Әлеуметтік жобадағы жолдастық кездесу

Біздің мектеп жатақханасының тәрбие жұмысы оқушылардың жан-жақты тұлға ретінде тәрбиеленуіне ерекше көңіл аударылуда. Облыстық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, байланыстарымыз бекіді.

– Жатақхана мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы байланыстың орнауы біздің жатақхана ішіндегі көшбасшылар кеңесі мүшелерінің бастамасы. Қолдаудан кейін замандастарымызға психологиялық және моральдық көмек беруге кірісіп, бүгінге дейін бес үлкен шара өткізілді. Интернат ата-ана қамқорлығынан тыс қалған 85 замандасымызға тұрақты пана, ортақ үй екендігі даусыз. Басылмайтын сағыныштың жетегінде жүретін осы достарымызды шаттыққа бөлеу мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырдық, – дейді 10 сынып оқушысы Жанұзақ Алпысбаев.

«Мейірім сыйла» әлеуметтік жобасы аясында өткен кезекті кездесу спорттық бәсеке арқылы өрбіді. Зияткерлік мектептің спорт залында ұйымдастырылған шағын футбол мен тоғызқұмалақ ойындары шын мықтыны анықтап қана қойған жоқ. Сонымен бірге жас жеткіншектердің арасындағы достықты одан әрі тереңдете түсті. Тартысқа толы аяқ доп жарысы қонақтардың пайдасына шешіліп, 14:13 есебімен аяқталды.

Тоғызқұмалақта қос команда бойынша төрт қатысушыдан ортаға шығып, бақ сынасты. Футзалдан есе жіберген зияткер оқушылар бұл жолы жеңіске жетті. Осылайша, негізгі есеп тең аяқталып, достықтың мықтылығы дәлелденді. Шара барысында жатақхана тәрбиеленушілерінің қатарынан Дильназ Қапезова патриоттық сарында ән шырқаса, «Аружандар» тобы әсем биімен жиналғандарға шуақ сыйлады.

Бұдан бөлек қонақтар мектеп ғимаратының сынып бөлмелерін аралап, саяхат жасаған соң әсерлерімен бөлісті. Жүздесу соңында жеңімпаздар марапатталып, естелік фотосуретке түсті. Үздік оқушыларға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, аталған іс-шараны ұйымдастыруына белсенді ат салысып, жоғары дәрежеде өтуіне үлестерін қосқан дене шынықтыру мұғалімдері Нұржан Жақсыбаев мен Құдайбергенов Бауыржанға және де “Тоғызқұмалақ” үйірмесінің жетекшісі Оқасов Мұратқа алғысымыз шексіз.

Гүлнар БЕКТҰРОВА,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ
жатақханасының тәрбиешісі,
Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий