Ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ жедел жұмыс жоспарына сәйкес мегаполистегі Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатында «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Басқосудың мақсаты ардагер ұстаздардың тәжірибесін насихаттау арқылы жас мамандарды ұжымдық ортаға бейімдеуге бағытталған болатын. Шара барысында жиналғандар тәжірибелік құнды пікірлерін ортаға салып, тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ұстаз жолы туралы сұхбат әңгімені өрбітті.

Ардагер ұстаз Нұржамал Жаужүрекова педагогтық қызмет қызығы мен қиындығы қатар жүретін мәртебелі кәсіп әрі білім әлемінің тылсымына бойлай отырып, шәкірт жүрегіне жол табуға жетелейтін үлкен бақыт екенін айрықша атап айтты. Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген философиялық ойларымен үйлестіре отырып, табысты жаңашыл ұстаз тұлғасы туралы ойымен бөлісті. Тағылымды тәжірибесіне сүйене отырып, тәлімгердің болмысы мен бітімін таразыға салды. Біріншіден, мұғалім – үздіксіз ізденуші. Кез – келген тосын сұраққа жауап беріп, кездейсоқ жағдаяттан білімі мен біліктілігі арқылы жол тауып шыға алатын әмбебап тұлға. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай, мәдениеті жоғары, білікті маман атану – басты ұстанымға айналуы шарт.

Жас мамандар «Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет» деген салиқалы сөздің мәні мен маңызы зор екендігін жеткізді. Озық оқытушылардың құнды кеңестері мен айтқан әрдайым естен шығармай, кейінгі буын өкілдеріне сапалы білім мен саналы тәрбие сіңіру үшін ерен еңбек етіп, тер төгу парасатты парыз. Жүздесудің қорытындысында қатысушылар ұлы ағартушы ғалым, ұлық ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мұғалімнің қоғам алдындағы бейнесін «салып жатқан үйдің жақсы болуы, оның іргесінің берік және мықты қалануына байланысты болатыны сияқты, біздің қолға алып отырған ісіміз, қазақ мектептерінің бар келешегі, көбінесе, істің қазіргі басталуына байланысты. Сондықтан да мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де артық көремін» деген пайымды тұжырымына тоқталды. Дөңгелек үстел аясында жас маманды ұжымдық ортаға бейімдеудің тиімді жақтары бойынша сарапқа салынған ұтымды ұсынымдар бірауыздан мақұлданды.

Меруерт БИМЕНОВА, Н.НҰРЖІГІТОВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушылары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий