Тарихты қалай оқытып жүрміз?

Тарихтың бұрмалануына қалай қарсы тұруға болады? Тарихымыздың тартысты тұстарын балаларға қалай түсіндіреміз? Жалпы, мектепте тарих пәнін қалай оқытып жүрміз? Осындай мүйізі қарағайдай сауалдармен мектептің тарих пәнінің мұғалімі әркез бетпе-бет келеді. Осыған орай, Мәскеу түбіндегі Котельники қаласының тұрғыны, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі Владимир Шуляков «АиФ»-тың тілшісімен (№32, 33, 2018) ой бөлісіпті. Енді сол ой-ұсыныс, көзқарастың ықшамдалған түрімен танысып көрейік, – деп жазады Алматы ақшамы” газеті.

– Оқулықтардағы оқушы­ларға түсінуге ең қиын, күрделі тақырып не деп ойлайсыз? – деген тілші сауалына ол былай деп жауап берді. – Әрине, ХХ мен ХХІ ғасыр­дың бастапқы кезеңі, – дейді ол. – Оқушылар мемле­кеттік емтихан кезінде көбіне осы кезеңдерге байланысты сүрінеді. Бұл реттегі мәселе мұғалімдердің білімсіздігінен не оқушылардың жалқаулы­ғынан туындамайды. Мәселе тақырып төңірегіндегі дау, тартыс жөнінде. Бұл кезеңнің деректері әлі құпия, жабулы күйінде жатыр. Мұрағаттағы тың дерек, құжаттардың жария­лылығы болмағандықтан мұғалім бір тарихи оқиға жөнінде оқушыға ашып айтып бере алмайды. Қызылтанау қылған сондай тақырыптың бірі күні кешегі аты аңызға айналған панфиловшы батыр­лар туралы аймақтық телеар­налардағы мифке негізделген дүдәмал деректер. 28 жыл бойы Ұлы Отан соғысы туралы оқу­шыларыма айтқан әңгімеде панфиловшылардың Отан қор­ғаудағы ерлігін айтудан жалық­қан емеспін. Енді, міне, бір минуттың ішінде БАҚ-тар менің сол әңгімемді ертегіге айналдырып, жоққа шығарды. Демек, ол қиын кезеңде кеңес жауынгерлерінің рухын көтеру үшін ойлап табылған ойдан шығарылған идеология­лық аңыз екен. Бұдан кейін сөз жоқ, оқушылардың жауабы­ның астында қалдым. Зоя Космодемьянская жөнінде де осылай. Менің түсінігімде, тарих мәселесіне келгенде біреудің жеке пікірімен шекте­луге болмайды. Біз оқушыларға тарихи деректерді талқылауға мүмкіндік жасауымыз керек. Қазірдің өзінде Ресей тари­хында шешімін таппаған 20 мәселе бар.

– Ал қазіргі балалар кім­дерді батыр санайды, кумир көреді? – деген сауалға да тартымды жауаптар берілген.Біз таяуда ғана оқушылар арасында осы мәселе жөнінде сұрау жүргіздік. Олардың 26 па­йызы тек ерлік жасаған адам­дарды батыр санайды. Оқушы­лардың 27 пайызы үшін әдеби шығармалардың кейіп­кері батыр, ал 10 пайызы таны­мал адамдар, 7 пайызы жақын адам­дар болып табылады. Бұ­дан бас­қалары жауап беруге қи­налды. Жалпы, батырлық, патриотизм жөніндегі түсінік­терінің қалыптасуына БАҚ, кино, интернеттің ықпалы ере­сен. Көптеген жастар Колчак туралы фильм көрген соң, азамат соғысында одан асқан батыр жоқ деп біледі. Ал енді Махно, Котовкий, Колчак, Тухачевский, Буденныйлар өз бауырларын өлтіруге белсенді қатысқанын қайда қоямыз? Колчак керемет зерттеуші, адмирал болғанымен, өзінің қол қойған бұйрығымен жаза­лаушы операцияны ұйым­дастырған қатыгездігін қайтіп жауып тастайсың? Бұл сонда батыр ма, кім болады? Павлик Морозов жөнінде не айтуға болады? Сондықтан балаларды тарихқа оқытқанда көп мәсе­лелерді ашық айтып, пікіртал­қысына салғанның пайдасы зор. Бұл дұрыс қорытынды жасауға керек.

– Тарихта ерліктер мен батырлардан басқа әр халық­тың өмірінде ұялатын жағ­дайлар да болады. Балаларға осы жөнінде айтуға бола ма?Айту керек деп ойлай­мын, – деді ол. – Әрине, шын­дықтан аттамау керек, ештеңе қосып алуға, сезімге берілмеу керек. Тарихи фактілерді бұр­маламау керек. Мен осыдан 10 жыл бұрын Хатыньда болдым. Сол сапардан соң қатты есең­гіреп жүрдім. Мәселен, балалар жаралы неміс солдаттары үшін донор ретінде пайдаланылған, газ камераларында тұншық­тырылып, аяусыз өлтірілген. Әрине, қанша қатыгездік болса да, бұл жөнінде балаларға түсіндіріп айту керек. Өйткені, баланың бойында адамгер­шілік, гуманистік қасиеттер қалыптастыру үшін мұндай оқиғаларды түсіндіруде мұға­лімге де ерекше қасиеттер керек. Гуманитарлық пәндерді оқытудың өз артықшылықтары бар. Күмәнді деректер төңіре­гінде тартыстар да болып жатады. Көрегендік, білімділік осы кезде керек. Ол үшін мұғалім сауатты болғаны жөн. Демек, тарихты бірыңғай оқы­туға болмайды. Ең бастысы, балалардың өз ойын еркін білдіруге, пікірталасқа баруы­на жағдай жасау керек. Сонда ғана ақиқат толық айтылады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий