“Бір тіл, бір халық, бір ел” – апталығының айтары мол

Біздің жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі пәндік бірлестігінің бастамасымен жуырда  “Бір тіл, бір халық, бір ел” тақырыбында апталығы ұйымдастырылды. Іс-шараның жоспары күні бұрын бекітіліп, нақтыланған болатын.

Апталықтың алғашқы сатысы «Достықты сақтаудың жолдары» тақырыбындағы ашық сабақ өткізуден бастау алды. «Мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін – қолдаймыз, ағылшын тілін – үйренеміз»,- деген ұғымды ұстанған оқушылар қауымымен бірге мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Есембек достық тақырыбындағы ашық сабақты жоғарғы деңгейде өткізе білді. Ұлттық құндылықтарымызға, жәдігерлерге ерекше құрмет танытып жүретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Халиса Уразова, Бақыткүл Қабылбекова, Бекзат Баймұратова сынды белді ұстаздарымыз бірлесе отырып, «Отбасылық мереке (салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар)» тақырыбында мәні зор ашық сабақ өткізді.

– Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау, – деп Ж.Руссо айтқандай шәкірттері үшін өзінің алтын уақытын аямайтын ұстаздарымыз апталықтың рухани сандығының кілтін аша білді. Айрықша атап айтатын болсақ білікті ұстаз Гүлжазира Байсұлтанқызы «Қазақстан-тәуелсіз мемлекет» атты тақырыпта ашық сабақ өткізуі арқылы оқушылардың санасын құнды дүниемен толықтырса, Сәуле Қуанышбаева мен Мөлдір Алиева есімді ұстаздарымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын қамти отырып «Абайды оқы, таңырқа!» атауымен оқушылар арасында мәнерлеп оқудан сайыс ұйымдастырды. Бұл байқау барысында шәкірттер ұлы ақынның ерекше қырын жете таныстыруға мүмкіндік алды.

Осылайша, «Бір тіл, бір халық, бір ел» атты апталық өз мәресіне жетіп, көзделген мақсат орындалды. Нәтижесінде өскелең ұрпақтың бойына патриоттық тұрғыдағы рухани ізгіліктерді сіңіруге ерекше мән берілгені даусыз.

Сандуғаш Қырықбайқызы АТАНБАЕВА,
№151 мектебінің қазақ тілі мен әдебиет
пәні мұғалімі, Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий