Үш жүзден астам талапкер әскери ұшқыш болуды армандайды

Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтында талапкерлерді қабылдау және іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 300-ден астам ер бала оқуға түсуге өтініш білдірген. Қабылдау комиссиясының айтуынша, әскери білім алуды ниет еткен мектеп түлектері әртүрлі қалалардан, облыстардан келіп жатыр, – деп хабарлайды bilimdinews.kz порталы Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Үміткерлердің қатарында «Жас Ұлан» респубикалық әскери мектебінің және «Арыстан» лицейінің түлектері де бар. Әлішер Мұхаметқали – жас талапкер. Балалық шақтағы арманын орындау үшін әскери оқу орнына түсуге Семей қаласынан келіпті. Болашағымды әскермен байланыстырғым келеді деген Әлішер, іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтемін деп алдына үлкен мақсат қойып отыр. Әскери жоғары оқу орнына, оның ішінде ұшқыш мамандығына түсу кімге де болсын оңайға соқпасы анық. Бұл жерде түлектерге қойылатын талап та жоғары.  Жас талапкерлердің тек білім сапасы ғана емес, сондай-ақ дене дайындығы, денінің саулығы да ескеріледі. Жалпы іріктеу үш кезеңнен тұрады.

Ең алдымен, талапкерлер психологиялық тест тапсырады, содан кейін дене дайындығын анықтап, жіті медициналық комиссия бақылауынан өтеді. Осы жылғы конкурс бойынша бір орынға төрт адам үміткер. Мұндай  көрсеткіш, ең алдымен, сапалы кадрларды дайындауға септігін тигізеді. Себебі, талапкерлер конкурстық іріктеудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өтуі үшін дайындықтарын күшейтеді.

– Біздің мақсатымыз – сапалы білім беру, «жоғары пилотаж» мамандарын дайындап шығару. Біз түлектерді тек іріктеп қана қоймаймыз, олардың ішінен үздіктерін таңдап аламыз» –  дейді әскери институттың ұшқыштарды іріктеу және дайындау жөнінде басшысы полковник Әлім Ибраев.

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты әскери авиация мамандарын дайындайтын Орта Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Майдан, армия және әскери-көлік авиациясының ұшқыш-инженерлері, әуе қозғалысын басқару, әуе кемелерінің навигациясы жөніндегі мамандар, инженерлер – барлығы осы институт қабырғасында білім алып шығады.


Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий