Нақты жұмыстар атқарылуда

“Жемқорлық – қоғам дерті. Жемқорлықпен күресеміз, әділ қоғам құрамыз”, – дейміз. Дей тұра сондай фактілердің куәсі бола қалсақ үндемегенді жөн санаймыз. Кішігірім құқық бұзушылықтарды көзге де ілмейміз. Осылайша немқұрайлық танытып, көзді жұма қарағандықтан қоғам құлдырайды, өркениет өспейді. Демек, қол қусырып қарап отыруға әсте болмас, нақты іске көшетін сәт жеткен тәрізді. Иә, осындай мақсатта М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қоғам тежеуіші – жемқорлық фактілерімен күресу үшін нақты жұмыстарды қолға алып, қызу жұмысты бастап кетті, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Университетіміздегі «DEMEÝ» бірыңғай қызмет көрсету орталығы осы қадамның нақты айғағы. Орталықтың негізгі мақсаты – қызмет түрлерін барынша қолжетімді ете отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және әкімшілік кедергілерді жою. Бұл орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді, яғни қандай да бір қызмет түрі қажет болса әр есікті бір сығаламай, осы жерден қажет құжатты алып немесе керекті мәліметпен ақпараттанады. Осы тұста орталықта көрсетілетін қызмет түрлеріне тоқталар болсақ, мұнда «QYZMET_TARSU» – білімгерлерге қызмет көрсету орталығы, университеттің Call-орталығы; студенттерді жұмысқа және университет жатақханаларына орналастыру бойынша, шетелдік азаматтығы бар студенттер үшін кеңес беру және Coworking аймағы орналасқан.

Және келесідей қызмет түрлерін көрсетеді: анықтамалардың барлық түрлерін, кету парағын, транскрипт шығару; қабылдау және ауысу рәсімдерін техникалық қамтамасыздандыру, жатаханалардағы бос орындарды бөлу, босаған грант орындарына байқау ұйымдастыру және жеңілдіктер алуға өтініштер қабылдау. Call-орталығында жоғары оқу орнының академиялық қызметіне байланысты және жалпы университеттің сервистік қызмет түрлері бойынша толық ақпарат бере алатын білікті кеңесші-қызметкерлер жұмыс істейді. Call-орталық үшін арнайы бағдарлама және жеке телефон желісі сатып алынды.

Консалтинг қызметінің бағыттары: жұмысқа орналастыру және мансапты дамыту мәселелері бойынша кеңес беру; шетелдік студенттермен жұмыс істеу. Консультациялар ішкі резервтер есебінен ұйымдастырылады және қабылдау кестесіне сәйкес жүргізіледі. «Coworking-zone» – бұл Wi-Fi аймағы, жарнамалық және түсіндіру буклеттері, қабылдау және ауыстыру кезіндегі кеңес беру аймағы, «Біргеміз», «Жасыл ел», «Студенттік құрылыс жасағы» және т.б. түрлі жобаларда жұмыс істеуге арналған аймақ.

Байқағандарыңыздай, жоғары оқу орнында көрсетілетін бар қызмет түрі қамтылып тұр. Айта кеткен жөн, дәл осы орталық орналасқан технологиялық кешенде адалдық дүкені ашылды. Бүгінде студенттердің игілігіне жұмыс істеп жатыр. Дүкеннің ерекшелігі сатушының болмауында. Яғни, сатып алушы өз керек затын алып, ақысын сонда қалдырады. Бұл дүкенде концелярлық тауарлардан бөлек, жеңіл тағам түрлері де сатылады.

Университетіміздің жемқорлықпен күресудегі басты қадамдарының бірі – студенттердің сессия тапсыру кезіндегі жемқорлық фактілерін жоюда жасалған жұмыстары. Мәселен, «таза сессия», «сапалы күн», «адалдық алаңы» сынды жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жуырда оқу ордамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңейтілген кеңес өткен болатын.

Кеңес төрағасы университет ректоры п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша университет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тіркеу офисінің басшысы Н.П. Чернявская емтихан барысын бақылау мақсатында өткен «Таза сессия» акциясы туралы сөз қозғады. Акцияның басты мақсаты – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, адалдыққа тәрбиелеу. Ал арнайы ашылған «Адалдық алаңы» аудиториясында студент ешбір қадағалаусыз, бақылау камералары орнатылмаған аудиторияда өз білімін дәлелдеу үшін емтихан тапсырады.

Өзінің біліміне сенімді студент ешқандай «шпаргалка» қолданбай-ақ, проктордың қатал қадағалауынсыз-ақ тест тапсырады. «Сапалы күн» акциясына тоқталар болсақ, бұл акция студенттерге екінші мүмкіндік сыйлайды. Түрлі себептермен кей студенттеріміз қандайда бір пәннен балы жетпей төмен баға алып, еңсесі түсіп, емтиханды жазда қайта тапсыруға мәжбүр болады. Енді, ондай студенттер «Сапалы күн» акциясы арқылы қайта емтихан тапсырып, алғашқы қателігін түзете алады.

Айтпақшы, университетіміздің студенттік телестудиясы әр сессия сайын «Сессия күнделігін» жүргізіп, емтихан барысын түсіріп, көпшілік назарына ұсынып келеді. Бұл да бір ашықтықтың айқын айғағы болса керек. Бас ғимаратта маңызды істерді атқарып отырған «Sanaly urpaq» фронт-офисінің жұмысы өз алдына бөлек әңгіме. Десе де, бұл орталықтың да мақсаты адалдық пен ашықтық болғандықтан тоқталып өткеніміз жөн. Офистің жетекшісі – Асқар Қадырқұлов. Бүгінде 30-дан аса жас осы клубтың мүшесі. Негізгі мақсаты университетіміздің әрбір оқытушысымен тығыз жұмыс жасай отырып, адал еңбекпен таза білім беру.

Жемқорлықты ауыздықтауды көздеген тағы бір қадам – «Парасаттылық мектебінің» құрылуы. Жетекшісі заң ғылымдарының кандидаты Құрманбек Сағынбеков. Жуырда ғана алалмыш мектептің алғашқы дәрісі өтті. Дәріске кафедра меңгерушілері, магистранттар, университет қызметкерлері қатысты. Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Төлебаев Равиль Қуанышбайұлы бұл жиында дәрісін оқыды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, барша адамды парасаттылыққа, жоғары саналы азамат болуға үндейтін бұл орта алдағы уақытта біршама тақырыптарда дәріс өткізуді көздеп отыр. Лектор желтоқсан айында құрылған бұл мектеп қоғамға қозғаушы күш боларына сенім білдірді. Иә, қолға алынған іс аз емес. Мақсат біреу ғана, ол – адал жолмен еңбек ету, саналы, әдепті, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Университетімізде бастау алған осынау шаралар өзінің нақты нәтижесін береріне сенім мол.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий