Педагог мәртебесін көтеру – жаңашыл ұстаздарды қалыптастырудың жарқын жолы

Жаңа қабылданған салалық заңнаманың педагог мәртебесін биіктететініне сенімім мол. Мектепте білімді шәкірт тәрбиелейтін білікті ұстаздардың қатары көбеюі тиіс. Себебі, әрбір мұғалімнен үлкен жауапкершілік күтіледі.
Мектеп –өмір, ізгілікке бастайтын,
Білім-темір, мың жылда тот баспайтын.
Жан дүниеңе жиһаз жасап жинайтын,
Ұстаз-ұста, сом темірді жасқайтын. Бір қызығы, осы дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден өсе келе, бүкіл әлемді аузына қарататын дана да, ұлы ойшыл да шығады. Өзіне ақыл толыстырып, білімін шыңдауда ол бір адамға ерекше қарыздар екенін ұмытпайды. Ол кім? Әрине, ол-ұстаз.

Ұстаз – өз білгенін өзгелерге үйретуден еш жалықпайтын,шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, қара мен ақты, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін адал жанашыры, әрі ақылшысы.Жалпы айтқанда, бүгінгі қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы шәкірт тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы тұлға. Ұстаз – пәнді үйретумен ғана шектелмей, шәкірттеріне өмірлеріне дұрыс ақыл кеңес беріп, адамгершілік пен мейірімділікке, имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрысына қоса мінезімен жақсы үлгі-өнегесін көрсеткен.

Оқу, білім, ғылым, мәдениет, әдеп, тәрбие бәрін ұстаздан үйренген шәкірт ұстазды ата-анасынан кем көрмеген. Мұғалімнің ілтипатына бөленбесе, алған ілімнің берекесін көре алмайтындығына сенген. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», – деп Абай айтқандай, тарихта ақылы мен парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұлағатты ұстаздарын аса құрметтеп, әрдайым ерекше ізетпен еске алған. Ескендір Зұлқарнайын-Аристотельді, Абылай хан-Төле биді, Шәкәрім-Абайды, Бердақ-Күнқожаны, Жамбыл- Сүйінбайды өзінше ақылшы әрі ұстаз тұтқан.

Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкем маған жарық өмір сыйласа, ал ұстазымнан сол өмірге қажеттінің бәрін алдым»,-деген болатын.

Шынында, ұстазға құрмет – шәкіртке міндет. Мақсат-мұраты тайға таңба басқандай анық белгіленген ғылым-өз иесі үшін мәңгілік берекет әрі таусылмайтын қазына.Осы асыл қазынаны игертуде бар күш жігерін аямай жұмсайтын ұстазды қадірлей білу – баршаға парыз.
Мектеп-анаң, мейірлене сүйетін,
Саған арнар ақ тілегін, ниетін.
Тек соған іи, мынау көркем тірлікте,
Кезі келсе, өр басыңды иетін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұратыны анық. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ сыйлаған аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген.

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүруге, қиындыққа төтеп бере білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. «Ұстазы мейірлі болса, шәкірті пейілді болар» деген аталы сөздің сөзі ұстаз бен шәкірттің арасындағы сүйіспеншілікті көрсетеді.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі-жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры- ұстаздың қолында» деген ұлағатты сөзінің астарында салмақты ой жатыр емес пе?! Педагог мәртебесін көтеру – жаңашыл педагогты қалыптастырудың жарқын жолы. Себебі, жас ұрпаққа білім беретін әрбір педагог асқан талғампаздықпен, шығармашылықпен, ізденімпаздықпен жұмыс жасаса, одан асқан бақыт бар ма! Мәртебелі мұғалім бейнесін көру, оған талап қою, мектептегі басшы талабының бір формасы болуы тиіс. Сонда ғана педагог мәртебесінің жарқын үлгісін көре аламыз деп ойлаймын.

Жаңашылдық есіледі ісінен,
Педагогтар қай істе де көсілген.
Рухани азық сыйлар ұрпаққа,
Педагогтар жасай берсін ісімен. Жаңашыл педагогты қалыптастырудың бірден-бір алғышарты – ұстаздың жан-жақты жұмыс жасауына толық мүмкіндік беру, шығармашылық және тәжірибе алмасудағы ізденісін бағалау, көтермелеу деп есептеймін. Күнделікті сабағына дайындалуды тек оқулықпен шектемей, өз бетінше тың ізденіске ұмтылу, ғылыми жаңалыққа толы жобалар құруға оқушыны тәрбиелеу, шығармашылыққа баулу жолында талпынған әрбір педагог мектептің беделін көтеріп, өзінің мерейін өсіріп, шәкіртті баулыса, ата-ана өз баласын биік дәрежеден көре алса, одан асқан бақыт бар ма?! Олай болса, педагогтың талмай ізденісі, баланы тәрбиелеу жолындағы сан қырлы әдістері де жаңаша негізде бағытталып, мақсатқа сай болуы тиіс.

«Адамдардың ең жақсысы – басқаларға пайдасы тигені» дегендей ертеңгі өмірдің нұрлы, баянды да бақытты болуын қалаған әрбір пенде ұстазға құрметпен қарауды, оған құрмет көрсетуді өзіне қастерлі борыш деп есептеуі тиіс.

Бағила ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ, 
№81 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің жоғары санатты мұғалімі, ұстаздар
ұжымының жетекшісі, Қызылорда облысының
Арал ауданындағы Қызылжар ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий