Өмірге деген өзгеше көзқарас

Өмірде қандайда бір қиындықтарға қарамастан, сүйікті ісінде жоғары нәтижелерге жетіп жүрген қайсар рухты мүмкіндігі ерекше жастар жетерлік. Дегенмен жанға жігер беретін – уақытылы көмек пен дамыту шаралары. Сондай көмектің бірін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры беріп келеді.

Бүгін Назарбаев орталығында «Жаңа көзқарас» Республикалық фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Онда Теміртау және Шымкент қалаларының жалпы орта білім беру мектептеріндегі арнайы сыныптарда оқитын 20-дан астам баланың 45 жұмысы қойылды.

Шараны Қазақстандағы Франция Елшілі, Нұр-Сұлтан қ. Француз альянсы, Теміртау және Шымкент қалаларының әкімдіктері қолдады.

Мақсат – баланың шығармашылығын дамыту арқылы ортаға бейімделуіне көмектесу, қоғамның тең мүшесі екеніне сендіру. 

Фотокөрме сәуір мен мамыр аралығында Теміртау және Шымкент қалаларында  церебралды параличке шалдыққан балаларға француз фотосуретші Эрик Ваззолердің өткізген шеберлік сағаттарының нәтижесі.  

Эрик Ваззолер үшінші жыл қатарынан ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп келеді. Өзінің 30 жылдық тәжірибесінде бірнеше ел жастарын суретке түсіруге үйреткен. Соның ішінде Қазақстанның,  Францияның, Германияның және Польшаның өскелең ұрпағымен өз білімімен бөлісіп үлгерді.

 

Көрменің ашылу барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Бұндай фотокөрмелерді ұйымдастыру арқылы біздің балаларымыздың ерекшелігі мен көпқырлылығын көрсеткіміз келеді. Олардың бойындағы қасиеттерді ашып, өнер жолындағы дамуына көмектесу керек. Бұл жобаның тағы бір маңызды бөлігі – балалар өнердің жаңа түрімен танысады. Жобаға балалардың елдің түрлі аймақтарынан қатысуы, яғни ерік, ұмтылыс пен табандылық арқасында кез келген салада жетістікке жетуге болады екенін көрсетеді», – деді.

Балалардың суреттерінен тұратын фотокөрме – түрлі саладағы адамдардың образдары мен көңіл-күйінің көрінісімен және өмірдің жарқын сәттерінен тұрады. Оны алғаш болып Қазақстандағы Франция Елшілігінің мәдениет бойынша Атташе Андре Бэльвер, мүмкіндігі шектеулі балалар, оқытушылар, ата-аналар және студент жастар тамашалады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры 2017 жылдан бастап француз фотосуретшісі Эрик Ваззолермен жұмыс істеп келеді. Бұл аралықта ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Теміртау қалаларындағы мүмкіндігі ерекше 50 баланы суретке түсіруге үйретті.

Бірінші Президент – Елбасы
Қорының Баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Loading Likes...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *