Балалар ойынмен өседі

Көркем ниетті, өркениетті қоғам қалыптастырғымыз келсе, жастарымыздың білімін тереңдетіп, біліктілігін шыңдау керек. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы карантин шараларын сақтай отырып, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастыруда. Жас ұрпақтың бос уақытын пайдалы өткізуде бұл іс-шаралар  тиімді әрі дер кезінде қабылданған бастамалар болып табылады.

Осы уақытқа дейін мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ, бестас, асық ату, скакалка ойындарынан онлайн жарыстар ұйымдастырылды. Карантин жарияланғалы бері барлығы сегіз жарыс өтіп, оған 1500-дай бала қатысты. Цифрлық технологиялар дамыған жағдайда білім алушыларға телефон мен компьютерді қолданып сайысқа қатысу ешбір қиындық тудырмады. Керісінше өзді-өзімен отырып ойларын жинақтауға, сенімділіктерін арттыруға мүмкіндік болды. Шахмат пен тоғызқұмалақ ойындары арнай платформаларда өткізілсе, қалған ойын түрлерінде әзірге ондай ойын алаңы жоқ. Сол себепті төрешілер әр қатысушыға уатсап арқылы жекелей хабарласып, ойынды бақылап, қорытынды шығарып отырды. Білім алушылардың жарыстарына төрелік ететін мұғалімдер – өз саласында жетістікке жеткен, тәжірибелі мамандар. Бұл ретте, ұстаздардың ерен еңбегін атап өткен жөн.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырған скакалкадан онлайн турнирге республика бойынша 726 оқушы қатысты. Турнирдің ерекшелігі – елімізде скакалкадан онлайн сайыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, соңғы уақытта скакалка бойынша мұғалімдер арасында арнайы курстар ұйымдастырылып, соның арқасында турнирге қатысушы оқушылар саны да артып отыр. Мектеп бағдарламасына енгізілген бұл спорт түрі әлемде ерекше қызығушылық тудырып, жас ұрпақтың физиологиялық қалыптасуына оң ықпал ететіні де басты назарға алынған. Өркениетті қоғамда адами капиталға көңіл бөліп, адамдық құндылықтар алдыңғы орынға шығады. Ал саналы да салауатты ұрпақ тәрбиесі – басты мәселе. Олай болса, қандай жағдайда да жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, танымын тереңдетіп, салауатты өмір салтына баулығанымыз дұрыс.

Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ               

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий