Белсенді қозғалыс – денсаулық кепілі 

Уақытының көп бөлігін отырумен өткізетіндер қатарында оқушылар да бар.  Партада дұрыс отырмау еттің тез шаршауын туғызады. Қолайсыз сезімдерден құтылу үшін оқушы иіледі немесе бір жағына қисаяды. Мұның салдарынан оқушының физиологиялық құрылысы өзгеріске ұшырайды.

Әсіресе, барлық салмақ омыртқаға түседі. Омыртқа үнемі қозғалыс пен жаттығуларды қажет етеді. Еш қозғалыссыз бір қалыпта отырудың салдарынан омыртқа сүйектеріне зақым келіп, ол өзге де мүшелердің зардап шегуіне әсер етеді. Сондықтан да омыртқаның қисаюына жол бермей, ара-тұра үзілістер жасаған жөн.

Мамандардың пікірінше, кей балада жоғары сыныптарға өткенше кемінде 3 созылмалы ауру пайда болады екен. Соның алдын алу мақсатында Шымкент қаласы  химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі дене шынықтыру сабағынан бөлек, белсенді қозғалыс сағатын (БҚС) өткізіп келеді. Ол 2018 жылы  жоба ретінде енгізілсе, қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында іске асырылуда.

Бұл ретте, егер елімізде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 20 филиалы болса, белсенді қозғалыс сағаты тек  Шымкент қаласы  химия-биология бағытындағы мектепте ғана жүзеге асырылып келе жатқанын атап өткен жөн.

Белсенді қозғалыс сағатында спорттың барлық түрлері қамтылады. Әсіресе, болейбол, баскетбол, футбол, воркаут, үлкен теннис, жеңіл атлетика, күрес, фитнес, созылу жаттығулары, емдік гимнастика т.б. түрлерінен жалпылама  сабақтар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде оқушылардың физикалық белсенділігімен қатар, ой өрісін дамытуға да көп көмегін тигізуде.  

Жобаның жүзеге асқанына жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында оқушылар  заманауи би, емдік дене шынықтыру  ЛФК, crossfit, аэробика бағытында дене белсенділігін арттырған. 

Бұл сабақ оқушылардың  сергек жүрулеріне, дене бұлшықет жүйесінің дұрыс жұмыс жасауына, оқу үлгеріміне елеулі пайдасын тигізген.

Белсенді қозғалыс сағаты басталғалы оқушылар түрлі  жарыстарда топ жарып,  жетістіктерімен қуантуда. Мәселен, мектеп мақтаныштары  Көкшетау қаласында өткен шахмат жарысында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Семей қаласында баскетболдан ұлдар және қыздар командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Волейболдан қыздар, футзалдан қыздар командасы желілік спартакиадада жүлделі ІІІ орынды иемденді.

Спортта нәтиже көрсетіп, оқуда озат болуға талпынған оқушылардың бойынан өмірге деген құштарлық, жетістіктерге жетуге деген ұмтылыс байқалады. Ал мұғалімдер оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына бағыт- бағдар беріп, баланың физикалық тұрғыда мықты болуына ықпал етуде.

                                                                          

Талғат БАЙТУОВ,
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий