Мұғалім – мектептің тірегі

Мұғалім – басқа сала кәсіптерімен салыстырғанда ең қиын әрі ізгілікті мамандықтардың бірі. Себебі басты міндеті елдің ертеңі саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беруге бағытталған.

Мектептің жаны мен жүрегі – мұғалім. Шәкірттердің бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі ұстаздардың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Артылған ауыр жүкті алып жүру білікті педагогтардың қолынан келетін қастерлі қызмет. Ұстаз өнегесі әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім алып, тәлімімен сусындаған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға барша жұрт құрметпен бас иеді.

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Қазіргі кездегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, елжанды, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші болуы қажет. Пән мұғалімдері оқушыларына бағыт-бағдар сілтейді. Түсіне білмеген адамға бұл жұмыс терең бір тұңғиық теңіздей көрінері хақ. Демек жас ұрпақтың болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, әлемге танылған шақта білім сапасына айрықша көңіл бөлінуде. Өркениетке апаратын даңғыл жол мектептен басталатыны белгілі. Мұғалім  мамандығын барлық кәсіптің анасы атауы тегін емес. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы.

Барша ұстаздар қауымын төл мерекемен шын жүректен құттықтап, мықты дансаулық пен отбасыларына құт береке және толымды табыстар тілейміз!

А.Қарсақбаев атындағы 
№ 41 мектептің ұжымы,
Алатау ауданы, Алматы қаласы



Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий