Информатика мұғалімдерін жаңаша даярлаудың маңызы

Ресей мен Қазақстан мектептеріне информатика пәнінің енгізілуінің отыз жылдығына орай осыдан төрт жыл бұрын орай белгілі ғалым Есен Бидайбековтың бастамасымен екі мемлекеттегі осы салаға маманданған зерттеуші ғалымдардың бірлесуімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аталып өткені әлі есімізде.

Солтүстік көршіміздің ғалымдары мектептегі оқу үдерісіне информатика пәнін енгізу үшін барын салып, жаңа оқу бағдарламасымен қоса оқулық пен әдістемелік құралдарды әзірлеуге кіріскен кезде осы бағытта ғылыми зерттеулерін белсенді жүргізе бастаған профессор ағамыз отандық білім жүйесіне бұл пәнді тез енгізу қажеттілігін биік мінбелерде дәлелдеумен болды. Ол ресейлік әріптестері тарапынан жинақталған мол мағұлматтарды жеке ізденушілігімен барынша жетілдіру арқылы тұтасымен орысша жазылған оқулықтарды қазақша нұсқада аударма жасап, жаңаша құрастырды. Салалық министрлікке сан мәрте ұсынысын жолдап, белді ғалымдардың арасында пікір талас ұйымдастырды. Нәтижесінде бұл бастамасын көпшілік қолдаған соң, республик аумағындағы мектептердің бағдарламасына информатика пәнін оқыту жүйесі енгізілді. Бұл туралы ресейлік ғалымдар әлі күнге дейін тамсана айтып отырады. «Есен Ықыласұлы – нағыз өз елінің патриоты ғой», – деп жазғаны бар ресейлік танымал ғалым А.Кабанихиннің.

 

Е.Бидайбековпен арада бірнеше жыл ұзаған соң алқалы жиын және бір жүздесудің сәті түсті. Бұл жолғы ғылыми-әдістемелік семинардың тақырыбы «Қазақстан Республикасында ниформатика мұғалімдерін дайындаудың қазіргі жағдайы және болашағы» аталатын. Неліктен бұл мәселе күн тәртібіне қойылып отырғанын арнайы баяндама жасаған профессор ағамыз жиналғандарға былайша түсіндіріп берді: – Біз осы информатиканы мектепке енгізіп, оқытып жатырмыз. Алайда оның мазмұны, оқыту әдістемесі қалай деген сұратарға көптен бері жауап іздеп көрмеппіз. Әсіресе, осы пәннен сабақ беретін педагог кадрлардың біліктілігін жаңа заман талабына артырудың жайын ойландық па? Себебі озық технологияның үдемелі даму қарқыны әр саланың кәсіби маманына үлкен жауапкершіліктер жүктеп, қатаң талаптарымен сынауда. Кешегі жаңалықтар бүгін ескіріп, ертеңіне тіпті басқа қырымен таң қалдырады. Алғашында таңбалы ақпараттарға негізделген информатика ғылымы зерттеушілердің қажырлы еңбегі арқылы қоғамдағы құбылыстармен қатар серпін алғаны ақиқат. Үздіксіз зерттеулер нәтижесінде қазіргі кездің төртінші өнеркәсіптік революциясына ұласып, барлық қозғалысымыздың цифрландырылуына жол ашты. Сондықтан осы ғылымның алғашқы сатысынан бастап жас өрендердің санасына сіңіретін пән мұғалімдерінің бәсекеге қабілеттілігі уақыт көшінен кенже қалмауы керек. Есесіне осы саланың білікті педагог мамандарының жаңа шоғырын дайындауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Ресейдегі жағдай қалай, информатика мұғалімдерінің кезекті буынын әзірлеудегі ақуалы нешік? Олардан үйренетін тағылымды тәжірибелер бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін көрші елден бірнеше ғадымдарды арнайы шықырдық, – деді ұлттық жоғары мектебінің көрнекті қайраткері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Есен Бидайбеков.

 

Семинарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Бектемесов ашып, жиналғандарға ізгі лебізін білдірді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері Айзат Назарбекова мен Нұржамал Беристемова «Қазақстан мектептері үшін информатикадан оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұнын дайындаудың жайын» тақырыбына тоқталды. Бүгінде аталған орталық информатика бағдарламасының жаңартылған  мазмұнын жасап, онымен республика мектептерін қамтамасыз етуде екен.

Мәскеу педагогикалық мемлекттік университеті информатиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Людмила Босова «Мектеп информатикасының мазмұны және Ресей Федерациясында информатиканың болашақ мұғалімдерін даярлау тәжірибесі» туралы баяндамасында мектептегі білімді трансформациялау мәселесі: ертеңгі күннің табысы үшін бүгін нені оқыту керектігін сарапқа салды. Мұнда ең алдымен әмбебап құзыреттілікті дамыту қажет. Осы арқылы базалық инструментальдық сауаттылықты, базалық заманауи білім мен білікті қалыптастыруға болады. Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінде міндетті оқу жоспарлары мен педагогикалық білім беру пәні енгізіліп отыр. Дәстүрлі математикалық тақырыптармен бірге студенттер кеңінен таныс болу үшін бағдарламаға «Алгоритмика элементтері» тарауы қосылған. Бастауыш білім берудегі «Информатика мен ақпараттық технологиялар» пәні бойынша  әдістемелік бағыт-бағдар барынша айқындалған. Білім беру бағдарламасының мазмұнын жаңарту арқылы информатика пәнінің мұғалімдерін даярлауда тиісті нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.

Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, Ресей білім беру академиясының корреспондент-мүшесі Сергей Григорьев информатика мен робототехниканың болашақ мұғалімдерін даярлау жайында сөз қозғады. Шын мәнінде бұл бағытта үлгі боларлық тәжірибелер барына көзіміз жетті. Теориялық және әдістемелік базасы нығая бастаған.  

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы педагогика ғылымдарының кандидаты Нұржамал Ошанова осы оқу орнындағы информатика мұғалімдерін даярлаудың  жайына тоқталды. «Білім-медиа груп» ЖШС атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы онлайн және офлайн жағдайында ұлттық білім тұжырымдамасын қолдау туралы айтты. Ақтөбе аймақтық Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Меруерт Еркешева информатика мамандарын даярлаудағы өзекті мәселелерге және оны шешудің жолдарын зерделесе, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Альмира Ибашова «Информатиканы оқытудың әдістемесі» курсының жаңартылған бағдарламасын жүзеге асыру және оның таяу болашағы туралы әңгімеледі.

Жалпы, біздің елімізде болашақ информатика мұғалімдерін даярлаудың жайы әзірге қанағаттанарлық деңгейде тұр. Алайда ресейлік әріптестердің іс-тәжірибесін және отандық педагогикалық оқу орындарының жақсы бастамаларын біріктіру арқылы білім бағдарламаларының мазмұнын жедел жаңарту, болашақ мұғалімдердің информатика мен робототехникадан білімдерін тереңдетуге қазірден кіріспесек ертең бәрі кеш болатындығын жиналғандар бірауыздан мойындады.

Мырзахан АХМЕТОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен
байланыс бөлімінің басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Loading Likes...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *