Сұлу сөз, көркем ойдың шебері – Қабдеш Жұмаділов

Елбасының болашаққа бағдарланған рухани жаңғыруды көздейтін мақаласында айрықша атап айтылған маңызды мәселелердің бірі – халықтың құндылықтары. Бүгінгі күні ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай, жас ұрпаққа сабақтастықпен жеткізу-басты борышымыз.

Осы орайда қаламын қару еткен жазушыларымыздың орны ерекше. Өйткені қаламгерлер қауымы төл туындыларында қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкере етіп, келелі оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсынады. Танымал тұлғалардың шұрайлы шығармаларын жұртшылық құныға оқиды. Солардың бірі емес бірегейі тәуелсіз елінің намысын ту қып ұстаған халық жазушысы, мемлекеттік сыйлық пен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, «Парасат» орденімен марапатталған Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарының құрметті азаматы Қабдеш Жұмаділов. 

Бүгінгі күні көзі тірі жазушымен жүздесу екінің бірінің бағына бұйыра бермесі анық. Сөз өнерінің қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Әдебиет-ардың ісі. Әдебиет-өмір. Иә өнер жайлы сөз қозғап, сол өнерді жасаушы шебермен бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз пікір алысудің өзі бір ғанибет. Ұстаздық жолымда әрбір шәкіртке кітап оқытуды мақсат етсем, сол мақсатқа жету жолында сол туындыдағы тәлімді тағылымдардың ұл мен қыздың бойында мәңгі жатталып қалудың жолын іздеймін. Оның дәлелі: оқылған шығарманың авторымен кездесу кештерін ұйымдастыру.

Тіл құдіретін сезініп, тарихи шындықты шұрайлы тілімен тербеткен, қазақ әдебиетінде өлшеусіз үлес қосқан дара қаламгермен жүздесу бақыты мектебіміздің 10 жылдық мерейтоймен қатар келуі білім шаңырағының тарихында елеулі орын алды.

Әдеби кешіміздің ашылу салтанатында мектеп басшысы Рима Сабыржанқызы  сөз сөйлеп, мертебелі мейманға ұйымшыл ұстаздар ұжымының атынан шынайы тілектестігін жеткізді. Одан кейінгі кезекте жиналғандардың назарына автордың «Дарабоз» романы бойынша сахналанған шағын қойылым ұсынылды. Жазушы  шығармаларының дені тарихи тақырыпқа  арналған. Арасында шоқтығы биік тұрғаны осы кітабы. Себебі бұл тарихи шығарма. Негізгі сюжет желісіне құрылған бұл көрсетілім аудандық көркемөнерпаздар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

Қалалық байқауға жолдама алған бұл қойылымның қанжығасының  бос қайтпауы мектебіміздің дарынды оқушыларының қабілеті мен ізденістерінің нәтижесі. Қойылымда ел еңсесінң биіктігі, қазақ даласының кеңдігі, болашаққа сенім, өткенге өкініш сынды ұғымдар сипатталды. Найманның Төлегетай руынан тараған Қаракерей Қабанбай ғұмыры, жорықтары мен жүріп өткен жолдары жазушыға бала күнінен етене жақын пейзаж. Кешіміз әрі қарай жазушымен сұхбатқа ұласты.

– Халықтық қаламгері, ұлт жазушысы деген атақтың салмағы қандай, аға? – деген сұрақтан басталған пікірталас еркін әңгіме жазушы өмірі мен шығармаларын кеңінен білуге жол ашты.  

Кешіміздің соңы жазушының ізгі тілегі мен оқушыларға ризашылығымен аяқталды. Осындай рухани ізгіліктерге толы жүздесулерді жиі ұйымдастыру ұлағатты ұстаздың тәжірибелік шеберлігін шыңдай түсетіндігі даусыз.  

Күлшара ШАЙХИНА,
№152 мектеп-гимназияның қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий