Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығы

Кемеңгер ойшыл, ұлтымыздың тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлға, ақын Абайдың туғанына 175-жылдық мерейлі датаға арналған Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай және 21-ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміздің рухани өміріндегі мәні зор шығарма деп санаймыз. Мемлекет басшысы бұл мақалада Абайдың ел тарихындағы айрықша орнын, ұлттық болмысымызды қалыптастырудағы рөлін айқындап, ұлттың рухани жаңғыру үрдісінің өзегі – ақын мұрасын терең зерделеу екеніне назар аударады. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өз халқының алдына жаңа мақсаттар мен тың талаптар қойып кеткендігі бәрімізге мәлім.

«Қара сөздер» атты философиялық шығармасында, Абай әрбір сөзімен ұлттық сананы қалыптастыруға, ел мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды. Өркениетті елдердің қатарына қосылудың бірден бір жолын білім мен ғылымды игеруден көрді және ел бірлігі ұлт тұтастығының кепілі деп таныды. Осы орайда, мемлекет басшысы өз мақаласында, Абайды рухани өміріміздің темірқазығы ретінде қабылдауға шақырып, мол мұрасының елдің дамуына тигізер пайдасы зор екендігіне аса мән беріп және ақын сөздерінің бүгінгі заманда да көкейкестілігіне жұртшылықтың көңілін аударады.

Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтиды. Сондықтан ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып ұтымды пайдалану қажет, себебі ақын көтерген мәселелер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деп Абай әрбір қазақ баласын өз елінің парасатты және ұлтжанды азаматы болуға шақырды. Кемеңгер ойшыл «атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп, өмірдің мәні мен мақсатын Адам болу деп таныды. Біз жастардың тәрбиесін, ұлтты Абайша сүюден, елдікті, мемлекетті қадірлеуден бастауымыз керек.

Хакім Абай ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазақ халқын білімі мен мәдениеті дамыған елге айналдыруды көздеді. Автор өз мақаласында, Абай мұрасы ұлт санасын қалыптастыруға, жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуға, рухани жаңғыруымызға игі ықпалын тигізеді деп есептейді.  Сонымен қатар, ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту үшін де Абайдың ой-тұжырымдарына зейін қойған абзал деп санайды.

Абай философия тарихында әділетті қоғам орнату идеясын көтерген тұлғалардың бірі саналады. Демек, Абай шығармалары елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін нығайтатын, мемлекетті сыйлаудың, билік жүргізетіндерге қойылатын талап-шарттардың мән-маңызын түсіндіретін темірқазық болуы тиіс. «Бас басына би болған өңшең қиқым, мінеки кетірді ғой елдің сиқын» деп ашына айтқан кемеңгер тұлға, мемлекетті билеу формасының озық үлгісі ретінде меритократиялық құрылымға ерекше мән береді.

Мемлекет басшысы осы мақсатта еліміздегі өзекті деген мәселелерді бірге талқылап, ортақ шешім табу үшін құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жіті қадағалап отыратынын атап айтады. Қазақстанда саяси-әлеуметтік жаңғыру үрдісі де жүріп жатқаны белгілі, дегенмен «сабыр түбі сары алтын» деп өмір сүріп келген халқымыз популистік идеяларға жол бермейтінін, ұлттық мәмілеге келудің тиімділігін, республикадағы көпұлтты демографиялық жағдайды ескеру қажеттігін әр кезеңде дәлелдеп келеді. Даңғазалық пен мақтаншақтық, өзгені қор, өзімізді зор санаудың елге тигізер зиянын Абай өз еңбектерінде жеріне жеткізіп айтып кеткен болатын. «Сөзіне қарап кісіні ал, кісіге қарап сөзін алма” деген ойшыл, жақсы мен жаманды ажыратудың қарапайым амалдарында ұсынып кеткен еді. Расында да әпербақан саясат пен ұлттық эгоизм салдары кез келген елдің дамуына, азаматтық қоғам орнату мүмкіндігіне және мемлекет тұтастығына қатер төндіретін қауіпті үрдіс.

Президент өз мақаласында, еліміздің әрбір азаматын, бүгінгі жаhандану заманында әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуіне ерекше көңіл аударады. Бұл мәселенің шешімін Абайдың» «кемел адам» формуласынан іздеуді ұсынады. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, жастарымызды білімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адам ретінде тәрбиелеу бүгінгі күннің басты мұраты.   Кезінде Абайдың қазақ баласына өсиет еткен «кемел адам» философиялық ұғымын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Абай туралы сөз» атты кітабында тілге тиек еткен болатын. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», – деп жазған еді.

Хакім Абайдың өз шығармаларында ерекше көңіл бөлген мәселелердің бірі махаббат тақырыбы.  Жаратушы мен адам туралы толғана келіп кемеңгер ақын «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар», – деп осы бір адам бойындағы қасиетті сезімнің ерекше маңызын атап айтады. Пендені адам деңгейіне көтеретін рухани күш, «адамшылықтың алды махаббат пен ғаділет сезім» деп тұжырымдайды. Абайдың қара сөздерінің басты миссиясы – адамды ойландыру, ізгі мақсаттарға жетелеу, гуманистік қасиеттерді бойға сіңіру екендігіне көз жеткізе отырып, Қ. Тоқаев, Абайдың осы құнды еңбектерін әлемдік мәдениетте жоғары дәрежеде танытуға шақырады. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абай елі» деп бізді таныса, ілтипат білдіріп жатса деп, ақын мұрасын – бүкіл адамзат баласының рухани азығына айналдыру қажеттігіне баса назар аударады.                                         

Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ардағы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы мойындаған дара тұлғаны қай жағынан әспеттесек те біздің елдік, ұлттық парызымызды орындағанымыз деп білеміз. Осы жыл қазақтың ұлы ойшылының дүние есігін ашқанына 175 жыл толып отыр, айтулы мерекені біздің университет ұжымы да мәдени-ғылыми іс-шаралармен атап өтпекші. Ол дәстүрлі Абай оқуларымен басталып, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен кездесу ұйымдастыру сияқты мән-мағынасы бар, мазмұнды дүниелермен жалғасын таппақшы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс». Абай жырлап өткен бабалар арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Себебі қазіргі заманғы қазақ жастарының бойынан талап пен жігерді, білім мен іскерлікті, ұлттық намыс пен қайсарлықты көреміз. Мемлекет басшысының жарияланған мақаласы тарихи датаны әлемдік деңгейде ақыл-парасатпен атап өтуге бағыт-бағдар беретін, өз сәтінде жарық көрген бағалы еңбек деп санаймыз.                                   

Сәуле Саветқызы САҒЫНТАЕВА, 
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы
энергетика және байланыс университетінің
ректоры, профессор, Алматы қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий