Ата-ананың тәрбие мектебінен өткен бала болашақта жаман адам болмайды, – атыраулық ардагер ұстаз Баянсұлу Тыныбаева

“Қыз бала – бүгінгі төрдің сәні, ертеңгі босағаның бағы”. Осындай тақырыппен Атыраудағы Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжде танымал тұлғалармен жүздесу ұйымдастырылды, – деп жазады облыстық газеттің сайты. 

“Құрмет” орденінің иегері, ардагер ұстаз Баянсұлу Тыныбаева, отбасылық психолог, коуч тренер Ғайни Тукенова, «Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының басшысы Гүлсім Биташева және журналист Баян Жанұзақова арнайы қонақ ретінде қатысқан шарада қыз бала тәрбиесі, ұлт болашағы тақырыптарында әңгіме өрбіді.

Ардагер ұстаз Баянсұлу Тыныбаеваның пікірінше, баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеу керек. “Әке мен ананың, әже мен атаның тәрбие мектебінен өткен бала болашақта жаман болмайды. Және бала айналасындағы аға-әпкелерінен шын мәнінде үлгі тұтуы керек. Шынайы үлгі, шынайы мектептен алған тәжірибе мәңгілік” – деді ұлағатты ұстаз.

Психолог Ғани Тукенова өмірдегі бумеранг заңы туралы айтты. Жасаған жақсылық та, жамандық та қайта оралады.  “Қыз баланың өмірге келгендегі басты миссиясы отбасын құру. Аяулы жар, бақытты ана, ақжаулықты әже атану. Қандай жағдай болмасын, адам ошағында от жану мәселесіне назар аударуы керек”, – дейді психолог.

«Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының басшысы Гүлсім Биташева және журналист Баян Жанұзақова жұмыс барысындағы тәжірибе, бала тәрбиесіндегі дін мен ділдің маңызы, ер азаматқа құрмет, ұлт алдындағы жауапкершілік тақырыптарында ойларымен бөлісті. Аталмыш оқу орнының «Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Сәлімов ұйымдастырған кездесу кешіне колледж ұжымы және студенттер қатысты.

“Отан – отбасынан басталады” десек, сол бір кіші Отанның ұйытқысы, берекесі болатын әйел адам. Ұлттың дамуы, мемлекеттің өрлеуі де қыздарымызға байланысты. “Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле. Ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөз тегін айтылмаса керек”, – дейді ұйымдастырушы Дәулет Сәлімов.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий