Көп жұмыстар атқарылды

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің рухани өмірінде үлкен серпін туғызған және халықтың көңілінен шыққан мемлекеттік маңызды шараға айналды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, ақпараттар тасқынының мол, әлем халықтарының еркін араласуына кең жол ашылған заманда әр ұлттың өзін сақтайтын негізгі ұстыны болады. Ол – тіл, дәстүрлі мәдениеті, салт-дәстүрі.

Мемлекет тарапынан осы бағытта кең көлемді жұмыстар атқарылды. Тарихымыздың терең тану, ұлы тұлғаларымызды дәріптеу, өлкетану жұмыстарын кең ауқымды жүргізу, дәстүрлі мәдениетімізді насихаттау, тағы басқа жұмыстар бүгінді ұрпақтың патриоттық сана-сезімін қалыптастыру, халықтың өткен тарихын, ата-баба мұратын бойына сіңіру талаптарымен ұштастырыла жүргізілді.

Бұл бағытта халқымыздың даңқты перзенті, ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати есімін иеленген Тараз мемлекеттік университетінде де игілікті жұмыстар жүзеге асты. Өзіміз тікелей басқарған іске тоқтала кетсек, Жамбыл облысы халық ақындарының шығармалары, өңірге қатысты тарихи аңыздар, жырлар жинақталып, университет баспасынан жеке жинақтар болып шықты. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруда «Әулиеата – киелі мекен ІІІ» жобасымен «Шу-Талас өңірінің поэтикалық дәстүрлері» атты ғылыми-фольклорлық экспедиция өткізілді. Ел ішінен көптеген фольклор, халық ақындарының туындылары жиналып, ғылыми айналымға түсірілді. Халқымыздың рухани мұрасын жинау, зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп білеміз.

Рухани жаңғыру жұмысы – кезеңдік жұмыс болмауы тиіс. Халықтың өзін-өзі тануы бағытында ғылыми негізді насихат, түсіндіру жұмыстары байыпты, жүйелі жүргізілуі қажет. Өйткені туған халқының өткен тарихын, мәдениетін, дәстүр-салтын жақсы біліп, көкірегінде мақтаныш сезімі берік ұялаған бүгінгі саналы, білімді ұрпақ – еліміздің ертеңі.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий