Инклюзивті оқу: тең мүмкіндікте білім алуға басымдық берілуде

Мен өзімді үнсіздік әлемінің елшісі ретінде сезінемін. Өйткені қоғамда болып жатқан жаңалықтарды құлағы естімейтін жандарға ымдау тілі  арқылы жеткіземін. Ресми түрде айтқанда сурдоаудармашымын.

Әрине қазіргі кезде ым тілінің дәрежесі төмен болғанымен, атқаратын қызметі зор. Сурдоаудармашы естімейтін жанның құлағы мен тілі. Ерекше білімді қажет ететін оқушылармен жұмыс істегеніме жиырма бір жылдан асты. Соңғы бес жыл бедерінде облыстық «Жетісу» телеарнасында сурдоаудармашы қызметін атқарып келемін. Білім мен ақпарат саласында жұмыс істей жүріп осы мақаланы жазуды жөн көрдім.  Өмір зырғып өтіп жатыр. Арнайы мектеп интернатта тәрбиеші бола жүріп, жас болсам да жеке өзімді және жеткіншектерді кез-келген кемсітушіліктен қызғыштай қорғайтынмын. Сол білім ордасын үлкен қазанға теңейтінмін. Яғни буға пісіп, ыстықта қайнадық. Уақыт өткен сайын қоғамның дамуы себепті көзқарастар құбылып, ой өзгереді. Соңғы жылдары «инклюзия» деген сөзді жиі еститін болдық. Отандық білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бір міндеті – инклюзивті оқытуға айрықша мән беру. Баршаға белгілі туа біткен және жүре пайда болған ақаулары бар балалардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарды қалыпты қатар-құрбыларымен бірге оқыту, тәрбиелеу және дамыту басты мақсаты. Олардың қоршаған ортаға тез бейімделіп, толыққанды тұлға ретінде қалыптасуына отбасы мен арнаулы білім беру ұйымдары жауапты. Бүгінгі таңда осы топтың құрамына кіретіндердің жеке таңдауымен еш кедергісіз мамандық меңгеруіне жақсы жағдайлар жасалған. Инклюзивті оқыту – оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс – әрекетіне қатысу құқығын бере отырып, адамдармен қарым – қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуды көздейді. Соңғы жылдары үздіксіз білім алу мақсатында кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарына мүмкіндігі шектелген жастар көп келетіндігін көрудеміз.

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде есту қабілеті бұзылған, зердесінде ақауы бар оқуға ынталы шәкірттердің саны көбейіп келеді. Мемлекеттің қолдауымен мүмкіндікте білім алу бала мен ата – анаға үлкен көмек әрі зор қуаныш. Қазіргі таңда екі-үш дипломмен жұмыс таба алмай жүрген жастар қаншама. Кейін бұл жастар алған мамандығына сай кәсібінің шебері атануы әбден мүмкін. Ең бастысы заманға сай бейімделуді жалғастырады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнер жағынан әр түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, жеңімпаз болуы қалыпты. Ал, ерекше білім алуды қажет ететін жеткіншектер арасында білім бәсекелерінің ұйымдастырылғанын естімеппін. Бірдей құқықта оқу үдерісін сапалы жетістіктерге жетелейтіндігі даусыз. Сонымен қатар мектептің қызықты өміріне белсене араласады. Барлық адам бір-біріне қажет деген қағиданың іске асырылғаны дұрыс. Мен инклюзивті білім беру жүйесіне жеке үлесімді қосып жүрген ұстазбын. Колледжде ерекше білімді қажет ететін студенттердің қолдаушы жетекші қызметін атқарамын. Осы білімгерлердің шынайы бейімделуі барысына қысқаша шолу жасап көрейін. Үкіметтен берілетін жәрдем ақша мен шәкіртақы және тағы да басқа қосымша жеңілдіктер уақтылы төленіп тұрады. Арнаулы оқу орны басшылығы тарапынан оқыту мен тәрбиелеу үшін пән мұғалімдерін арнайы оқыту курсына жолдама ұсынылып, техникалық жабдықтармен жарақтандырылған арнайы кабинет берілді. Мүмкіндігі шектеулі және сау балалар арасындағы кемсітушілікке (дискреминация) жол берілмеуі тұрақты қадағаланады. Және түрлі заңнамалық ақыл кеңестерді айтып, мәселе туындаған жағдайда кедергілерді тез шешудің жолдарын түсіндіреміз. Зерде бұзылыстары бар білім алушылардың мүмкіндіктеріне қарай әзірленген арнайы оқу жоспары бар. «Кәсіпқор холдингі» кәсіптік білім беру орталығының ұйымдастыруымен бінеше тәлімгер біліктілікті жетілдіру курсынан сәтті өтті. Есіту қабілеті бұзылған балаларға сурдоаудармашы, тьютор, шебер ұстаз, әлеуметтік ұстаз қызметі қарастырылған. Оқушыларымыз білім алумен қатар, спорт, сурет өнері бойынша республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қазіргі таңда  ерекше білімді қажет ететін студенттердің колледж кеңістігіне, тәртібіне, оқу процесіне шынайы бейімделуі жүріп жатыр. Жалпы айтқанда ұйымшыл ұстаздар ұжымы білімгерлердің мүмкіндіктерін танып білуді жалғастыруда.

Инклюзивті білім беру идеясын жүйелі жүзеге асыру, педагогикалық тұрғыдан ілгерілеті қиын да күрделі міндет. Дегенмен атқарылған шаралардың тиімділігі мол. Олардың мүмкіндігі шектеулі жандар ретінде әлеуметтік тұрғыдан тек жердем ақы алып қана қоймай, өздерін қоғамға пайдалы еңбекқор кәсіби маман ретінде сезінулері маңызды. Инклюзивті білім берудің негізгі басымдықтарының бірі – адамдарды әдеттегі үйреншікті сана сезім шеңберінен алып шығып, жеке тұлғаның ізгілік қасиеттері мен мәдениеті арқылы өркениетті қарым қатынас жасауға жол сілтейді. Бұл бағыттағы тыным түсінік білім беру жүйесінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әр адамның жеке орнын анықтауға, парасатты пайымдардың орнығуына септігін тигізері анық.

Айгүл Жұмашқызы ОКБАЕВА,
колледждегі инклюзивті топтың
жетекшісі, сурдоаудармашы, Алматы облысы

                                                                

                             

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий