Таразда V түркі әлемі туризмінің халықаралық симпозиумы өтіп жатыр

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде V Түркі әлемі туризмінің халықаралық симпозиумы өтуде, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Симпозиумның ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен туристік ұйымдар және жоғары оқу орындарынан барлығы 500-ден аса адам қатысты. Бауырлас халықтардың бай мәдени мұрасын танытатын Түркі әлемі туризмінің халықаралық симпозиумы осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бірінші және төртінші Халықаралық симпозиумды 2015 және 2018 жылдары Түркияның Кастамону университеті үйлестірген еді. Екінші басқосу 2016 жылы Алматы қаласында Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде, ал үшінші жиын 2017 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласындағы «Манас» Қырғыз-Түрік университетінің шаңырағында өткізілді.

– Түркі əлеміне ортақ рухани, тарихи тұлғаларымызды бірлесіп дəріптеу, ортақ əдеби, мəдени кеңістік құрып, ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу, тіліміз мен дініміз бір, рухани-мəдени құндылықтарымыз тамырлас ортақ негізімізді сақтап, оны ары қарай дамыту – маңызды әрі  игілікті іс болып отыр, – деді симпозиум төрағасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков.

Симпозиум мақсаты – түркі әлемінің  туризм мәселелерін шешуге байланысты ғылыми зерттеулер аясында университеттер арасында ынтымақтастықты дамыту.  Кезекті жүздесуге Түркия, Өзбекстан, Ресей, Монғолия, Башқұртстан, Қырғызстан және Қазақстан ғалымдары қатысуда. Бұл симпозиумда туризмді дамытуға байланысты көптеген ғылыми бағыттар бойынша ой-пікірлер айтылды. Халықаралық Түркі əлемі туризмі симпозиумы түркітілдес елдердің мəдениеті мен өнерінің, тілі мен əдебиетінің, сәулеті мен туризмінің дамуына айрықша үлес қосуды көздейді. Бұл – түркі өркениетінің дамуына, дəуірлер жалғастығына алтын арқау болмақ.

Симпозиумның күн тәртібінде талқылау үшін қазіргі заманғы трендтер, туризмнің барлық түрлерін дамытудағы ақпараттық технологиялар, Ұлы Дала мен Жібек жолының құпиялары сияқты тақырыптар таңдалған. Бұл халықаралық маңызы зор жиынға барлығы тоғыз мемлекеттің  20 жоғары оқу орындарының өкілдері арнайы шақырылған болатын.

Симпозиум қатысушылары “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында түркі халықтарының тарихы, өнері мен мәдениетіне байланысты маңызды мәселелерге назар аударды. Сонымен қатар жастар және балалар, жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша жаңа идеяларды тарату “Жастар жылы” шеңберіндегі жобаларды іске асыруға тын серпін беретіндігін байқадық.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Loading Likes...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *