Павлодардағы зияткерлік мектептің оқушысы Жантемір Ақтаев қазақ күресінен алтын медалды иеленді

Қазақ күресі бойынша облыстық чемпионатта Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Ақтаев Жантемір алтын медалді жеңіп алды. Оқушымызды және жаттықтырушы ұстазы Серік Матаевты шын жүректен құттықтаймыз!, – деп хабарлайды осы білім шаңырағының баспасөз қызметі.


Ендігі кезекте балуанымыз 65 килограмм салмақ дәрежесі бойынша ақпанның екінші жұлдызында Маңғыстау облысында ұйымдастырылатын Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады. Жантемір алтыншы жыл қатарынан дзюдомен айналысып келеді. Алғаш рет бұл спорт түріне атасы апарған болатын. Осыған дейін жеткен жетістіктері де аз емес, оның қоржынында барлығы 27 медаль бар. Жас өреніміз медальдарының екеуіне халықаралық жарыста қол жеткізсе, қалғанын қалалық, облыстық және республикалық ашық бәсекеде қанжығасына байлаған.

– Мен әрдайым оқу мен спортты бірге алып жүремін. Және әрқайсысының мен үшін орны ерекше. Осы орайда маған қолдау көрсетіп келе жатқан ата-анам, достарым және жаттықтырушыма зор алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Осы үш күн ішінде екі турнирге қатысып, жеңіс тұғырынан көріне білді. Павлодар қаласында биылғы жылдың алғашқы аптасында ұйымдастырылған ашық республикалық дзюдо турнирінде жүлделі екінші орын жеңіп алса, алдыңғы күні қазақ күресінен алтын медалға қол жеткізді.

– Шынымен де өткен апта жемісті болды. Осындай әрбір спорттық кездесуден мен өзіме мол тәжірибе жинаймын. Мәселен, облыстағы ақтық кезеңде қарсыласым алда келе жатқан болатын. Алайда ойын аяқталуына не бары отыз секунд қалғанда бар күшімді салып, айламды асыруымның нәтижесінде жеңіс тұғырынан көріндім. Осы орайда бауырым Арсеннің жанкүйерлік сөздері бойыма күш бергендей болды, – дейді дарабоз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий