектің 84 мыңнан астамы электрондық қондырғы, қағаз түріндегі шпоргалка қолданған («ЕҚ», 4 шілде 2017ж.) Сонда біздің түлектеріміз ҰБТ-ны толыққа жуық шпоргалка көмегімен тапсырды деген сөз.

ҰБТ-ның білім сапасына қатынасты мәні, объектілігі оның әділ өтуінде.  Сондықтан, заңда: «ҰБТ тікелей Республикалық  тестілеу орталықтарымен байланысты  онлайн жүйесі арқылы өткізу қамтамасыз етілсін» деп жазылуы тиіс.

Тестілік бақылаудағы басты қағида-тәуелсіз, сырттай бақылау. Оның нәтижесінің  жоғары болуына мүделі, қандайда болмасын субъективтік факторлар қатынаспауы керек.  Сонда ғана, тестлік білімді бақылау, бағалау моделі білім стандартының орындалу деңгейінің  объективті  көрсеткіші бола  алады.

Бірақ осы талап орындалмай бүгінге  дейін, біздің елімізде ағарту жүйесі өзін-өзі аттесттациядан өткізіп келеді.  Осы негізде тестлік бақылауда  түлектердің жаппай шпаргалка қолдануына да,  ауылдық жерлерде көптеп тест орталықтарын ашуға да өзіміз мүдделі болдық. Сондықтан,  жаңа заңда:«Қазақстан Республикасы Ұлттық тестілеу орталығы не үкіметтің, не призидент апаратының құзырына берілсін»,- деп жазылуы керек – ақ.  Сонда ҰБТ моделі ҚР Білім және ғылым министрлігіне тәуелсіз, сырттай еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін объективті айқындау мүмкіндігіне  ие  бола алар еді.

«Әлемдік тәжірбиеде, мектеп директорлары әкімшілік, шаруашылық  қызметке емес, педагогтармен жұмыс істеуге көп көңіл бөледі. Директорлар мұғалімдерді дамыту мен қолдауға ықпал ететін тамаша педагог ретінде көріне біліуі тиіс» дейді , белгілі педагог-ғалым А.Құсайынов («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» Алматы -2013,48-бет )

  Бүгінгі біздің жағдайымызда , сонау кеңес заманның бері қалыптасқан түсінік – директор мектептің материалдық техникалық базасына ғана  жауапты, оқушының білім сапасына, тәрбиесіне, жалпы оқушы тағдырына мұғалім жауапты дейтін, көзқарас, әлі де болса берік сақталынып отыр.

  Қолында барлық мүмкіндік , билігі бар басшының, әр мұғалімнің сапалы білім беруіне, әр оқушының сапалы білім алуына барған сайын қолайлы жағдай жасаушы өзінің басты міндетін мұғалімдерге  ысырып салуы, жалпы мектептің жұмыс нәтижесіне кері әсер етіп отыр.

  Сондықтан заңда: «Педагогикалық ұжымды басқаруда мектептің директорының бірінші кезектегі міндеті- мектептегі білім стандартының орындалуын, мұғалімдердің  оқушыларға сапалы білім – тәрбие беруін ұйымдастыруды қамтамасыз ету» ,  деп жазылуы тиіс.

  Сонымен қатар, алда бүгінгі заман талабына сәйкес, мектепті біртұтас педагогикалық жүйе, оның әрбір элементі тәрбие мен білім беруде жоғарғы нәтижиеге жетуге қызмет етуге тиіс деп қарайтын және де оны сондай дәрежеде ұйымдастыра алатын директор- педагог менджменттер даярлау- міндеті койылуы тиіс. Ол да заңда арнайы көрсетілсе.  

  Елбасы биылғы жолдауында «…Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізуді  жүзеге асыру»  міндеттерін күн тәртібіне қойып отыр.

  Әсіресе,  білім адами капиталдың ең басты құндылығына айналып отырған  XXI ғасыр  жағдайында, мұғалімдік мамандықты  таңдаған талапкерлердің білім сапасы жоғары болуы – бүгінгі таңда  ең бір көкейкесті мәселе.Қазір лицей, гимназия, дарынды балалар мектептерінде ғана емес,жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында сабақ беретін сауатты мұғалімдер барған сайын азайып барады. Ал, жоғарғы педагогикалық оқу орындары бырыңғай бакалаврияттық деңгейде мұғалімдерді, азын – аулақ қана магистрлерді даярлайды. Ал, оның өзі барған сайын, сан жағынан да , сапа жағынан да уақыт талабына сай келе бермейтіндігін көрсетіп отыр.

  Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп,  «білім берудің жаңа сапасына» қол жеткізуде, педагогикалық жоғарғы оқу орындарында жаппай арнайы магистрлар дайындау, оларды теориялық , әдістемелік жағынан даярлаудың сапасын жетілдіріп, мемелекеттік деңгейде материалдық жағынан қолдау нағыз бүгінгі күннің талабы.

  Нәсіпқали Дәулетов, педаогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ең үздік мектеп директоры» дипломының екі мәрте иегері.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *