Кітап әлемді бағындырады

Бүгін Дүниежүзілік кітап күні. Осыған орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылар мен ата-аналары кітап оқуға деген қызығушылықты арттыратын өзіндік формулаларымен бөліседі, – деп хабарлайды білім ошағының баспасөз қызметі.

Қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерінен рухани азық алған Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысының ата-анасы Бағымкүл Мұратбайқызы кітап – баланың тұлғалық қасиеттерін дамытуда басты көмек құралы дейді. «Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» дегендей, баланы жастайынан кітап оқуға баулу өте маңызды.

«Мен өзім бала кезден бастап кітап оқуға әуеспін. Абай мен Мұқағалидің өлеңдерімен сусындап, Жұбан Молдағалиевтың шығармаларына да ерекше қызығушылығым оянды. Оның өлең жолдарынан ұлтжандылық, азаматтық, патриоттық намысын байқауға болады. «Мен қазақпын» поэмасында өзінің қазақ екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы – оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз. Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді» – деп ақын шығармашылығымен бөліскен ата-ана ұлы дала ақыны Жұбан Моладағалиевтің 100-жылдығына орай өлең жазып бөлісті.

Расында да қай ғасырда болмасын кітап ешқашан өзінің өміршендігін жоғалтпаған. Заманауи технологиялар қарыштап дамыған заманда адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі – кітап болып қала беретіні анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық болады дегенді өмірлік ұстанымы ретінде пайдаланатын 10-сынып оқушысы Нұрай Өмірзақова үшін «Дүниежүзілік кітап күні» ерекше мейрам болып саналады. Абайдың өлеңдерімен алғаш рет 10 жасында танысқан жас зияткер бүгінде ұлы ақынның 200-ден астам шығармаларын жатқа біледі.

«Анам маған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуға кеңес берді. Бұл тарихи шығарма мені өзіне ерекше баурай түсті. Соңына дейін бас алмай оқып шықтым. Онда айтылған орындарды, тарихи қоныстарды көзіммен көруге талпындым. Бесінші сынып оқып жүргенде «Абай оқулары» деген байқаудың болатынын естідім. Соған қатысу үшін екі айдың ішінде ұлы ақынның барлық еңбектерімен танысып, өлеңдерін жаттадым. Сөйтіп аудандық және облыстық байқауда жеңімпаз атанып, Абайдың дүниеге келген топырағы – Семейге баруға мүмкіндік алдым», – дейді жас дарын.

«Кітап күнін» Зияткерлік мектеп оқушылары жыл сайын сүйікті шығармалар көрініс тапқан «Тәтті кітаптар» фестивалі, бір-біріне кітап сыйлау дәстүрі қалыптасқан «Кітап әлемді бағындырады» акциясы мен ауыл мектептерінің кітапханаларына жаңа әдебиеттермен қамтамасыз ету «Bookcrosing» шарасы секілді қызықты жобалармен атап өтеді. Мұндай шаралар балалар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты оятып, кітаппен дос болуға үйретеді.

«Кітап оқу арқылы біздің ой-өрісіміз кеңейіп, тілдік қорымыз артады. Мектепте біз бос уақытында үнемі кітапханада өткізіп, сыныптастарыммен бірге шығарманы талқылау жүргізу арқылы қосымша білім алуды дәстүрге айналдырдық. Үйде де отбасымызбен бірге кітап оқып, оның мазмұнына бірлесіп талдау жүргізу арқылы тәрбиеленеміз» , – дейді кітапты жанына серік еткен 7-сынып оқушысы Арайлым Әшірмет. Және ол барлығына күнделікті 20 минут болса да кітап оқып, рухани күш қуат алуға кеңес береді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий