Сапалы оқыту мен отбасы құндылығы

Болашақ иесі-жас ұрпақ. Сондықтан олардың сапалы білімі мен саналы тәртібіне байланысты ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктелуде. Әр шәкіртке отбасының орны ерекше.

Ұядай жылы, мейірім мен махаббатқа толы туған үйі, әке-шеше әр шәкіртті қанаттандыру арқылы қолтығынан демейтін отбасы керек-ақ. Бала сол отбасынан жылу алып, білім ұясы мектебіне көңілді келіп, алаңсыз біліммен сусындап, асыға қуанып өз ұясына оралу керек. Ендеше мемлекетіміз отбасы күнін бекер белгілеп отырған жоқ. Біз мемлекет ретінде толыққанды отбасының болғанын қалаймыз. Әрбір оқушының көңілі көтеріңкі, ана мен әке махаббатына шомылып жүргенін қалаймыз.

Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.”Отан отбасынан басталады” деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Әрбір ересек адам өзі бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, оның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек екендіктерін білулері қажет. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз.

Республика көлемінде өткізілген жалпыұлттық ата-аналар жиналысына орай біздің мектепте 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен басқосу өткізілді. Жиналғандар алдында сөз алған білім ордасының басшысы мектептің 2018-2019 оқу жылындағы бірінші тоқсанына сәйкес атқарылған жалы жұмыстарға тоқталса, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амангүл Жалғасбекқызы оқушылардың білім саласында жеткен жетістіктерін баяндады. 9 және 11 сынып бітірушілерінің мемлекеттік емтихандары жайлы директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рима Көшербайқызы түсіндірме жасады.

«Бала өмірінің қауіпсіздігі және ғаламтордың зияны» тақырыбында  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Тлеуберди әңгіме өрбіткен болатын. Кездесуге жалпы саны 120 ата-ана жиналды. Олардың дәрі түгелдей жетпіс  адамдық мәжіліс залына сыймайтындықтан, әр сыныптан 3 ата –ана жалпы жиналысқа қатыстырылды да қалғаны жеке кабинеттерге бөлінді.

А.Тлеубердінің ұйымдастыруымен 4 сынып оқушыларының отбасының қатысуымен отбасы күніне арналған мектепішілік сайыс өткізілді. Байқауға барлығы бес жанұя қатысып, бес кезеңнен тұратын сықтардан өтті. Нәтижесінде тыңғылықты дайындығымен бас жүлдені 4 «В» сыныбындағы Тұралбаевтар отбасы ие болды. Осындай мағыналы сайыстарды алдағы уақытта жиі өткізу жоспарымызда бар.

Бақыткүл ҚҰСАЙЫНОВА,
№164 жалпы білім беретін мектеп директоры,
Алматы қаласы, Алатау ауданы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Loading Likes...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *