ЕҰУ-де шетелдік профессор Джо Гю Юн дәріс оқыды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірлесіп ұйымдастыруымен Халықаралық зияткерлікті дамыту институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Джо Гю Юн «Мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар: ақыл-ой тәрбиесінің мүмкіндіктері» тақырыбында ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы, құрылым басшылары мен білім алушылар алдында дәріс оқыды.

Кездесу барысында Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, академик Дихан Қамзабекұлы және «Әдеп» жобалық кеңсесінің жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Еркебұлан Нұғыманов Джо Гю Юн мен Корея Республикасынан келген делегация мүшелеріне университеттің мониторинг орталығы, «Студенттерге қызмет көрсету орталығы» және «Әдеп» жобалық кеңсесінің жұмысын көрсетті.

“Tomorrow” MIND журналының халықаралық тілшісі Джо Гю Юн, жастардың дұрыс ойлауын тәрбиелейтін, Корея Республикасының Тегу, Аньян, Сеул, Теджон қалаларындағы жергілікті өзін-өзі басқару лауазымды тұлғалары үшін оқытудың инновациялық бағдарламаларын әзірлеушісі болып табылады. Сонымен қатар Корея Республикасы Жастар ұйымдары қауымдастығының жастар көшбасшысының сыйлығы, Корея Республикасы Парламентінің білікті MIND-лекторының сыйлығы секілді бірнеше марапаттары бар. Ал Мемлекеттік қызметшілер мен шенеуніктерге психикалық білім беру жөніндегі бұл тақырып оның авторлық білім беру бағдарламасында кеңінен қарастырылған.

Шетелдік ғалыммен кездесуді Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашып, профессор Джо Гю Юнмен бірге келген IMEI институтының Орталық Азиядағы өкілі, доктор Пак Сонг Су, профессор Джо Гю Юннің техникалық көмекшісі Ан Сунг У, IMEI институтының қызметкері Ким Сун Гу, IMEI орталығының Қырғызстандағы өкілі Джон Дже Ген, IMEI институтының Өзбекстандағы өкілі Джон Мун Ил және оның кеңесшісі Ан Ге Хенді таныстырды.

Сонымен қатар, кездесуге Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім жетекшісі Хайруллин Марат пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Камаладин Жакпаров қатысты. Басқосуда проректор Дихан Қамзабекұлы Елбасы Н.Назарбаев негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тыныс-тіршілігі, бүгінгі басқосуға факультет декандары мен құрылым басшылары және белсенді судуденттер қатысып отырғаны жайлы айта келіп, ЕҰУ Кореяның бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық байланыста екенін, шетелдік ғалымдардың бүгінгі сапары сол қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетінін жеткізді. Сөйтіп, сөз кезегін доктор Джо Гю Юнге берді.

Профессор Джо Гю Юн өзінің ашық дәрісінде бейнефильм арқылы Корей елінің кешегісі мен бүгіні туралы кеңінен әңгімелей келіп, психикалық білім беру арқылы өмір сүру сапасын жақсарту және мемлекеттің ұстанымын белгілеу, ақыл-ойдың жетіспеушілігінен туындайтын проблемалар, ақыл-ойды дұрыс қалыптастыру жүйесі, тәжірибе алмасу, талап пен өзін-өзі бақылау арқылы қарым-қатынасқа деген ынтаны ояту, ойлау қабілетінің маңыздылығы, күштілігі, рух, психика деңгейлері, ішкі мүмкіндікті басқару және тағы басқа да көптеген мәселелерді сөз етті.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий