Ғылым онкүндігі

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Сорбонна-Қазақстан» институтында ғылым онкүндігі болып өтті.
Ғылым онкүндігі студенттердің ғылыми жұмысына жол ашып, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеулеріне тың серпін берген айтулы іс-шара болды. Бұл Төртінші өнеркәсіптік революцияның талабы. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды ғылымға кеңінен бейімдеу арқылы еліміздегі индустрияландыру ісін неғұрлым инновацияландыруға, барлық жаңа технологиялық укладтарды пайдалануға артықшылық беретін талантты ғалымдарды қалыптастыруға мүмкіндік туатыны сөзсіз.
Ғылым онкүндігі аясында студенттердің, магистранттар мен докторанттардың алдында отандық және шетелдік профессорлар дәріс оқыды. Әсіресе, Париж университетінің профессорлары Дидро Лалл Порас пен Иоргус Ризопулостың, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының директоры, профессор А.Сатыбалдиннің және университетіміздің басқа да бірқатар профессорларының дәрістері тыңдаушылардың зор қызығушылығын тудырды. Бұл кездесулер экономика ғылымдары дамуының артықшылықтарын терең ашып көрсетуімен, әлем қауымдастығы елдерінің экономикалық тең еместігі себептерін талдауымен ерекшеленді.
Онкүндік барысында «Сорбонна-Қазақстан» институты ғалымдары мен  әдіскерлерінің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің көрмесі болды. Көрме аясында студенттер, магистранттар мен докторанттарымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру – интеллектуалды Қазақстанның болашағы» (2014), «Экономика ғылымдарының өзекті мәселелері: тендецияларды талдау және даму болашағы» (2016), «Жоғары білім және экономиканы модернизациялау» (2017) сияқты жаңа әдебиеттермен танысты. Сонымен қатар «Сорбонна-Қазақстан» институтының профессорлары әзірлеген «Менеджмент» пәні бойынша  ағылшын тіліндегі оқу құралының, доцент С.А.Файзуллинаның салықты есептеу жөніндегі тапсырмалар жиынтығын, доценттер М.АҚанабекова мен Р.Б.Әзбергенованың «Экономикалық теория» оқу құралының, профессор К.Р.Қасенованың «Кәсіпкерлік стратегиялар» және «Әлеуметтік менеджмент» оқу құралдарының таныстырылымы болды.
Ғылыми іс-шара кезінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің болашақ студенттері үшін математика, физика, химия, биология, география, тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінен олимпиада өз мәресіне жетті. Оның жеңімпаздары әртүрлі сыйлықтармен марапатталып, университетке түсу үшін жеңілдіктерге ие болды.
Бұл күндері Алматы қаласының мектеп бітірушілеріне арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Мұнда олар «Сорбонна-Қазақстан» институты мен оның мамандықтары туралы  толық ақпараттар алып, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қабылдау комиссиясының талаптарына енгізілген жаңалықтармен, өзгерістермен танысты. Барлық іс-шара концерттік бағдарламаларға ұласты.
Қорыта айтқанда, ғылым онкүндігі жас ұрпақты ғылыми зерттеу және өнеркәсіптік-технологиялық ортада тығыз топтасуға бастайтын айтулы іс-шара болды. Сондай-ақ ол жастардың ғылымға деген қызығушылығы мен ынта-ықыласын оятқаны сөзсіз.
Борасын Иманбердиев,
Абай атындағы ҚазҰПУ
«Сорбонна-Қазақстан» институтының кафедра меңгерушісі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий