Жеңісті жақындатқан Жәлел ұстаздың жарқын бейнесі жадымызда

Ұлы Жеңіске  75 жыл толуына орай

Ерді ел үшін,
Жігітті жұрт үшін – мақта.
Ежелден ер тілегі – ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Қол жайып шын ниетпен берген бата,
Шаршаған жауынгерге бел тірегі.
Бауыржан Момышұлы

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына санаулы күндер қалды. Жыл өткен сайын бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміз бен тылда аянбай тер төккен жандардың қатары тіпті азайып та кетті. Уақыт бір орнында тұрмайды. Осы бір жыл сайын сағаттың тіліндей айналып келетін жеңіс күнінде есіме ауылдағы соғыстың зардабын көріп, қан майданда от кешкен,сол сұрапыл соғыстан  елге аман оралған  ардагер ұстазым Жәлел Абдуллаевты қалайша  еске алмассың! 

Мамыр айы жақындағаннан бастап, атамызбен бірнеше кездесулер жасап, сұрақтың астына алып, ол кісіні қоршап, мәз-мәйрам болатын едік. Жеңіс күнін тойлап, елге оралған атамызбен жыл сайын кездесу жасайтынбыз. Атамыздың көзінде жас мөлдіреп, жанында бірге болған жолдастарын айтып, қаншама жастың жер құшқанын көзімен көріп келгенін айтып тебіренгенде  бір сәт үндемей тыңдайтынбыз.

Ия, соғыстың қаншама салған жарасы жұрттың есінен кеткен емес. Мен қызмет ететін №81 орта мектебінде мұғалім болып Жәлел Әбділдаұлы атамыз 40 жылға жуық қызмет етті. Ол кісі 1925 жылы Қызылжар ауылының «Шеңгел түбек» деген жерінде дүниеге келген.1943-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысады. Алғашқы еңбек жолын мектепте есепші болып бастаған. 1945 жыл мен 1984 жылдар аралығында №81 орта мектебінде бастауыш сыныпқа сабақ беріп келді. Жәлел атаның жары Бұлдырық әже де батырдың бабын жасаған қайсар рухты ана. Отбасында екі ұл мен бес қыздан 23 немереге қоса 13 шөбере тәрбиелеген үлгілі отбасы болды.

Кіші ұлы Бейімбет Абдуллаев ағайымыз – қазіргі таңда мектептің І санатты мұғалімі, математика мен физика пәнінен сабақ береді. Жәлел атамыздың немересі Алмасбек пен келіншегі Жаңагүл осы тарихы тереңнен тамыр тартатын білім шаңырағының үлгі тұтар ұстаздары. Бұл да ұрпақтар сабақтастығы деп білемін. Атайдың ұстаздық ізін жалғастырған ұлы бүгінгі күні – ауылдың беделді арқа тұтар азаматтарының бірі. Жәлел атамыз дүниеден өтсе де, артында батырға тән жасаған ерлігі, тәрбие алған шәкірттері қалды.

“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді”, – дегендей 40 жыл білім мен тәрбие берген шәкірттері оны мәңгі ұмытпақ емес. Сол кісінің мен де шәкірті болдым. Әлі есімде, Жәлел атаның сабағы өте қызықты, мазмұнды өтетін. Соғыс салған жараның денесіндегі таңбасы денсаулығына әсер етсе де, шәкірттердің санасына сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар сіңіруден еш жалыққан емес. Ауылдағы  қаншама ұл-қыздың танымал тұлға ретінде қалыптасуына сүбелі үлесін қосты. Жәлел ата №81 орта мектебінде қызмет етіп жүріп, бірнеше рет аудан мен облыс басшылығының алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен лайықты марапатталған мақтан тұтарлық майталман маман еді. Атаның от пен оқтың ортасында жүріп қайсарлық көрсеткен жауынгерлік қызметі кезінде және қан майданнан елге аман есен оралған соң да алған бірнеше медальдары өр кеудесінде жарқырап тұратын.

Отбасында  ардақты әке, Ұлы Отан соғысының құрметті ардагері, ұлағатты ұстаз болған Жәлел атаның өнегеге толы өмірі біздер үшін керемет құнды дүние. Жәлел атадан білім алған қаншама шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі қызметтерде жүр. Жәлел ағай “Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті”, – деген баҺадүр Бауыржан Момышұлының өсиет сөзін үнемі айтып отыратын. Ол кісінің ойға тоқып аларлық өнегелі әңгімелері мен жүріп өткен ғибратты ғұмыры кейінгі буын өкілдері үшін мерейлі мақтаныш әрі ұмытылмас ұлағат. 

Ия, өмір-өзен. Сұрапыл соғысқа аттанып, аман-есен оралған Ұлы Отан соғысының ардагерлері ауыз толтырып айтатындай бір кездері көп еді.  Көз жіберіп, тарих толқынына қарасақ, бәрі де бір-бір тарих боп, тек есімдері мен сол аталарымыздың ұрпақтары ғана бар. Бүгінгі күні ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагері, әрі ұстаздық қызмет еткен Жәлел атаның жүректерде жатталған жарқын бейнесін жадымызда қайта жаңғырттық. Әрбір отбасынан қан майданға аттанып, кескілескен қанды қырғында қаза тапқан боздақтар мен із-түзсіз кеткендер қаншама?!

Сұрапыл шайқастан жарымжан күйінде туған жеріне аман есен оралып, қираған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін қоғамның әр түрлі саласында қажырлы қызмет жасаған жеңіс жауынгерлері ұрпағына бейбіт өмірдің мәнін ұқтыру жолында тағы тер төкті. Олардың ерен еңбектері ерлікпен еншілес еді. Екінші дүние жүзілік соғыста неміс фашистеріне қарсы қолына қару ұстап соғысқан сарбаздар мен тылда жұмыс жасаған ардақты ардагерлердің есімдері елдің есінде мәңгі сақталатындығы даусыз. Себебі олардың ұрпағы осы бейбіт заманды қамтамасыз еткен қаһармандарды еш ұмытпақ емес. 

Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне биыл – 75 жыл! Мамыр айының тоғызы – миллиондаған адам мен көптеген мемлекет үшін қастерлі мереке. Өйткені сол күні халықаралық қауымдастықты қарумен қорқытып, әлемге ажал оғын жаудырған неміс фашистері толығымен талқандалды. Адамзат баласын үрейде ұстап, қаншама жазықсыз жанды қырғынға ұшыратқан қатігез жаудың лаңынан құтылғанына қуанды. 

Жеңіс мерекесі – бейбіт елдің тыныштығын сыйлаған, өзі көрмесе де өзгелер үшін мерт болған батыр аталарымыз бен аналарымыздың, ағаларымыздың рухына тағзым жасап, аруақтарын дәріптейтін, еске алатын ұлы күн! Ендеше, осы қасиетті күннің қарсаңында елі мен жері үшін қанын төгіп, жанын берген ержүректер сарбаздар мен сардарларды жыл сайын еске алу барысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға қойылған ескерткішке гүл шоғын қойып, тізе бүгу баршамыздың парасатты парызымыз.

Әрбір қазақ баласы елжанды азамат ретінде қалыптасуын жолындағы тағылымды тәрбиеміз жемісін беріп, тәуелсіз мемлекетіміздің көк туы бейбіт аспанымызда мәңгі желбіреп тұруын тілеймін!

Багила ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы
Журналистер
Одағының мүшесі, Арал ауданы, Қызылорда облысы

          

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий