Атырау аймағының ұлағатты ұстаздары ұлықталды

Қай заманда да мұғалімдердің беделі биік болғаны баршамызға белгілі. Себебі барша адам тәжірибелі тәлімгердің тағылымымен баянды болашағына беттейді. Алдыңғы аға өкілдерінің көбі педагогтердің парасаттылығына еліктеп, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мәртебелі мамандықты таңдадық.

Саналы ғұмырымның қырық жылын жас өрендерге сапалы білім беріп, саналы тәрби сіңіретін қажырлы қызметке арнаған мен үшін таңдаған мамандығымды жоғары жауапкершілікті талап ететін қиындығы мен қызығы мол, абыройлы кәсіп ретінде биік бағалаймын. Алайда осы ізгілікті істе мыңдаған шәкірттердің жүрегіне жол тауып, биік белестерді бағындыру кез-келгеннің қолынан келмейтіні хақ.

Ең алдымен тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденіс қажет. Оқушылардың қарымды қабілеті мен бейім бағытын байыптау арқылы жетістіктерге жетелген ұлағатты ұстаз көздеген мақсатына қол жеткізе алады. Білімі мен білігі мықты майталман маманды оқушылары мен ата-аналар да еш ұмытпақ емес. Айтылғандардың айқын дәлелі өмірдің өзімен өрілген. Жақында қолымызға тиген «Ұстаздан қалған ұлағат» аталатын құнды кітапқа енген отыздан астам мақалалар мен эссе, очерктердің кейіпкерлері тарихта қалатын танымал тұлғалар. Бұл жинақты құрастырып, жеткілікті тиражбен баспадан шығарылуына қажетті қолдау көрсеткен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының ұйымдастырушылық белсенділігіне айтар алғысымыз шексіз. Аймақтағы іргелі ұжымды іскер азамат басқарғалы бері көптің көкейіндегі маңызды мәселелер шешімін тауып, батыл бастамалар арқылы жаңғыру жолына бет бұрғанына көпшілік куә.

Құрманғазы ауданында былтыр мұғалімдер мерекесі мен кәсіподақтар күніне орай ардагер ұстаздардың қатысуымен «Еңбегі елге мәлім ұлы тұлғалар» атты үлкен шара ұйымдастырылып, қоғамдық ұйымның атынан құрмет көрсетілгеніне қуандық. «Дипломен – ауылға» жобасына сәйкес облыс орталығында еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандармен «Жас келсе – іске» тақырыбындағы кездесу кеші, «Ұстаз – мектеп жүрегі», «Мәңгілік ел тірегі» атты аймақтық ақындар айтысы ұтымды ұйымдастырылды. Енді міне мұнайлы өлкенің жас ұстаздары арасында үздік шығармалар байқауының қорытындысында үздік танылған шығармалар жинақталып, ойлы оқырмандардың назарына ұсынылуда.

Авторлар ұлағатты ұстаздарының құнды қасиеттеріне қоса бітім болмысын, өнегелі өміріне мен шыңдалу шеберлігін, ыстық ықыласын сөзбен суреттеген. Тағанқожа Өтегенов, Сұлташ Мажитов, Иса Қараменов, Қажеден Батырбаев, Настя Ғұмарова, Софья Айтмаганбетова сынды озық оқытушылардың ғибратты ғұмыры кейінгі буын өкілдеріне үздік үлгі. Ұстаз деген ардақты атты абыроймен ақтап, шәкірттерінің сый-құрметіне бөленіп жүрген жаңа толқын әріптестердің қатары қалыңдап келеді. Қазіргі кезде мәртебелі мамандық иелерінің ішкі жан дүниесін зерттеу арқылы терең тебіреніспен жазылатын сыршыл суреттемелердің саны азайған. «Ұстаздан қалған ұлағат» кітабы қолына қалам ұстаған журналистер қауымының осы олқылығының орнын толықтырып тұрғандай. Сондықтан мақала авторларына шығармашылық табыс тілеп, атыраулық ұстаздар қауымының атынан шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді

«Педагог мәртебесі» туралы арнайы заңды қабылдап, білім мен ғылым саласын ілгері дамытудың бес жылдың бағдарламасын бекіту арқылы қаржылық қолдау мен қамқорлық көмек көрсеткен мемлекеттің сындарлы саясатына сай барша отандық педагогтер зор жауапкершілікті терең түсініп, мерейлі міндеттерін адыл әрі абыроймен атқаруға жұмылатындығына сенеміз.

Қашан да еңбек адамдарының қадірін арттыруды күн тәртібінен түсірмей, құқығын қорғаумен бірге азаматтық парызын орындаулары үшін жайлы жағдайлар жасауға ұмтылатын салалық кәсіподақ ұйымының республикалық деңгейдегі, облыс пен аудан көлеміндегі білікті басшылардфң батыл бастамаларды ілкімділікпен іске асаратындығына сенеміз және тиісті үлесімізді қосуға дайынбыз.

Нұрлығайн НҰҒМАНОВ,
ардагер ұстаз, Атырау облысы,
Құрманғазы ауданы

                      

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий