Үкіметтік делегация құрамында Білім және ғылым министрі Атырау облысында болды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Ресми сапар барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне барып, жоғары оқу орны мұражайының, “I SРАСЕ” коворкинг және бизнес инкубатор жобасының жұмысымен, екі компоненттен тұратын, ағылшын тілін үйренуге арналған инновациялық “Еnglish Оnly Space” орталықтарының қызметімен танысты, – деп жазады салалық құрылымның баспасөз қызметі фейсбуктегі парақшасында.

Еліміздің бас педагогы сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесіп, жоғары білім саласындағы жаңашылдықтарды талқылады. Жиынға қатысушылар министрге сұрақтарын қойып, кездесу ашық диалог түрінде жалғасты. 

Сонымен қатар, Асхат Қанатұлы Атырау облысының білім беру қызметкерлерімен кездесті. APEC PetroTechnic колледжінде өткен жиынға 250-ге жуық аудандық, облыстық және қалалық мектептердің директорлары, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, 30-дан астам колледж директорлары, сондай-ақ, білім саласын бақылау департаменті мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамның өкілдері қатысты.


Кездесу барысында сала жетекшісі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын лицензиялау біліктілік бойынша емес, мамандықтар бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Ал, ұстаздар қауымы министрдің дуалды білім беру жүйесін дамытуға аса назар аударуын өтініп, 16-17 жасар студенттерге арналған оқу колледждерін сенімгерлік басқаруға беру процесі туралы сөз қозғады.

Асхат Қанатұлы мұнайлы өлкедегі жұмыс сапары шеңберінде облыс орталығындағы № 40 орта мектебіне барып, оқу орнының жұмысымен танысты. Үкімет мүшелері Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қаласы жұртшылығымен кездесіп, халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Мәдениет үйіндегі отырысқа білім, мәдениет, спорт, бизнес, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері, жалпы саны төрт жүзге жуық адам жиналды.

Халықпен кездесуден соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясында мұғалімдермен кездесіп, одан кейін Атырау мұнай және газ университетінің профессор-оқытушылар құрамымен жиын өткізді. Кездесуде Президент Жолдауының басым міндеттері, сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты мәселелер талқыланды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий