Өнер тарландарының әсерлі әңгімесі

Біздің білім ордасының ұйымшыл ұстаздары мен оқушылар әр саланың танымал тұлғаларымен жиі жүздесуді тұрақты дәстүрге айналдырған. Жуырда ұлттық мәдениетке салмақты үлес қосып жүрген бір топ өнер қайраткерлерін құрметті қонақ ретінде мектебімізге шақырған едік.

Ұсынысымызды қабыл алғандардың қатарында сатирик, сценарист, актер Асқар Наймантаев, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теартының әртісі Жанай Тыныбаев пен жасөспірім балалар композиторы Әбдіғани Беков және ақын Мұқағали Мақатаевтың жерлесі Ардақ Үстенов бар. 

«Актер болғым келеді» тақырыбында үйірме мүшелері актерлердің балалық шақтарын бейнелейтін сахналық қойылымды ұсынды. Басты рөлдерді сомдаған оқушылар Бағжан Жазықбай, Мадияр Ибрагимов, Әділет Иманбаев, Ақерке Сәрсембай, Ержан Абу, Анель Нұрсаин және жас маман, бастауыш сынып мұғалімі Іңкәр Таурбаева көрермендердың қошаметіне бөленді.

Асқар Әбдіғалымұлы өнерге келу жолына тоқталып, өскелең ұрпаққа актерлік мамандықтың қыры мен сырына үңілді. Және қандай пәнді жақсы оқу керектігіне қоса түрлі тақырыптарды терең білу жөніндегі ақыл кеңесін ортаға салды. Мұқағали ақынның жерлесі Ардақ Нүсіпқожаұлы жыр жампозының екі поэмасы мен жетпіс өлеңін жатқа білетін зерек зейіні кейінгі буын өкілдеріне үлгі өнеге. Композитор Әбдіғани ағамыз өзі жазған «Сенің көзің» әнін гитарамен шырқаса. 3-сынып оқушысы Талғатұлы Эмиль «Атам, апам» (сөзі А.Наймантаев, әні Ә.Бековтікі) және Әшірхан Нұрай мен Серік Дарина «Анашым» әндерін тамылжыта орындап шықты. Ақниет Толысбаева мен Мақсұт Ерзаданың орындаушылық шеберліктеріне де жиналғандар қол соқты.

Бүгінде көптеген фильмдерде ойнау арқылы жұртқа танылған Жанат Тыныбаев театр әлемінде апаратын сүрлеу соқпақтың мектеп сахнасынан басталғанын әңгімелеп, баланың бойында бар дарын мен талантты ұштай білген ұстаздар қауымына алғысын айтты. «Іңкәр жүрек», «Ғашық жүрек», «Томирис» сияқты киноларында сомдаған бейнелеріне байланысты оқушылардың сұрақтарына нақты жауап беріп, өрендердің ынталы талпыныстарына сәттілік тіледі.

Мектептің сахналық қойылымындағы шығармашылық ізденістің нәтижелі болуына қомақты үлес қосқан «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарының ұланбасы Бағжан Бейсебайұлының белсенділігін айрықша атап айтқанымыз абзал. Ұмытылмас кештің ұйымдастырылуына бастамашылдық танытып, іске асырылуын үйлестірген қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлян Жанбосынқызына қорытынды сәтте мектеп директоры Бахыткүл Құсайынова саналы ғұмырының қырық жылын білім саласына арнаған тәжірибелі тәлімгерге ізгі лебізін жеткізіп, құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табыстады.

Ақмарал ТІЛЕУБЕРДІ,
№164 жалпы білім беретін мектептің биология
пәні мұғалімі, Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий