Все новости

Латын әліпбиі — мемлекеттік тіл тірегі

Мемлекетік тіл – тәуелсіздіктің басты тірегі, ең негізгі өлшемі, рухани тамыры.

.png 2050 жылға дейінгі кезеңде қазақ тілін өркендету және оны толық мемлекеттік деңгейде орнықтыру мәселесі бүгінгі күн тәртібінде тұр. Бұл әрине, болашақта қолданылатын әліпбимен тікелей байланысты кең қанат жаятын аса маңызды және жауапты іс. Тегінде, әліпби (алфавит) – дыбысты таңбалап жазу үшін ойлап шығарылғанын, ал жазу – ойдағыны қағазға түсірудің, сол әліпбиді тұтынған тілді көрсетудің, сақтаудың, оның қолданылу аясын нығайтудың амалы екенін әлем ғалымдары айтып келе жатқаны бәрімізге мәлім. Сол себепті, әліпби мәселесін өркениетке жетудің, рухани-әлеуметтік дамудың жолы ретінде қарастырған орынды.
Тарихқа көз жүгіртсек, тәуелсіздігінен айырылып, Ресей империясының құрамына енген Қазақ елі бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу тәжірибесін екі рет бастан өткерді. 1928 жылдан басталып, 1932 жылы толықтай араб графикасына негізделген төте жазудың –латынға, ал 1940 жылы Кеңестік солақай саясаттың кесірінен латын жазуынан бүгінгі орыс (кирилица) жазуына көшу дәуірін бастан кештік. Әрине Кеңес үкіметінің бұл әрекетінің астарында ұлкен саяси мақсат болған еді, ол түркі халықтарын түп-тамырынан айырып, рухани өзара байланысын үзіп, Одақ көлемінде ашық орыстандыру саясатын жүргізу еді. Әміршіл-әкімшілік Кеңестік жүйе өз отарларын ұстап тұру үшін коммунизм идеясын жамылып әкімшілік айлакерлікпен оңтайлы әдістер қолдана білді.
Кеңес Одағы тараған соң, өз тәуелсіздіктерін алған соң Кирилл жазуынан латын әліпбиіне көшкен Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан т.б. елдердің іс-тәжірибелеріне назар аударып, олардың әліпби ауыстыру үдерісіндегі жетістіктері мен олқылықтары жайлы мол тәжірибе-мәліметтер жиналды. Қазіргі таңда соларды пайдаланып, уақыт ұттырмай осы бастан сөзден іске кіріскен абзал. Жолдаудағы Елбасы белгілеген мерзім ақылға қонымды. 2025 жылға дейін талай іс-шараларды атқарып, жаңа латын қарпіне емін-еркін көшуге болады.
Тағы бір атап айтатын жайт, біздің өткен тарихымыздан қалған төл тәжірибеміз бар. Ана тілімізді түрлеген реформатор-тілтанушы, ұлтымыздың рухани көсемі атанған Ахмет Байтұрсынұлы 1927 жылы әліпби ауыстыру кезеңде мұны тайға таңба басқандай етіп айтып кеткен болатын.
Бүгінгі жаңарған қоғам мүшелерінің, ұлт болашағын ойлаған Қазақстан азаматтарының негізгі бөлігі латын әліпбиіне көшуді қазіргі рухани жаңғырудың негізі деп біледі.
Бұл – әлемнің инновациялық-технологиялық жетістіктеріне ілесудің төте жолы, дүниежүзілік өркениет игіліктеріне қосылудың, еуразиялық кеңістік әлеміне енудің және түбі бір түркі халықтарының мәдени рухани бірігіуінің бірден бір қолайлы тетігі деп білеміз.
Латын әліпбиіне 32 әріп бойынша көшсек, қазақтың таза ұлттық қалпын cақтап қалумен қатар мынадай игі жетістіктерге жетеміз:
1. Қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы: буын үндестік заңы, дыбыс үндестік заңы, еркін үндестік заңы бұзылудан сақталады.
2. Бірінші класстан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 10 әріптен құтыламыз 42 әріптің орнына 32 әріп.
3. Сөйлеу мәдениеті дамып, орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды.
4. Ең басты жетістіктің бірі, латын әліпбиін пайдалану әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуды, компьютерлер мен телекоммуникация құралдарын қолдануды жеңілдетеді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады.
5. Шет елдерде тұрып жатқан миллиондаған қазақ диаспорасы үшін де «латын» әрпіне көшу өмірлік қажеттілік. Отанынан жырақта жүрген қандастарымыздың ана тілін үйренуіне және төл мәдениетінен ажырап қалмай тарихи отанында болып жатқан үрдістерден шет қалмауына қолайлы жағдай туар еді. Тағы бір маңызды фактор, шет елдегі отандастарымыздың Қазақстанға инвестиция және жаңа технологиялар тартып, өз білімдері мен іскерлік тәжірибесін біздің елде пайдалануына мүмкіндік жасап береміз.
6. Осы мәселеде атап өтетін жайт, ол, кезінде метрополия қазақ тілін латын әрпінен кирилицаға ұлтпен санаспай-ақ зорлықпен ауыстырды. Оның астарында екі саяси мақсат жатты, біріншіден қазақ халқын түркі әлемінен бөліп тастау болса, екіншіден отар елді ана тілінен жеделдетіп айырып, орыстандыруды, ұлтты ассимиляцияға ұшыратуды оңтайландыру. Кеңестік одақ шеңберінде көптеген ұлттар мен ұлыстар осы саясаттың құрбаны болып, тілі мен ділінен айырылып қалғанын бәріміз жақсы білеміз.
7. ЕХРО-2017 көрмесі нәтижесінде Қазақ елімен танысқан шетелдік қонақтардың біздің тілімізге және ділімізге деген қызығушылықтары артты. Олай болса, латын әрпін пайдаланатын миллиондаған шетелдіктердің біздің мәдениетімізбен танысуына мүмкіндіктер туады, Қазақ елінде туризмнің дамуына қолайлы жағдай қалыптасады. Әлі де Ресейдің құрамындағы бір ұлт деп қабылдап жүрген шет мемлекеттердің тұрғындарына өз мәдениетімізді жақынырақ таныстыруға жол ашады.
Жалпы әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе − жалпы зиялылық пен әлемдік деңгейдегі білім. Ал бұған бастайтын қадам уақыт оздырмай латын әліпбиіне көшу деп есептейміз.

Қуанышқазы Мухамеджан,
Алматы Энергетика және Байланыс Университетінiң профессоры

Categories: Все новости

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.