Жетімдер үйінің түлектері: баспана кезегінің жылжитын түрі жоқ! (бейнеролик)

Тегін ештеңе қажет емес! Ұзақ жылдар бойы әркімнің баспанасын жалға алып, өлместің күнін кешіп жүрген жастар көмек сұрайды. Олардың бәрі- ешкімі жоқ тұлдыр жетімдер, балалар үйінің түлектері. Арман болған шаршы метрге қол жеткізу үшін не істеу керек? Баспана мәселесі қайтсе шешіледі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жиналғандардың мұңы да, сыры да – бір. Бәрі де кезінде балалар үйінде тәрбиеленген. 2002-2009 жылдардағы түлектері. Содан бері өзіміздің бір баспанамыз болса ғой деген арманмен таңды атырып, сол үшін тірлік етіп жүргендер.

«4 балам бар, квартирада тұрып жатырмыз. Біз шаршадық. Уже ақшамыз жетпейді, қиындық көріп жатырмыз постоянно. Оянасың- уже квартира жақындап тұрады. Бізге қалай өмір сүру керек?», – дейді қала тұрғыны Бауыржан Қалиев.

Жетілгенше мемлекеттің қамқорлығын көрген жетімдер бас-басына үй болып, өз күнін өздері көретін шақта қиналғандарын айтады. «Құжаттарды реттеп, үйдің кезегіне тұрып, жинақ жинау қажеттігін бізге ешкім ескертпеді» дейді. Көпшілігінің жақындары, ақыл айтар ағайындары болмағаннан кейін жетімдер үйінен шыға сала, тіркеуге тұратын жер таппай, сенделіп жүріп қалған.

«Мен- тұлдыр жетіммін. 23 жасқа дейін үйдің кезегіне тұрып үлгермедім, өйткені, тіркеуде жоқ болдым. Кейін 29 жасқа дейін кезекке тұруға болады деген заң шығып, «жетім» деген санатпен тіркеуге алды. 913-ші болып тұр едім, содан бері 8 жыл өтті, тек 300 адамға ғана жылжыды. Қашанға дейін созылады бұл?», – деді қала тұрғыны Анастасия Теплова.

Кезектің жылжуы қалада тұрғызылатын көпқабатты үйлердің санына байланысты дейді әкімдіктің өкілі. Ал қалада «жетімдер» санатымен 1700 адам кезекте тұр екен.

«Ағымдағы жылы 353 пәтерді тапсыру күтілуде. Наурыз айына жоспарлануда. Осыған байланысты тапсырылатын үйлердің 50 пәтері осы жетімдер категориясында тұрған азаматтарға берілетінін хабарлаймыз. Талаптары- ең алдымен кезекте тұру және алдыңғы тұрған азаматтарға беріледі», – дейді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов.

Арендаға берілетін пәтерлердің құны 4000 теңгеден басталады. Жалға алушы оны ай сайын төлеп отыруы тиіс. Шенділер айтқан баспаналы болудың тағы бір жолы – ол банктен шот ашып, ай сайын қаражат жинау. Кейін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан бағын сынап көрулеріне болады. Алайда, жетімдер үйінің түлектері айлығымыз бала-шағадан аспай жүрген біз сияқтыларға бұл қиын деп отыр.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Читайте также:

Добавить комментарий