Алматы энергетика институтының түлегі, жылу электр орталығының басқарушы директоры Исахан Сырғабаевпен студенттер кездесті

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Жылутехника және жылуэнергетика институтымен бірлесіп, «Парасат» зияткерлік студенттік клубының ұйымдастыруымен Алматы энергетика институтының түлегі, АҚ “АлЭС” 1 жылу электр орталығының басқарушы директоры Исахан Сырғабаевпен кездесу ұйымдастырылды.

Жылу энергетика мамандығы студенттерімен болған ашық сұхбатты әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Кабдушев жүргізіп отырды. Биыл энергетик мамандарын даярлайтын қара шаңырақтың құрылғанына 45 жыл толуына орай өтіп отырған кештің мақсаты – мамандық бойынша елімізге еңбегімен танылған немесе бизнесте толағай табыстарға жеткен әйгілі түлектерімізді оқу орны студенттерімен жүздестіре отырып, танымдық-тағылымдық тәрбиені қалыптастыру болып табылады.

Кешке университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры С.Махмутов, жылутехника және жылуэнергетика институтының директоры Балжан Төрепашқызы, Қамқоршылар Кеңесінің хатшысы Ғ.Смағұлова университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты. Кеш жүргізушісі Болат Кабдушев атаулы оқу орнының 1975 жылы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультеті негізінде құрылғанын тарихи деректерді келтіре отырып, оның ашылуы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевтің, Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімов, Орта және арнаулы оқу министрі Катаев сияқты елдің болашағын ойлаған мемлекет қайраткерлерінің қамқорлығы арқасында жүзеге асқандығын баяндап берді.

Энергетика институтының бірінші ректоры А.Болотов: – Дінмұхаммед Ахметұлы өзіне арнайы шақыртып, жаңа институт ашпақпыз, бұл салада жалғыз маман сен, сондықтан ректор боласың, барлық мүмкіндікті жасаймыз деп міндет жүктеуі менің өмірімдегі ғылыми жұмыспен айналысумен қатар одақтағы үшінші оқу орнын ашу бақыты бұйырды, – деген естеліктерін студенттер ерекше ықыласпен тыңдады.

Кешегі энергетика институтының түлегі, бүгін үлкен қызметтің иесі алдарыңда,- деп сөз кезегін қонағымызға берді. Исахан Ахтанұлы студенттік жылдарын сағынышпен еске алып, университет басшылығының құрметтеп шақырғанына алғыс білдірді. Жоғары білім алу әр жастың арманы, бізді жетелеген мақсат елге қызмет жасайтын абыройлы азамат болу. Кешегі «кеңес дәуірі» саналғанмен оқу оңай еместұғын. Ол кезде оқитын студенттер өмірдің тәжірибесінен өтіп, шыңдалып келетін. Сондықтан болар, мамандыққа шынайы берілу, төменнен жоғарыға дейін баспалдақтың бәрін өту қажет болды.

1983 жылы АЭИ-тын бітірген соң Алматы қаласының 2-ЖЭО-да қазандық цехының слесарі болып еңбек жолын бастап, ұзақ жылдық тәжірибенің арқасында 2007 жылға дейін 2-ЖЭО АПК бас инженеріне дейін өскенін, Алматы қаласының қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуде қиын шешімдер қабылдаған сын кезеңдері туралы әңгімелерін айтты. Сол еңбегі бағаланып, бүгінгі таңда Исахан Ақтанұлы оңтүстік астананың өміртіршілігін қамтамасыз етуші маңызды мекемесі Алматы қаласындағы 1-ші жылу электр орталығының басқарушы директоры міндетін абыроймен атқарып келеді.

Студенттер өздерін қызықтырған тақырыптарға орай сауалдар қойып, жан-жақты жауаптарын алды. «Жақсы маман болып шығудың, сіздің ойыңызша, қарапайым алгоритімі қандай», «еңбек жолын неден бастаған жөн», «біздің алған біліміміз, өндіріс сұранысына сәйкес алда қандай талаптар күтіп тұр», – деген Сәрсенбаев Бақыт, Әуелбек Дарын, Сұлтанбек Диас, Ералиев Медет сынды жастар қонағымызға ой салатын сұрақтар қойды.

– Біздің түлегіміз өзі оқыған оқу орнымен байланысын үзбей, студенттерімізді тәжірибеден өткізуге, оларды жұмысқа орналастыру және университетімізге демеушілік жасаушы Исахан Ақтанұлының өнегесі сіздерге үлгі болу тиіс, – деп сөз алған проректор С.Махмутов, түлегіміздің қызмет жолындағы жетістіктеріне талдау жасай отырып, бүгінгі қаланы жылумен қаматамасыз ету қызметінің жауапкершілігін айтты.

ЖЭЖТ институтының директоры Балжан Төрепашқызы тәжірибелік ұстазына құрметі мен ыстық ықыласын білдірді: -Университетімізге келіп, студенттермен кездесіп отырғаныңызға қуаныштымыз. Бұл жастар үшін үлкен сабақ. Таңдаған мамандығы төңірегінде толғаған ой-тәжірибеңізден жастар өмірлеріне үлкен рухани азық алады, – деп қонағымызға университеттің естелік сыйлықтарын тарту етті. Оқу ордасындағы студенттері де қонағымыздың мамандықты сүю, табысқа жетудің жолы туралы құнды кеңестеріне ризашылығын жеткізді.

– Бүгін менің өмірімде есте қаларлықтай күн болды. университеттің басшыларына, осы кешті ұйымдастырушыларға мың алғыс айтамын. Мен үшін өзім оқыған қара шаңыраққа келу, студенттермен сырлы-сұхбат құру, қауышу, үлкен бақыт, – деді кешегі түлегіміз, Алматы қаласындағы 1-ші жылу электр орталығының басқарушы директоры Сырғабаев Исахан. Қонағымыз жастардың болашағына ізгі тілектерін айта отырып, толғандыратын сұрақтар қойған студенттерге силықтар тарту етті. Кеш соңында өнерлі студенттер жиналған қауымды дәстүрлі әнмен сусындатып, риза болып тарасты.

Болат КАБДУШЕВ,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика
және байланыс университетінің әлеуметтік
пәндер кафедрасының меңгерушісі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий