Мақсат – бiлiм мен бiлiктiлiктi ұштастыру

PDF Embedder requires a url attribute

Шымкенттегі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы – 40 жылдан аса тарихы бар еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Мекеме 1974 жылдан бері ішкі істендары мен күзет қызметіне қабылданған қаншама қызметкерді бастапқы даярлықтан өткізіп, олардың кәсіби біліктілігін арттыру жолында жемісті жұмыс істеп келеді, – деп жазады okg.kz сайты.

Таяуда полиция полковнигі, филология ғылымдарының кандидаты Қанатбек Тілеубердиев басқаратын оқу орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

– Қанатбек Мақұлбекұлы, өзіңіз басқаратын оқу орталығының ерекшелігі неде? Ішкі істер органдары жүйесіндегі кадрлардың аталған орталықтағы бастапқы дайындығы қалай?

– Болашақ құқық қорғау қызметкерлерін кәсіби тұрғыда дайындаудың негізгі кезеңінің бірі – Ішкі істер министрлігінің оқу орталықтарында өтеді. Өйткені, жас маман үшін мұндағы алғашқы даярлық курстарының маңызы зор. Себебі, мұндағы сабақтар олардың қызметтік тапсырманы тиімді орындауына септігін тигізіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдауға көмектеседі. Оқу орталығындағы оқыту мерзімі мен білім мазмұнының ерекшелігі тікелей республикамыздың Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген тақырыптық жоспарға сай жүргізіледі.

Біздің орталықта негізінен мамандандырылған күзет қызметіне қабылданғандар білім алады. Олар үш ай бойы білім-білігін шыңдап, алғашқы даярлықтан өтеді. Осы сияқты полицияның кіші басшы құрам қызметкерлерін де дайындықтан өткіземіз. Бұған талаптылар көбінесе Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан келеді. Ал, күзет қызметіндегілерді тұтас республика бойынша қамтимыз. Былайша айтқанда, жылына 1700-ден аса маманды оқытып шығарамыз. Жыл басталысымен-ақ алғашқы 215 тыңдаушыны қабылдап үлгердік. Қазір олар 9 топқа бөлініп, білім-біліктерін жетілдіруге кірісіп кетті. Былтыр ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы әзірленгенін білесіздер. Тыңдаушылар енді осы жол картасы аясында дайындалған білім берудің жаңа форматына сай даярлық курстарынан өтетін болады. Онда ең бірінші халықпен етене жұмыс істеуге басымдық беріліп отыр.

– Орталықтың техникалық жай-күйіне тоқталсаңыз. Теориялық білім тәжірибемен қалай ұштасады?

– Әлбетте, тыңдаушылардың қажетті білім алуына қазір толық жағдай жасалған. Мұндағы оқу процесі барынша ішкі істер органдарының тәжірибелік қызметімен ұштастырылған. 6 дәрісхана, 28 оқу аудиториясы жаңа технология талаптарына сай жабдықталған. Сонымен бірге, 500 орынды клуб, 70 мыңнан асатын кітап қорымыз бар. Оған қоса, медициналық бөлім, 500 орынды асхана, тыңдаушылардың 600 орынды жатын орындары да бар. 2017 жылы наурыз айында 45 орынға шақталған қыздар жатақханасы ашылған. Бір сөзбен айтқанда, оқу орталығының базасы тыңдаушылардың жан-жақты білім алуына сақадай сай, тіпті, бұл тұрғыда академиялық оқу орындарымен теңдесе алады.

Қай салада болмасын, маманның жан-жақты болғаны абзал. Бүгінгі заманның талабы да осы. Әрине, ол үшін білімді тәжірибемен ұштастыра пайдаланудың маңызы зор. Қазір тәжірибе арттыру мақсатында өңірдегі құқықтық құрылымдармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Мұндағы мақсат – полиция қызметкерлерін ашықтыққа үйретіп, тұрғындармен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдерін меңгерту. Айталық, орталықтың оқу процесінде қазір әлеуметтік пәндер циклі дейтін сабақ бар. Онда маман көпшілікпен жұмыс істеу, өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, тіпті, камераның алдында қалай сөйлеуіне дейінгі дағдыларға бейімделеді. Күзет қызметінде істейтіндердің әкімшілік пен маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты екенін білесіз. Олар мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, күніне жүздеген адаммен бетпе-бет келіп жатады. Келушілер мұндайда ең алдымен қызметкердің білім-білігіне, қызмет көрсету әдебіне назар аударатыны белгілі.

Орталықта дене тәрбиесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінетінін айта кеткен жөн. Күрестің жауынгерлік тәсілдері мен дене шынықтыру сабағына арналған екі спорт залы мен арнайы жаттығу орындары бар. Қарулы қылмыскерлерді ұстау, шабуыл жасаудың әдістерін үйрету үшін арнайы оқу полигондары пайдаланылады. «Пәтер», «Дүкен», «Ларек», «ИВС» сынды арнайы жабдықталған кабинеттерде кәсіби біліктілікті жетілдіруге баса мән беріледі. Бұл да болса тәжірибелік сабақтарға таптырмас қажеттілік. Жоғарыда тыңдаушыларға берілетін қызмет саласына байланысты теориялық сабақтардың құқық қорғау органдарында тәжірибемен ұштастырылатынын атап өттім. Қолданысқа енгізілген бұл тәжірибе соңғы жылдары өз тиімділігін көрсетіп келеді.

– Академия деп қалдыңыз, бір кездері Шымкенттен полиция мамандарын даярлайтынтын академия ашу жөнінде бастама көтеріліп еді…

– Иә, қайбір жылдары академия ашу жөнінде БАҚ-тарда мәселе көтеріліп, қоғамда қызу талқыға түскенін білеміз. Кейін бұл әңгіме саябырсып қалғандай болды. Жалпы, қазір еліміздің 6 қаласында біз секілді полицейлер даярлайтын оқу орындары бар. Олардың әрқайсысы салалық білім беруге машықтанған. Мысалы, Ақтөбедегі заң институтында тергеушілердің білім-білігін көтеруге жете мән беріледі. Осы орайда айта кетейін, жаңа талапқа сәйкес алдағы жылдан бастап полицейлерді оқыту жүйесі өзгергелі жатыр. Енді тәртіп сақшысы болуы үшін 2 немесе 4 жыл оқудың қажеттілігі болмайды. Біздегідей орталықтарда үш немесе алты ай даярлықтан өтіп, дайындығына қарай қызметке тұруына мүмкіндік берілмек.

– Жеке құрам жайында айтсаңыз. Оқыту өз алдына, тыңдаушыларға сабақ беретін оқытушы-қызметкерлер өз біліктілігін қалай арттырады?

– Оқу орталығының жеке құрамы білікті қызметкерлерден жасақталған. Арамызда ғылым докторлары, аға оқытушыларымыз аз емес. Қалғаны тәжірибесі мол ішкі істер қызметкерлері мен қатардағы офицерлер. Бәрі де өз міндетіне сай қызмет етеді. Оның үстіне, біздің орталық – құқық қорғаушыларды шыңдайтын кәсіби білім ордасы. Сондықтан оқытушыларымыздың жоғары заңгерлік білімі болса да, оларды қысқа мерзімді курстарға жіберіп, біліктілігін арттыруға жағдай жасап тұрамыз.

Біз қиын сәтте өз өмірін қорғау үшін тыңдаушылардың ең алдымен қаруды жете меңгеруіне баса мән береміз. Қолданыстағы жаңа заң талаптарын жетік білу де тәртіп сақшылары үшін басты қажеттілік. Уақытпен үндескен осындай қажеттіліктер біліммен беріліп, оқытушы мен тыңдаушының арасында алтын көпір орнайды. Білікті қызметкердің берген білімі тыңдаушының бойынан білініп тұрады.

– Ұжымда ұрпақ сабақтастығы, жауынгерлік дәстүр қалай жалғасын тауып жатыр? Аға буынның өмір жолдары, қызметтік ғибраттары тыңдаушылар үшін үлкен тәжірибе емес пе?!

– Ардагерлерімізді ардақтау, олардың бай тәжірибелерін бойға сіңіру жағы жүйелі жүргізілді. Орталықта Б.Момышұлының өмірі мен қызметтік жолына арналған мұражай жұмыс істейді. Онда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған бұрыш бар. Бұдан бөлек, осы оқу орнына басшылық еткен Қ.Қалменов, Ж.Сұлтанов және Т.Қабденов секілді генерал ағаларымыздың атында арнайы кабинеттер ашылған. Былтыр бір кабинетке оқу орнының түлегі, қызмет барысында қаза тапқан Тайыр Шералиевтің есімін бердік.

Оның үстіне, биыл Бауыржан Момышұлының 110 жылдығын атап өтеміз. Осы датаны лайықты атап өту үшін арнайы іс-шаралар жоспарын түздік. Соның аясында ғылыми-теориялық конференция өткізіп, офицерлер аллеясын салуды жоспарлап отырмыз. Батырдың келіні Зейнеп апаймен кездесу ұйымдастырсақ дейміз. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісіндегі шаруалар.

– Соңғы сауал, сіздіңше, бүгінгі құқық қорғаушылар қандай болуы керек?

– Барлық уақытта ішкі істер қызметкерлеріне қойылатын негізгі талап – қызметке адалдық. Ал, қызметке атүсті қарау қашан да сала жұмысына кері әсер етеді. Кей жағдайда қызметтік тапсырмаға салғырт қараудың салдары қызметпен қоштастырып, заңға сай жазаға тартылумен аяқталады. Полиция өкілі мемлекеттік қызметші болғандықтан, заңдылықты жіті білуі міндетті әрі оны қызметте орынды қолдана білу маңызды. Білім мен біліктілік дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан бұл тұрғыда полицейдің басты міндеті – азаматтардың құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті күзету, заң талаптарын орындау. Осы үш міндетті өз деңгейінде атқара алса, полицей деген атқа лайық болғаны.

– Әңгімеңізге рахмет!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Читайте также:

Добавить комментарий