“Әпке” драмасын семейлік зияткерлер сахналады

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиеленушілері белгілі жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтің «Әпке» драмалық қойылымын сахналады, – деп хабарлайды осы білім шаңырағының баспасөз қызметі.

Жатақханадағы «Лира» әдеби клубы мүшелерінің күшімен көрерменге жол тартқан пьеса шәкірттеріміздің театр саласындағы алғашқы қадамы. Солай бола тұрса да, қойылымды тамашалауға келгендер қарасы аз болған жоқ. Мектеп басшылығы, ұстаздар, оқушылар тіптен ана-аналарымызда келіп, жас өнерпаздардың талпыныстарына шынайы көңілмен қол соқты.

– Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы бүгінгі заман ағысымен ұлттық құндылықтарды жоғалта бастаған, адамгершілік, парыз, борыш ұғымдарын жете түсінбейтін жастардың бейнесін ашып көрсететін шығарма. Осы пьесаны арнайы таңдап алуымыздың да өзіндік себебі бар. Біз осы қойылым арқылы әр оқушымызға отбасындағы тәрбиенің рөлі үлкен екенін, ағайын, туыс, бауыр арасындағы қарым-қатынастың ең құнды дүние екендігін айтқымыз келді. Балалардың мінез-құлқына, қабілетіне қарай шығармадағы рөлдер бөлініп беріліп, қысқа уақыт ішінде дайындық жүргіздік, – дейді «Лира» әдеби клубының жетекшісі, тәрбиеші Мұхамет Жеңісұлы.

Қойылым үшін мектептің акт залының сахнасына тиісінше безендіріліп, жарақтандырылған. Пьесаның басты кейіпкері Қамажай рөлін Дана Ғабділкәрімқызы, Омарды – Тұрар Кәметай, Тимурды (Тим) – Жанұзақ Алпысбаев, Нәзиланы (Наз) – Еркежан Рахымжанова, Гауһарды (Нәзиланың құрбысы) – Даяна Урзаканова, Тимурдың сүйген қызы Кәмиланы (Кама) – Дильназ Қойшыбекова, Сұлтанды (Тимурдың досы) — Арман Түсіпханов, Сұлуханды (Светлана) – Алуа Ильясова, Қабенді — Мерхат Ережепов, көрші әйелді – Амина Айтбаевалар керемет сомдап шықты.

Шиеленісті оқиғадан басталып, сахнадағы оқиғалар желісі өрбіген сайын залдағы көрерменнің де жас әртістермен бір толқында күй кешкені анық. Көрерменін қуанта да, мұңайта да, жылата да білген кейіпкерлердің өнері бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

– Сіздер біздерге ерекше көңіл-күй, сезім сыйладыңыздар. Сахнада ысылып, тәжірибесі толысқан әртістердің өзі бір рөлді бірнеше мәрте ойнау арқылы өнерін ұштай түседі. Азғантай уақыттың ішінде үлкен дүниені алып шығып, тамашалатқан еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Бүгін сіздерді жаңа бір қырларыңыздан танып жатырмыз. Осы залда отырған әрбір адам ғибрат алды деген ойдамын. Енді сіздерден жаңа бір туынды, қойылым күтеміз. Өнерлеріңіз өрге жүзе берсін, -деді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов пьеса соңында. Дарынды балалардың өнеріне тәнті болған ұстаздарымыз драманың мектеп сахнасында қайтара қойылуын сұрауда.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий