Латын әліпбиін енгізудегі игі қадам – сананың ашықтығы

Біз жайбасарлықтан аулақ болуға, жаңалыққа ұмтылуға, аяқ басқан кезеңде өмір сүрудеміз. Осыған орай, саяси реформаларды, экономикалық жаңғыруды қолымызға алып, əлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды алдымызға мақсат еттік. Жыл басындағы Елбасымыздың халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғаны жарияланды.
Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды процесі – рухани жаңғыру мен Қазақстандық прагматизм яғни, өз құндылықтарымызды қайта жандандыруды қолға алдық.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін ұлт құндылықтарының қатарына оның тілі жатады. Ұлттық тіл – адамдардың бір–бірімен қарым–қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге олардың рухани өмірінің басты айқындаушысы да. Адам негізінен қай тілде сөйлесе, сол ұлттың рухымен өмір сүреді. Қабдеш Жұмаділовтің түсіндіруінше, тіл қарым–қатынас құралы ғана емес, “Тіл сол ұлттың тарихы, басып өткен жолы, мінез–құлқы, салт–сана, діл–иманы, бір сөзбен айтқанда жаны деуге болады. Тілді алмастыру – жаныңды алмастырумен бірдей. Дүниеде ана тілінің адамға беретін рахат–ләззатының орнын басқа ешнәрсе толтыра алмайды. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің. Қазақ тілі – шын шебердің қолынан шыққан домбыра тәрізді. Шерте білгенге шанағынан саулаған ағыл–тегіл күй сыйлайды да, ой қонбаған олаққа сыр ұшығын ұстатпайды”. Ал, «Әрбір ұлт – өзінің халқы үшін Ұлы. Халықтың мәңгі ғұмыры – оның тілінде» (Ш.Айтматов).
Сөз тарихы халықтың сол тілді қолданушылар тарихымен ғана емес, оның ой-сана, тарихымен де байланысты. «Ойдың тікелей шындығы» ретіндегі тілдік көрініс ғасырлар бойғы адамның тану, ұғыну, қоршаған ортаны бағалауы сияқты әрекеттерді тұтас бойға жинақтаған құбылыс деуге болады. Тіл – халықтың және оның мәдениетінің, өзін-өзі көрсетуінің мәнді тәсілі. Әр бір тіл өз қалпында бағалы, себебі ол әлемді, дүниені тек өзіне ғана тән қайталанбас тәсілдермен айшықтайды. Жеке адам мен халық тағдыры, олардың адамдық қасиеті туған тіл тағдырынан тыс емес, сонымен тікелей байланысты.
Тілдің қадір-қасиеті жөнінде ХХ ғасырдың басында айтылған Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов және Ғабит Мүсіреповтердің ой-пікірлерін талдап көрелік.
Тілдің адам өміріндегі, һәм ұлт өміріндегі ұстаған орны жайында Мағжан былай дейді: «Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей қор болып қалар еді… Адам тіл арқылы ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар? Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алады деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Қысқасы, адамның толық адам аталуы тілі арқасында»,-дейді Мағжан Жұмабаев. Ол – тіл әрбір адамға осылайша қымбат екендігін, тілінен айрылған ұлттың дүниеде ұлт болып қала алмайтындығын, ондай ұлттың құритындығын, ұлттың ұлт болуы үшін ол ұлттың бірінші шарты – тілі болу керектігін, ұлттың тілі кеми бастауы, сол ұлттың құри бастайтындығын анықтаған. Мағжан ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе болуға тиіс емес дей отырып: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып, қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы»,- деп қазақ тілінің ерекшелігіне, оның орамдылығына, бай тіл екендігіне, сол тілде ұлттың бүкіл болымысы жатқандығына, оның болашағына тоқталады. Тілдің адам өміріндегі орнын, қоғамдағы міндетін ашып көрсетеді:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім
Таза, терең, өткір күшті, кең тілім.
Таралған түрік балаларын баурыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен тілім, – деп қазақ тілінің келешекте төрден орын алатындығына кәміл сенеді
Халықтың түпсіз даналығы, өмірден түйген өнегелері, этикалық қағидалары, эстетикалық талғамы, тәлім-тәрбиесі тілі арқылы сақталып, тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататындығын біз жақсы білеміз. Біздің тіліміздің байлығы мен құнарлылығы кез-келген халықтың тіліндегі шығармалармен салыстырғанда да бұл ерекшелігі анық байқалады. Бұл тіл – ұлы Абай мен Мұхтардың сөйлеген тілі. Ата-баба құндылықтарын сақтап, оларды жете біліп, терең меңгеру, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білу аға ұрпақтың парызы. Даналардың даналығы тілі арқылы жеткізіледі. Сондықтан, ең қымбат байлығымыз – ана тіліміз.
Осыған орай қазіргі таңда қазақ тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтеру мақсатында және тіліміздің әуезділігін сақтау бағытында латын графикасына көшу жұмыстары жүргізілуде.
Латын гарафикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау жөніндегі шешім қабылданды. Елбасының жарлығы да шықты. Бұл үлкен көш, замана көші. Біз сол көштен қалмауымыз керек. Ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз рухани әлеммен, рухани кеңістікпен жақындасуға, әлеммен байланыс орнатуға мүмкіндік аламыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын арттыратын латын әліпбиіне көшу үрдісін белгіленген мерзім аралығында жүйелі түрде жүзеге асыру күллі қоғам алдындағы аса зор мақсат және міндет.
Елбасымыздың алдыға тартып отырған латын әліпбиіне көшу міндеті мен оның қоғамдық дамудағы маңыздылығына орай тиісті мекемелермен қатар барлық деңгейдегі білім беру және қоғамдық ұйымдарында жаппай қолға алынуы қажет. Өйткені, бүгінгі ақпараттық-техникалық қолданыс түрлерінен жан-жақтылықпен, әрі еркін тұтынатын жас буын өкілдері үшін латын әліпбиін меңгеру мәселесінің аса қиындық тудыра қоймасы анық. Сондай-ақ бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу тәжірибесінің елдік тарихымызда бірнеше рет орын алғандығы мәлім. Мысалы, 1926 жылы Қазақстанда араб графикасынан латын әліпбиіне көшу 20 күннің ішінде жүзеге асырылған. 1937 жылға дейін қолданыста болған сол латын әліпбиінен қазіргі кириллица үлгісіндегі әліпбиге көшу 1940 жылы аяқталып, мәресіне жеткен. Осы кезге дейін сол өткен тарихи тәжірибелердің пайдаланатын да, пайдалануға болмайтын тұстары аса мұхият сараланып, талқыланып, нақты ғылыми негізде дәйектелген тұжырымдар жасалынды.
Латын әліпбиіне көшу – тілдік ерекшелігімізді сақтау, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына серпін болатындығы анық. Себебі, бүгінде «ғылым тілі» үлгісінде насихатталып жүрген ағылшын тілі сияқты латын әліпбиінің де төрткүл әлемге ежелден, әрі кең тараған әліпби екендігі белгілі. Осыған орай еліміздегі тіл саласының белді ғалымдары 2025 жылға қарай біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселесін жүзеге асыруда сапалы нәтижелерге қол жеткізуде. Ең алдымен латын әліпбиін меңгерту әдістемесінің озық үлгілерін жасап түрлі ұсыныстарын ортаға салуды қолға алуда. Онда отбасы тәрбиесінен бастап, балабақша, бастауыш және орта, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқыту, қалыптастыру кезеңдері жүйелі түрде қарастырылды.
Қазақтың әліпбиі де қазақтың тағдыры секілді талай қиын қыстау кезеңдерді басынан өткеріп келе жатыр. Бүгінгі қабылдап отырған латын әліпбиі де қазақтың бір тағдырын шешпек. Ол тағдыр – болашақтың тағдыры. Латынға көшу арқылы біз өз санамызды сонау ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап билеп – төстеп келе жатқан, орыс отаршылдығынан айыға бастаймыз. “Көз қорқақ, қол батыр” деген қазақтың жақсы сөзі бар. Өзгенің кемшілігін көзбен көріп қорқып отыра бергеннен, ісімізбен дәлелдеп жұдырықтай жұмылған қол болғанымыз артығырақ. Елбасы халқын, халқы елбасын қолдаса қазақтың алмайтын қамалы, баспайтын тауы қалмайды.
Елбасы айтқандай «Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды»,– деген пікірі біздің болашағымыздың жарқын дамыған елдермен тереземіздің тең болуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар біз қазақастандық прагматизмді дамыту барысында ұлттық санамызды өзгерте отырып, ұлттық салт-дəстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, əдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды бойымызда мəңгі қалдыра отырып, ұлыларымызды дәріптеуге тиіспіз. Абайдың даналығы, Əуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, алаш қайраткерлерінің тұлғалық қасиеттері біздің мінез-құлқымыздағы прагматизмді дамытады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні –біздің рухани мəдениетімізді жаңғыртады.
Өткенсіз болашақ жоқ. Тарихымыз бен әдебиетіміз, мәдениетіміз әлемдік деңгейге көтерілуі үшін өткен әдеби, мәдени құндылықтарымызды екшелеп пайдалана білсек ұтарымыз аз болмас. Себебі, ХХ ғасырдың басында ұлтын сүйген ұлт тұлғаларының да еңбектерінде, істеген қызметтерінде, айтқан сөздерінде Елбасының айтқан қазіргі таңдағы құнды пікірлерімен сабақтасып жатыр. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – әдебиеті мен мәдениеті, рухы мен тілі.
Таяуда «Өрлеу» – Тараз филиалында ЖОО ағартушыларының, тіл мамандары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің, курс тыңдаушыларының қатысуымен латын әліпбиіне көшудің бүгіні мен болашағы туралы мәселеге арналған дөңгелек стол ұйымдастырылды. Облыс педагогтері өз аймақтарында латын әліпбиінің жай-күйі мен оны халық арасында сауатты насихаттау әрекеттерін бастап кетті. Бұл бастамаға ұйытқы болған – сананың ашықтығы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий