Қашықтан оқыту: Мүмкіндіктер мен ізденістер

Адамзат баласының тарихында биылғы жылы әлемде тұңғыш рет Коронавирус Инфекцисы  – COVID-19 –ға байланысты 1,5 миллиардқа жуық мектеп, коллежд оқушылары мен ЖОО-ң студенттері қашықтан оқыту жүйесіне көшті.  Бұл жағдай педагогтар мен ата-аналарды, оқушыларды жаңа, бұрын қолданылмаған тәжірибеден қашықтан оқыту үдерісіне өтуге мәжбүрлеп отыр. Қашықтан оқыту – мұғалім мен оқушының арақашықтықтан қарым-қатынас жасауы арқылы оқу үдерісінің барлық компоненттерін (оқу мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, оқыту формасы, оқыту құралдарын)  арнайы құралдар интернет технологиялары және тағы да басқа тәсілдерін қолдану арқылы белсенді әрекет етуге бағытталған оқыту.

Қашықтан оқыту өз бетінше оқуға негізделген оқыту формасы ақпараттық технологиялар оқытуда негізгі құрал болып табылады. Заманауи қашықтан оқыту негізгі екі құрамдас бөлімнен тұрады, біріншісі, ақпарат беру ортасы (телевидение, радио, ақпараттық коммуникативті құралдар жүйесі, ұялы телефондар); екіншісі, ақпарат алмасуға қажетті әдіс-тәсілдер болып табылады. Қашықтан оқыту Европада XVIII ғасырдың аяғында почта арқылы оқу материалдарын хатпен алып мұғалімге ғылыми жұмыс түрінде жауап жазу арқылы жүзеге асырылды. Ресейде бұл әдіс ХІХ ғасырдың соңынан бастап қолданыла бастады. ХХІ ғасырда қашықтықтан оқыту әлемнің көптеген елдерінде ақпараттық коммуникативтік құралдар көмегімен интернет қолданушылар арасында пайдаланылды. 2003 жылы ынталы топ ADL қашықтан белсенді оқудың стандартын SKORM жасады. Стандарттарды енгізілуі қашықтан оқыту құрамына, сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды тереңдетуге көмектеседі.

Ақпараттық коммукациялық құралдардың дамуы қашықтан оқыту әдісіне көптеген өзгерістер енгізді. Телевидение мен радионың дамуы нәтижетінде көптеген оқыту каналдары іске қосылды, бұл каналдар күні бүгінге дейін өзектілігі жоғары, оқушылардың сүйікті каналдары болып отыр. Алайда, телевидение мен радионың бір кемшілігі оқушылардан дер кезінде кері байланыс ала алмауда. Өткен ғасырда 1969 жылы Ұлыбританияда әлемдегі ең бірінші қашықтан оқыту университеті ашылды. Ол Ұлыбритания ашық университеті деп аталды. 1974 жылы Германияда, 1984 жылы АҚШ-та, Оңтүстік Африка, Австралия және басқа елдерде университеттер қашықтан оқыту жүйесін қолдана бастады. 1988 жылы совет америкалық жоба «Мектептің электронды почтасы» қолданысқа енгізілген болатын. Жаңа ғасырда ғаламтор жүйесінің қарқынды дамуы қашықтан оқыту мүмкіндіктер аясын кеңітіп жылдамдығын арттырды. Мектеп бағдарламасын қашықтан оқыту тәжірибесі алғаш рет «Оптима білім беру орталығында» жүзеге асырылып бастады. Бұл оқушылар үшін қолайлы уақытта, ыңғайлы кестеде пәндерді оқуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар, бұл мектептің бітірушілері мемлекеттік үлгідегі құжаттар алып, әлемнің кез-келген оқу орнына оқуға түсуіне мүмкіндік берді.

Біздің елімізде осы кезеңге дейін қашықтан оқыту жоғары оқу орындарында, біліктілікті арттыру жүйелерінде қолданылып келді. Ал бүгінгі күні пандемия жағдайында еліміздегі барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту тәжірибесіне көшіп отыр. Әлемдік тәжірибелерде қашықтан оқытудың төмендегі формалары қолданылып келеді. Чат сабақтар – чат технология қолдану арқылы синхронды жүргізіледі, яғни қатысушылар бір мезгілде чатқа бірдей мүмкіндік алады. Көптеген қашықтан оқыту мекемелерінде чат-мектеп, чат-қабинет көмегімен педагогтар мен оқушылар арасындағы оқу әрекеті ұйымдастырылады; Веб сабақтар қашықтан жүргізілетін сабақтар, конференциялар, семинарлар мен зертханалық жұмыстар, практикумдар, іскер ойындар телекоммуникациялық құралдар, ғаламтор жүйесін қолданылып арқылы жүргізіледі.

Веб кластар үшін арнайы білім беру веб-форумдары қолданылады, яғни белгілі бір тақырып бойынша жұмыс жасайтын нысан немесе сәйкес бағдарлама орнатылған сайттардың бірінде жазбалар қалдырылады. Чат сабақтардан веб форумдардың айырмашылығы педагогтер мен оқушылардың ұзақ уақыт бойы бірлескен ортақ жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді. Теле конференциялар қатысушыларға арнайы сілтемелер жіберілуі арқылы жүргізіледі. Кей жағдайда аймақтардан қатысушыларға қажетті материалдар электронды почта арқылы жіберілуі де мүмкін. Шын мәніне келгенде, қашықтан оқыту жүйесіне «табиғи оқыту үдерісі» деген атау да берілген. Себебі, әр адамның өз еркімен, белгілі мақсатқа жету бағытында қарапайым оқу жүйесі болып табылады. Сондықтан, ХХІ ғасырда Европа халықтары қосымша білім алу үшін жиі қолданылатын оқу формасына айналған. Ресей Федерациясының тәжірибесінде жоғары оқу орындары, біліктілікті арттыру жүйесінен басқа мектеп оқушылары үшін де қашықтан робот R.Bot 100 көмегімен оқытуды тәжірибе сынақ ретінде енгізілген. Бұл мүмкіндігі шектеулі оқушының мұғалімнің сұрақтарына жауап беріп өзін толыққанды сынып жағдайында сезінуіне мүмкіндік береді.

Бүкіл әлемде қалыптасып отырған пандемия жағдайында қашықтан оқыту жүйесіне барлық білім беру ұйымдары көшуге мәжбүр болды. Осы кезекте орта мектептердегі қашықтан оқытудың қандай мәселелері туындайды? Қашықтан оқыту жағдайында төмендегі сұрақтардың туындауы заңды: мектепте қашықтан оқыту қалай жүргізіледі? мектеп мұғалімдері, мектеп әкімшілігі қалай жұмыс істейді? оқу үдерісін мен қарым-қатынасты қашықтан оқытуда қалай ұйымдастыру қажет? оқушы қалай оқиды? оқушының оқу үлгірімін жақсарту үшін қалай көмектесуге болады? бағалау шынайылығы мен сенімділігіне қалай қол жеткіземіз? қашықтан оқытудан соң оқушы мен оның семьясында қандай өзгерістер болады? Бұл туындаған мәселелерді ХХІ ғасырдың компьютер мен интернеттің қолжетімділігі арқылы шешу мүмкіндігі өте жоғары. Бүгінгі таңда интернет желісінің мүмкіндігі радио, телевидениеден жоғары екені белгілі. Интернет арқылы қарым-қатынас жасау, оқушыны қайда болмасын бағалауға және кері байланыс беруге болатыны белгілі. Интернеттің осындай жылдам әрі сапалы ақпарат тарату мүмкіндігін оқыту барысында онлайн-семинар (вебинар) арқылы пайдалануға болады.

Қашықтан оқытуда педагог пен оқушыларда білім сапасын игеруге, бағалауға байланысты қандай қиындықтар болуы мүмкін? Бағалау үдерісінде педагог үшін төмендегі қиындықтар немесе кедергілер туындауы мүмкін: мектептің де оқушылардың да материалдық –техникалық базасының жеткіліксіздігі; арнайы қашықтан оқыту стандарттары мен тұжырымдамасының болмауы; қашықтан оқыту жағдайында мектепте оқу үдерісін ұйымдастырудың кешенді жоспарланбауы; педагогтың ақпарататық коммуникативті технологияларды пайдаланудағы тәжірибесі мен дағдыларының аздығы; оқу жүктемесінің көп болуы (18 сағаттан артық); сынып оқушыларының санының көп болуы; бағалау тапсырмаларын тексеруге қажет ететін уақыттың көп болуы; қашықтықтан оқыту жағдайында сапалы білім алуда оқушы үшін төмендегі кедергілер орын алуы мүмкін. Оқу ортасының болмауы; ақпараттарды қабылдау төмендігі; ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін толық қолдана алмауы; отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда интернет желісінің бір компьютерге байлануы, ұялы телефондарының мүмкіндігінің шектелуі және тағы басқалар.

Мұндай кедергілер жағдайында қашықтан оқытудың сұлбасы ғана жасалады, кейбір мектептерде орташа, кейбірінде оқушылар толық қамтылмай қалатын жағдай орын алады. Сондықтан мұғалімге де оқушыға да, ата-аналарға да қашықтан оқыту жүйесінің талаптарын білу мен жетілдіріп отыру өте маңызды. Мектеп тәжірибесінде қашықтан оқытуды оқушылар білім сапасын арттыру үшін қалай қолдануға болады немесе қалай жүйелеу қажет екеніне тоқталайық. Біріншіден, елімізде барлық мектептер дерлік екі ауысымда оқиды. Сабақтан бос уақытта оқушылармен педагогтар қосымша дәріс жүргізу үшін қажетті сынып бөлмесін табу өте қиын. Көптеген оқушылар ақылы негізде білім беру орталықтарынан білім алуға мәжбүр. Демек, қосымша сабақ жүргізудің жаңа мүмкіндігі болып табылады. Екіншіден бес күндік жағдайында білім беру, сабақ уақытының 40 минуттық болуы оқушылардың апталық жүктемесі 7-8 сабақ жағдайында кейбір пәндерді қашықтан оқытуға мұмкіндік туындайды. Үшіншіден, оқушылардың да педагогтардың да өз бетінше ізденіс жасауына, жауапкершілікті дамыту бағытына жаңа серпін береді. 

Мектептерде қандай жұмыстарды қашықтан қолдануға болады? Қашықтан жүргізілетін пәндік олимпиадалар, конкурстар, түрлі бағыттағы сайыстар, бітіруші түлектердің мамандыққа баулуға бағытталған кездесулері, сынып челлендждарын әзірлеу; мектеп мұғалімдерінің өзара кәсіби дамуы үшін конкурстар, семинарлар мен кеңестер, тренингтер мен коучингтер; сонымен, қашықтан оқыту жағдайында мектептегі білім жүйесі ақпараттық, телекоммуникациялық және педагогикалық технологиялардың интеграциясы бағытында айтарлықтай өзгеруі керек.

Ұлтай Зікірқызы ЕШИМОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ Қызылорда облысы бойынша
ПҚБАИ инновациялық білім беру және ақпараттық
технологиялар кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий