Есжан Әміров: Жаны таза адам әлемді жаңғырта алады
Есжан ӘМІРОВ – Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры. Ол 1960 жылғы шілде айының 1-і күні Жамбыл облысында дүниеге келген. 1983 жылы Қызылорда педагогикалық инситутын, 2002 жылы Қазақ мемлекеттік Заң акамедиясын тәмамдаған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ұлағатты ұстаз, білікті басшы «Білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және басқа да медалдардың иегері. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Мәдениет саласының үздігі», «Ыбырай Алтынсарина» төсбелгілері сынды түрлі марапаттары тағы бар. Сіздердің назарларыңызға саналы ғұмырын білім беру мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған абыройлы азаматпен түрлі тақырыпта жүргізілген ашық әңгімені ұсынамыз.
Есжан Сарманқұлұлы, айбарлы алпыс жасыңыз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқисасын студенттік шағыңыздан бастасаңыз? Саналы ғұмырыңыздағы педагогикалық қызмет пен басшылық лауазымда биік белестерді бағындыруға нақты негіз қалаған музыка мұғалімі мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? – Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары алдыңғы аға буын өкілдерінің тағылымды тарихи әңгімелерін есітіп, дастан жырларын тыңдап өскендіктен шығар халықтық әндерді нақышына келтіре орындаумен қатар күмбірлеген күйлерді шертуге бейім болдым. Бірақ таңдаған мамандығыма оқуға түсу маған әрине оңайға түскен жоқ. Себебі талап қатаң әрі бағалаушы ұстаздар қауымы мықты майталмандарды құрайтын. Қызылорда педагогикалық институтының «музыка – педагогика факультетіне» жыл сайын барып жүріп үшінші ретінде ғана оқуға түстім. Әрі бұл бағытта білім алудың өте қиын екендігіне көзім жетті. Басқа факультеттің студенттері күн сайын үш пар оқып жатақханаға қайтса, біз сол сабақтардан кейін аудиторияларда қалатынбыз.
Өйткені әр түрлі аспаптарда ән саз әуендік тапсырмаларды орындауға дайындалуымыз қажет. Бос уақытымыз жоқтықтан сыбай салтаңдыққа қолымыз босамайды. Әр пән бойынша теориялық түсінігіңді айту бір басқа да, тиісті сынақтар мен емтихандарды түрлі аспаптарда ойнау арқылы тәжірибелік тұрғыдан дәлделдеу нағыз қиын еңбексіз мүмкін емес еді. Бірнеше жыл армандау арқылы үздіксіз дайындықтың нәтижесінде бұл бақытқа әрең қол жеткізген мен үшін барлық қиындықтарға шыдаудан басқа жол жоқтай көрінгені рас. Менің өмірімде музыка мен спорт егіз болды.
Бірінші курстан бастап «Буревестник» клубына жазылып, «Гандбол» секциясына қатыстым. Спорттық жарыстарға белсене қатысу барысында еліміздің көптеген қалаларын араладым. Шеберлігімді шыңдап, қала мен облыстың чемпионы атақтарына лайық саналдым. Бірінші дәрежелі спорт шеберімін. Біз оқыған кездегі парасатты педагогтер өте білікті де білгір болатын. Көздеген межеге қол жеткізу жолында қатаң тәріпке бағындырып, алға қойған мақсатыңды орындауға жетелейтін әрі ілгері дамуыңа керемет қызықтыра білетін. Сондықтан өмірде жоғары жетістіктерді иеленсем бұл сол кездегі бітім болмысы бөлек ұлағатты ұстаздардың тағылымды тәрбиесі және маңдай терлерінің өтеуі. Мен олардың алдында мәңгі қарыздармын.
Сіз соңғы он сегіз жылда осы ұйымшыл ұстаздар ұжымын біліктілікпен басқарып келесіз. Қарағанды облысы қазба байлығы мол тарихи терең әлеуетті зор аймақ. Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайраткерлік қарымы мен қабілетін шарболаттай шыңдаған өрісті өлке ретінде де әлемге танымал. Ұлт көшбасшысымен бірнеше мәрте кездескеніңізді білдік. Есіңізде ұмытылмастай сақталған сол естеліктердің мағыналы бір үзігін өз аузыңыздан тыңдасақ. – Нұрсұлтан Әбішұлымен 1998-2019 жылдар аралығында он реттен астам әр түрлі ресми және бейресми кездесулерде жүздескенімді тағдырымның үлкен сыйы ретінде бағалаймын. Ең әсерлі шақ демалыс уақыттарында бірге ән салғанымыз еді. Сонда байқағаным көңілің қобалжып тұрғанын сезгендей бір ауыз сөзімен, мейірімді жүзімен, қарапайымдылығымен жанындағыларды бірден баурап алатын адами қасиеті керемет. Әрбір айтылған еркін әңгіме шырқалатын әнді шынайы жеткізуге жетелейді. Түрлі қызықты оқиғаларды майын тамыза әңгімелегенде мемлекет басшысының қасында отырғаныңды ұмытып кетесің. Халық арасында сирек айтылатын көне әндерді көп білетіндігі жадының мықтылығы шығар. Тағы бір таңданарлығы халық композиторлары әндерінің әуенін бұзбай, сөздерін ұмытпай, шумағының орнын ауыстырмай айтуы.
Бір кездесуде жиналғандарды сөзге тарта отырып: Сендер мына әнді білесіңдер ме?-деді де, ескі бір әуенді үш шумағымен айтып берді. Біз естімеген әуен. Ән аяқталды. Бізде үн жоқ. Үнсіздікті өзі бұзып, бұл Алтай қазақтарының әні деді. Орысша, татарша да әндерді тамылжыта орындағанын көзіміз көрді. Осылайша біз жан-жақтан шақырылған өнер иелері ән айтып береміз деп барып, Тұңғыш Президентіміздің шырқауында түрлі әндерді тыңдап қайтқан кездеріміз де аз болған жоқ.
Сіз ең алдымен ұстазсыз. Отандық педагогика саласының белді өкілі ретінде жаңартылған заманауи білім беру сапасы туралы пайымды пікіріңізді білсек. Мүмкін ұсынысыңыз бар шығар? – Білім және ғылым министрлігінің қазіргі ұстанымы дұрыс. Себебі халықаралық деңгейдегі озық әдістерді тәжірибе жүзінде іске асыруға бағытталған барлық жобалар ұлттық идеямен және рухани құндылықтармен байытылуы қажет. Ұлттық идея деп – халыққа, ұрпаққа ұлттың игілігі мен болашағына ортақ тәжірибелер мен білім түрлерін, даналықтың үлгілерін айтамыз. Идея (көне грек тілінде) түр, кескін. Нәрсенің белгілі бір дәрежедегі өмір сүру формасы. Жеке адам мен ұлттың ішкі әлемінен туындап өмір сүріп отыратын білім тәжірибенің ерекше түрі. Мемлекеттің болашағын ойлайтын кез-келген тұлғаға ең маңыздысы ұлттың тағдыры. Ұлттың тағдыры деген оның құндылықтары.
Құндылықтары сақталмаған ұлт ұзақ өмір сүре алмайды. Қоғам өркениет жолына түсу үшін әрбір қоғам мүшесі өзіне қатаң талап қойып, осыны тұрақты дәстүрге айналдыруы керек. Дұрыс талаптан еңбек шығады. Еңбек ақыл мен білімге бағынады. Әрмен қарай ойлау арқылы еңбек игілікке айналады. (қанағат, жанашырлық, мейірім) сияқты асыл мінездер. Адамның жан дүниесін тәрбиелеп, ұлттық санасын қалыптастыратын – тарих пен әдебиет. Демек қазіргі жас ұрпақты құнды кітаптарды көп оқуға қызықтырғанымыз жөн.
Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерге арналған тұжырымдамасында: – Ұлттық мектептерді жаңартудың аса маңызды стратегиялық бағыттары: оны ұлттық және дүниежүзілік мәдени мұраның диалектикалық бірлігі негізінде дамыту, демократияландыру, ізгілендіру, сондай-ақ мәдени жасампаздық қызметін қалпына келтіру арқылы рухани жағынан қайта түлету болып табылады,-деп білім мен тәрбие берудің ұлттық идеологиялық бағыттары нақты белгіленген. Ұлттық жоспарымыз мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық тәжірибесін зерделеу және жүзеге асыру тетіктеріне (білім мазмұны жаңғырту, оқу әдістемеліктермен қамтамасыз ету; білім сапасын бағалау, білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасын нығайту) негізделген.
Бұл басым бағыттарда мемлекеттің қолдауымен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақтың ұлттық, отансүйгіштік тәрбиесін, елін-жерін сүюді, еліміздің тарихын білу, елжандылық сезімдерді отбасынан бастап сіңіру қажеттілігіне әлі мән бермей келеміз. Ата-аналар, бүкіл қоғам көп жылдардан бері бұл міндетті білім беру ошақтарының мойнына іліп қойып, педагогикалық қауымдастықты тек сынап мінеумен келеді. Бұл маңызы зор мәселемен жұртшылықтың жұмыла айналысатын сәт енді туған сыңайлы. Себебі әлемді алаңдатқан аты жаман аурудан бірлесе сақтануға тура келген карантин кезінде білім берудің сапасы мен тағылымды тәрбие ең алдымен отбасынан бастап жүргізілуі қажеттілігіне баршамыздың тағы бір рет көзіміз жетіп отыр.
Қазіргі кезде жалпы ұстаздар қауымына артылатын жауапкершілік жүгінің салмағы өте ауыр. Педагогтердің беделін биіктетіп, мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қолдаулардың жаңадан қабылданған заңнамалар бойынша бұрынғыдан әлдеқайда артқаны мәлім. Сіздіңше жаңа замандағы ұстаз кім? – Меніңше мұғалімдер білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың бойына ең алдымен «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын сіңірудегі басты тұлға. Елбасы ұсынған бұл ұлттық идеяның құндылықтары ретінде еліміздің Тәуелсіздігі мен Елордасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік; бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен иновацияларға негізделген экономикалық өсу; жалпыға бірдей еңбек қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы; ұлттық қауіпсіздік айрықша айтап айтылғаны баршамызға белгілі.
Ғұлама Сенека айтқандай: «Ұстаз сөзімен ғана емес, тиісінше ісімен де үлгі болуы міндетті». Ұстаздың аса маңызды міндеттерінің бірі үнемі біліктілігін арттырып, білімін жаңартып отыру. Биік мақсаты: білім алушының өз бетімен жұмыс істей алатынына сенім білдіру; еркін ойлауға үйрету; үнемі қолдау көрсету; шәкірттеріне шығармашылық еркіндік беру; өз ісіне жауапты, сенімді, белсенді әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру; өз әрекетіне рефлексия жасай алатын қарым мен қабілетке ие озық ойлы оқушыларды тәрбиелеу.
Бүгінгі таңдағы оқу үдерісі бұрынғыға қарағанда өзгеше. Уақыт талабына сәйкес түрлі әдіс-амалдар көп қолданылуда. Осы орайда не айтарыңыз бар? – Әрине өскелең ұрпақтың ізденіске жетелейтін жаңашылдықтардың көбейгеніне қуанамын. СLIL халықаралық жобасы – пән мен шет тілін кіріктіріп оқытуға бағытталған. Қазір оқушылардың басым көпшілігі ғаламдық интернет желісін белсенді пайдаланушылар, сондықтан медиабілім негіздері қажет. Білім алушыны оқу орнының тәуелсіз бірлігі ретінде ғана емес, көп мәдениетті қоғамның бөлігі ретінде карау қажет. Білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттігі күшейіп келеді.
Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берілген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Сабақтың қызықты да түсінікті болуы мұғалімнің шеберлігі мен ізденімпаздығына тікелей байланысты. Сабақтарда қолданылатын педагогикалық тәсілдердің маңызы зор. Себебі саралау тәсілі аясында шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытып, басқа әдіс – тәсілдер табуға тырысады. Іс-әрекет тәсілі – өз бетінше ақпараттық құзыреттіліктерін қалыптастыруды көздейтіндігімен де құнды. Жеке тұлғаға бағытталған тәсіл – ұстаз бен оқушы арасында білім алу жолындағы тең әрекет, диалогтық қарым қатынас, өз ойларын еркін айтып көшбасшылыққа ұмтылдыратын құптарлық қадам.
Құзыреттілік тәсілі – білім алушылар білім мен білікті тұтас бірге меңгеруге жетелейді. Кіріктірілген тәсіл – пән аралық байланысты бекемдейді. Бірлескен талдау – ортақ пікірге келудің бірден-бір жолы. Әрқайсысы білімдерін әртүрлі жағдайда өмірінде болған оқиғаларға байланысты ортаға салып үлестерін қосады. Шәкірттің тілдік қоры бай әрі өзіне сенімділігі мықты болса жеке ойы мен нақты қөзқарасын жеткізе алатын тұлғаға айналады. Өзіне жүктелген, сеніп тапсырылған істі адал әрі абыроймен атқаратын кәсіби маман ғана болашақты анық бағдарлай алады. Яғни жаны таза адам ғана әлемді жаңғырта алады.
Ашық әңгімеңізге рахмет. Бәсекеге қабілетті ұлттық мамандар дайындау жолындағы жауапты жұмыстарыңызға жемісті жетістіктер тілейміз!
Сұхбатты жүргізген – Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...