Ақтөбеде ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға арналған арнайы мектеп ашылды

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Азат» оқу орталығының бірлескен бастамасымен «Дәстүр» мектебінің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды, – деп жазады облыстық “АҚТӨБЕ” газетінің сайты. 

Шараның ашылуында ҚХА облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Нұрхан Ағниязов, Аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева құттықтау сөз сөйледі. Аталған мектепте мәнерлеп оқу, қолөнер, шахмат, тоғызқұмалақ, домбыра, ағылшын курсынан үйірмелер жұмыс істейді.

Шара барысында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін көрме қойылып, «Дәстүр» мектебінің музыкалық бағдарламасы ұсынылды. Сондай-ақ республикалық «Алтын оймақ» байқауының жеңімпазы, «Әйгерім бренд» фирмасының директоры, дизайнер Айнагүл Мазинова шеберлік сағатын өткізді.

— Болашақта ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың бала кезінен қабілетін анықтау, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беру — бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі ашылған мектептің негізгі мақсаты — жас ұрпақтың бойына салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сіңіре отырып, олардың өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыру, — дейді Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер үйірмесінің жетекшісі Лаура Қуантайқызы.

«Дәстүр» мектебі Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов көшесі, 67 мекенжайында орналасқан. Үйірмелерге балалар бес жастан бастап қабылданады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий