Г. Алдамбергенова: Педагогикалық практика – болашақ маманның біліктілігін шыңдайды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова педагогикалық практикадан өтіп жатқан 3 және 4 курс студенттерімен кездесіп, тәжірибе базаларында болды.

Сапар аясында оқу орнының басшысы №124 жалпы білім беретін мектеп пен №147 гимназияның директорларымен өзара келіссөз жүргізді. Білім ұясының жетекшілері өз кезегінде болашақ педагог мамандар үшін практиканың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, олар бұл тарапта жасалып жатқан жұмыстар жайында әңгімелеп, студенттермен тұрақты түрде сұхбат жүргізетінін атап өтті.

– Педагогикалық практиканың негізгі міндеті – болашақ мұғалім мамандарын өз саласын терең меңгертуге ықпал ету. Сіздер тәжірибе барысында оқушы мен ұстаз арасындағы байланысты жете сезіне білулеріңіз керек. Сондай-ақ практика мектепте жүру мәдениеті мен оқушымен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін үйретеді, – деді Гаухар Алдамбергенова студенттермен кездесуде.

Айта кетейік, бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің білімгерлері педагогикалық практикадан Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы мектептерде өтуде. Бұл бастама оқу орны мен аталған өңірлердегі білім бөлімдерінің арасында жасалған өзара келісім бойынша жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда біздің жоғары оқу орнындағы үшінші курста білім алатын 687 студент облыстағы 71 білім ұясында тәжірибеден өтуде.

Атап айтқанда, 242 студент Қарасай, 248 студент Талғар және 150 студент Іле аудандарында 20 қаңтар мен 22 ақпан аралығында теориялық білімдерін практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік алмақ. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің жетекшісі Әсел Алшынованың айтуынша, практикадан өткен студенттердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады.

Жандар АСАН, 
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий