Шығыстағы студент жастарға жайлы жағдай жасалмақ

Алдағы үш-төрт жылдың ішінде өңірдегі барлық университеттер мен колледждер жатақханалармен толықтай қамтылмақ. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бағыты – жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар облыста қарқынды іске асырылуда, – деп жазады Шығыс Қазақстан облыстық “ДИДАР” газетінің сайты.

Мәселен, келер жылы өңірдегі жоғары оқу орындарына тегін түсу үшін екі мыңға жуық грант бөлінеді, оған қажет бес миллиард теңге қаражат қарастырылып қойған. Облыс әкімдігінің аппараттық кеңесіндеаймақ басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Әлішер Мархабат шетелдің ортанқол университеттеріне кететін түлектер санын қысқарту және аймақты білікті мамандармен қамту мақсатында жергілікті қазынадан жүйелі түрде қаржы бөлініп келетінін жеткізді.

Соңғы үш жылда мыңнан астам жас жалпы құны үш миллиардқа жуық білім грантын иеленген. Аталмыш қаражат оқытушылардың еңбекақысына, сондай-ақ студенттердің шәкіртақысы мен қоғамдық көліктегі жолақысына жұмсалуда. – Біздің облыс былтыр бюджеттен 400 грант бөліп, осы көрсеткіш бойынша елімізде көш бастады. Гранттар тек өңірдегі университеттерде оқуға ғана емес, сонымен қатар Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде, Мысыр ислам мәдениеті университетінде білім алу үшін де берілуде, – деп атап көрсетті облыс әкімінің орынбасары.

Елбасының алға қойған келесі маңызды міндеті – студенттерді жайлы жатақханалармен қамту. Бүгінде облыстағы жеті университетте 17, 28 колледжде 30 жатақхана бар. Алдағы үш-төрт жылда үш мыңнан астам орынға шақталған тағы сегіз Студенттер үйі салынады. Атап айтсақ, Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ үшін 500 орындық, Семейдегі медицина университетіне мың орындық, сол шаһардағы Шәкәрім университетіне 540 орындық жатақханалардың құрылысын жүргізу көзделуде. Тағы бір атап өтерлігі, алдында жоспарланған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ үшін жатақхана қажеттіліктің жоқтығынан салынбайтын болды. Меншік университеттер мен колледждер бойынша айтсақ, былтыр Өскемендегі ҚАЕУ мен Семейдегі «Қайнар» колледжі әрқайсысы 100 орындық Студенттер үйін пайдалануға берген-ді.

Енді жекеменшік инвестиция есебінен тағы 200 орындық екі жатақхана ашылмақшы – Семейдің инновациялық университеті мен Өскемендегі экономика және қаржы колледжінде. Ал облыстық бюджет қаржысына осы жылы Өскемен медицина колледжі үшін 400 орындық, Өскемен құрылыс колледжі үшін, Семей бизнес және сервис колледжі үшін 200 орындық жатақханалар салынатын болады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қаражатты келесі тоқсаннан бастап бөлуді тапсырып, заманауи құрал-жабдықтармен және техникамен қамтылатын базалық оқу орындарын құру бойынша бірқатар маңызды міндеттер жүктеді.

– Мұндағы мақсат – колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейін барынша көтеру. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие болуы тиіс. Бізге жұмысшы мамандар жетіспейді. Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға білім гранттарын бөлу ісі өзімнің жіті бақылауымда болады, – деп ескертті облыс әкімі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий