“Ардагерлерлерді ардақтайық!” атты әлеуметтік жоба жалғасын тапты

“Nur Otan” партиясының “Ардагерлерді ардақтайық!” атты әлеуметтік жобасын қолдау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қайырымдылық шара өтті, – деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған игілікті іске Алматы қаласындағы «Қарттар үйіндегі» қариялар келді. Олар үшін «Ұлпан» асханасында арнайы дастархан жайылып, эстрада жұлдыздары мен университеттің студенттік өнер ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды. Басқосуды Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашты. Ол ұрпақтар сабақтастығын сақтауда осы тақілеттес шаралардың маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.

 

– Еліміздің білімі мен ғылымының дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тағы да бір игілікті, жастар үшін тағылымды іске мұрындық болып отыр. Ұлтымыздың ұйытқысына айналған ұлағат ұясында өтіп отырған бүгінгі жиынның мәні де, маңызы да – бөлек. Қазақ – дария кеуде қариясын сыйлаған ұлт. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді біздің халық. Расында да, аға буын – тәлім мен тәрбиенің, ұлылық пен ұстамдылықтың, парасаттылық пен байсалдылықтың символы. Алдыңғы толқын ағаларға ілтипат көрсету біздің буынның міндеті, борышы. Үлкенді сыйлаған ұлтымыздың осы бір ерекшелігін жаңғыртып, студенттерімізге үлгі болсын деген ниетпен Nur Otan партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» атты әлеуметтік жобасына қолдау көрсетіп, игілікті істен шет қалмауды мақсат тұттық. Дана халқымыз айтқандай, қариясы бар жанұя – шынында да, қазыналы, берекелі жанұя. Десе де бүгінде қараусыз қалып, қарттар үйін мекендеген ата-әжелер қарасының артқаны ащы да болсын шындық. Шындықтан қашып құтыла алмайтынымыз тағы бар. Менің ойымша, өмірдің соңы осылай аянышты аяқталмау үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жете мән бере отырып, оларды имандылыққа, адамгершілікке баулу қажет. Тек сонда ғана өз ата-анасын сыртқа тепкен балалар азайып, ибалы, инабатты келіндер көбейер еді, – деді Гаухар Алдамбергенова.

 

Оқу орнының басшысы бұл игілікті істің басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын сақтау, көңіл мен көмекке мұқтаж қарияларға қол ұшын созу екендігін атап өтті. Оның пайымдауынша, студенттерді халқымыздың асыл құндылықтарын әспеттеуге дағдыландыру, оларды үлкенді сыйлай білуге, инабаттылыққа және мейірімділікке тәрбиелеу бүгінде үлкен маңызға ие.

 

– Аяулы апалар! Ардақты ақсақалдар! Бүгінгі басқосу – ең біріншіден, біздер үшін маңызды. Жастар үшін маңызды. Бүгінгі мерекелік жиынды Сіздердің еткен еңбектеріңізге, қылған қызметтеріңізге алғыс деп білгейсіздер, – деп сөзін қорытындылады университет ректоры.

Сонымен қатар жиында «Jas Otan» жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов сөз сөйлеп, қарияларға деген ізгі лебізін білдірді. Жиынның екінші бөлімі «Ардагерлер балына» ұласты. Онда «Томирис» би ансамблінің өнерпаздары қарттармен билеп, Ағайша Исағұлова, Гүлнар Сиқымбаева, Алпысбай Көлбаев сынды мәдениет майталмандары мен «Айгүл» вокалды аспаптар ансамблі әннен шашу шашты.

 

– Соңғы уақытта Қыздар университеті қарттарға көңіл бөліп, олардың әлеуметтік жағдайына жете мән беруде өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Ардагерлерді ардақтау және оларға нақты көмек көрсету мақсатында оқу орнының белсенді студенттері мен университет ұжымының бастамасымен түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Аға буынға деген құрмет һәм олардың алдындағы парыз алдағы уақытта да жалғасын таппақ, – деп атап өтті Қыздар университетінің ресми өкілі – Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Жандар Асан.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий