Дәурен Қуат: Медет ет, Сина

Ел ішіндегі ескілікті әңгімелерге құлақ түрсек, медицина – «медет сина», тарқатып айтсақ, «медет қыл, Сина», «медет бол, Сина» немесе «медет ет, Сина» деген сиыну, сұрау, тілеу мағынасынан туған сөз көрінеді. Ал ғылым-білім әлемінде көнеден көшіп келе жатқан термин сөздердің түп төркінін баяғы Батыстан іздейтін дәстүрімізге бақсақ, медицина – латынның «дәрігер», «емші» дегенді білдіретін medicus-інен шығады. Медицина дейік, мейлі, medicus болсын, әйтеуір, дерт пен денсаулық туралы не түрлі хикметтің басы әйгілі Әбу Әли Ибн Сина есімімен байланысты баяндалады екен. Жер-жаһанның жұрты «бір тарының хауызына сыйып», Жаратқанға жалбарынған, адамзаттың тағдыры таразыға тартылған тар кезеңде емшілік өнердің ерен тұлғасы – Ибн Синаны қолдаушы піріңе сыйынғандай ойлап, дамыған, дәуірлеген, барынша жетілген бүгінгі медицина ғылымының жарқанат қанатынан тараған ұшпаға (вирусқа) қарсы дәрмен қыла алмай отырған қайрансыз халіне қарап қапаланасың, – деп жазады журналист жазушы, республикалық “ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ” газетінің Бас редакторы Дәурен ҚУАТ. 

Әбу Әли әл-Хусейн Ибн Абдолла әл-Хасан Ибн Әли Ибн Сина… осыншалықты ұзақ есім-сойдың егесін айнала жұрты кезінде «Әбу Әли» немесе «Хусейн» деп, қарапайым ғана атаса керек. Сол Әбу Әлиді даңқы озып, дәргейі асқанда таныған Еуропа елдері оның салақұлаш салқар есімінің соңындағы Ибн Синаны алып, «Авенсина» жасайды, Авенсина кейін «Авиценнаға» айналады. Ибн Синаны қазақ біле ме? Иә, білгенде қандай? «Әбудің әкесі де, анасы да түркінің Ашина әулетінен тарайды» дейтін әңгіме әуелден айтылады. Қала берді, Ибн Сина жайында ел аузында әр түрлі аңыстағы аңыздар да жетерлік. Соның бірінде үйірлі жылқысын іздеп, ат үстінде құрық сүйретіп келе жатқан бозбала Әбудің алдынан құтырған адам шығады. Бойына құтырма у тарап жынданған байқұс, Әбуге шеңгелін жазып ұмтылғанда, жылқышы жігіт сасқанынан жындының аузына құрығының ұшын тістете қояды. Жынды құрықтың ұшын шайнап-шайнап келеді де, кенеттен есін жиып, дертінен құлан-таза айығып кетеді. Бұ кереметке таң қалған Әбу соңынан құрықтың басын бояған шөптердің қасиетін ұғып, теңдесі жоқ тәуіп-емші болады.

Тағы бір аңызда жас Әбу Әли мың сан дерттің дауасын іздеп, алысқа аттанып бара жатады. Ал енді аңыздарды азырқансаңыз, Ибн Синаның бақидан фәниге көшкенге дейінгі өмірін қамтыған дастан да бар. “Арабтың әрпімен ат-есімімді,
Жұмбақтап жазған едім етіп сырлы.
Қуаныш Баймағамбет ұғылы деп
Жазып ем аяғында айтып жырды”, – деп тоқтайтын бұл дастан – Қуаныш Баймағамбетовтен қалған дастан. Дастанда Ибн Сина – Әбуғалисина, кейде Ғали, кейде Ғалисина аталады. Жалпы, жырдың аты – «Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандағы Әбілхарис – Әбуғалисинаның сыңары. Екеуі Бұхара қаласында туып, төрт-бес жасқа толғанда дүниенің білімін жиып, әлемді кезіп кетеді. Әлемді кезген сапарында егіздер оқу-білімінің тұңғиығына бойлап, көкке ұшады, сиқырды игереді. Бір заматта бірнеше жерде болып, өзін-өзі клондай да алады. Жалаң қылыш ұстап, жанығып жеткен жаулары бір үйден қырық Ғалиды көріп таң-тамаша болады.

Біз осы күнгі заманауи көркем шығармалардан тұлғаның екіге жарылып, бір бейнеде екі түрлі мінездің өмір сүруін жаңалық қылып жүрсек, біздің жыршылар адамды «инкубаторлаудың инновациясын» баяғыда-ақ игеріп, жалқы бейнеден жалпы бейнені тудырып, қарасын қырыққа жеткізіп қойыпты ғой. Әлде бұл Қырық Шілтен мотивінің дала дастандарында кездесетін кезекті нұсқасы ма екен, қалай десекте, әдеби үлгілерді өзімізден іздеп, өзімізге үңіле түссек, әлдекімдердің таңсығы бізге қаңсық болуы бек мүмкін. Сонымен, Ибн Сина… Он алты жасында дерт пен дауаның қыр-сырын түсініп үлгерген медицина пірінің «Китаб әл-Канун фи-т-тибб» яғни «Дәрігерлік ғылымның канондары» кітабы Еуропада XII ғасырда араб тілінен латыншаға тәржімаланып, тәржіма қолдан қолға өтіп көшіріледі. Батыста баспа өнері дамып, баспа станоктары сақылдап іске кіріскенде, «Канонның» таралымы Библияның таралымымен бәсекелеседі.

1473 жылы латын тілінде, 1593 жылы түпнұсқа араб тілінде жарық көрген «Канон» көптеген тілдерге аударылды. Денсаулық сақтау ілімінің бетіне қылау қонбаған қайнар көзі іспетті бағаланып, жүздеген жылдар бойы дәрігерлердің қолында келеді. «Канон» дерттің құпиясын, денсаулықтың сырын ашып, медицина өнерінің өлшеусіз өрісі болып, ауру-сырқауды ескертіп, науқастанған адамға қалай ем-дом жасаудың мүмкіндігін ескертіп, ескірмей-ақ келеді. Ендеше қазақ баласы қасиет тұтып, маңдайына басуға, танып-білуге тиіс осы кітап қазақ тілінде бар ма? Көрдік: орыс тілінде бар. Естідік: өзбек тілінде де бар. 1934 – 1961 жылдар аралығында «Канон» XII ғасырдағы қолжазба нұсқасынан түпқотарылып еш өзгеріссіз, бұрмаланбай, сырланбай, түсініктемелері, керекті деректі мәліметтері қоса көрсетіліп, өзбек және орыс тіліне аударылып қойған. «Туысқан өзбек тілі мен «отарласқанымызға» пәленбай жыл болған орыс тіліндегі «Канонның» жалқы не жарты беті қазақшаға аударылды ма?» деп, біраз уақыт болды, білетіндерден сұрап көрдім, өкінішке қарай, ешкімнен жарытып жауап естімедім. «Канонды» айтамыз, Ибн Синаның қайда туып, қалай өмір сүргенін, қандай ғалым болғанын, соңына нендей еңбектер қалдырғанын толық білеміз бе?

Аңыз-ертекшіл ата-бабаларымызға, сосын, жыршы Қуаныш Баймағамбетовтың әруағына рақмет, алайда аңыз бен дастан Әбу Әли Ибн Синаның әспеттелген, көркемделген, қиялдан, шабыттан туған бейнесін ғана баян етеді. Осыны ойлап, әрі туған тілімде, қазақ тілінде, ұлы адамның ресми өмірі туралы кітап не танымдық мақала кездестірмегеніме қынжылып, оқырман қауымға Әбу Әли туралы қысқаша әңгіме айтып беруді жөн көрдім (Ескерту: егер Ибн Синаның өмірін өз тілімізде бізге дейін баян еткендер болса, білместігімізге алдын-ала ғафу өтінеміз, ал медицина пірінің өмірін толықтырып, еңбектерін аударамын дейтін талапкерлер табылып жатса, жариялауға дайынбыз, мархабат). Өлкелер мен аймақтарды бөліп-жарып, ерекшелеп айтуды қатаң дәстүр етіп ұстанған кітап беттері Әбу Әли әл-Хусейн Ибн Абдолла әл-Хасан Ибн Әли Ибн Синаны «980 жылы дүниеге келген Орталық Азияның тумасы» дейді. Әбудің әкесі – Абдолла Ибн Хасан мәдениетті әм дәулетті адам болыпты.

Абдолла жас кезінде, қазіргі қасаңдау тілдің қайырымына салсақ, қызмет бабымен Афшана аймағына барып, сол жерде болашақ ұлы адамның анасымен бас құрайды. Ибн Сина өмір сүрген Х ғасырдың жылнамашысы Мұхаммед Наршахи: «Афшанада қамалы берік соғылған қала бар. Қалаға бірнеше қыстақ қарайды. Қыстақтарда белгіленген күндері базар болады. Халық қаладан базарларға қарай ағылады, базар қонған маңды жұрт киелі санайды», – деп жазады. Соңына мол мұра жазып қалдырған Ибн Сина туған жері, ата-анасы мен өзі туралы деректерді тізіп, өмірбаянын хатқа түсіріп отырған көрінеді. Замандастары да, әсіресе, ширек ғасыр қасынан қалмай өмір сүрген серігі, досы, шәкірті Әбу Убейд әл-Жүзжани де Ибн Синаның өмірі мен шығармашылығынан куәліктер береді.

«Менің әкем, – дейді Ибн Сина өмірбаянында, – Балхтан Бұхараға Нұх ибн Мансұрдың әмірлігіне сарай қызметкері болып келген. Әкеме Бұхараның шет аумағындағы Хармайсанның билігі беріледі де, Афшанадағы бір қыстақтан ол менің анам Ситараны – Жұлдызды кездестіріп, үйленеді. Ата-анамның тұңғышы – менмін, менен кейін інім дүниге келді». Балх (қазақша айтылуында – Балық) – қазіргі Ауғанстанның аумағындағы ескі қала. Ибн Синаның ізіне түскен кейінгі зерттеушілер: «Анасының есімі мен әкесінің шыққан тегіне байланысты ол Орталық Азиядағы автохтонды елдің парсы-дари тілінде сөйлеген бел баласы еді», – деседі. Әбу жанын рахаттандыру үшін осы тілде «төрттағандар» жазыпты. Хусейн беске толғанда әкім Абдолла отбасымен Бұхараға көшіп келеді де, баласын бастауыш мұсылман мектебіне береді. Бұл мектепте Әбу он жасқа толғанша оқиды. Сауат ашқан мектебі жайында ілімгер: «Содан кейін біз Бұхараға көшіп келдік. Әкем мені Құранды оқытып үйрететін молда мен сөз өнері ғылымынан дәріс беретін мұғалімнің алдына апарды.

Он жасымда мен Құранды жатқа айтып, сөз өнерін игеріп, жамағатымды таң қалдырдым» деп жазады. Хусейн сауат ашқан Бұхара қаласы (өзбекше Buxoro қаласы – қазіргі Өзбекстан Республикасының Бұхара уәләятының орталығы) Х – ХІ ғасырларда даңқы асып, шалқыған шаһарлардың бірі болды. 892 – 907 жылдары бой көтерген Исмаил Саманидтің мазары құрылыс өнері өркендеген бүгінгі күннің өзінде көз арбайды. Шаһарда ақындар, ойшылдар, музыканттар, архитекторлар, ғалымдар, дәрігерлер өмір сүрді. Фирдоусидің «Шах-намесі» жырланған, Рудаки мен Дакикидің аузынан маржан жырлар төгілген, әл-Фараби Аристотельмен тілдескен сол байтақ шаһарда адамзаттық ақыл-ойға кенен тағы бір кемел тұлға мәңгілік уақытты бетке алып келе жатты.

Әмір сарайында лауазымды қызметі бар, дәулеті отбасына жетіп артылатын Абдолла көзі ашық, көкірегі ояу, мәдениетті, зиялы қауымның қатарында болса керек, төңірегіне сөз білетін, арғы-бергіден хабары мол ғалымдарды, ақындарды жинап алып мәслихат құрғанды ұнататын. Сондай келелі кеңестер мен мән-мағынасы терең мәслихаттарға ақылды әке тоғыз-он жастағы Әбудің де қатысып, үлкендердің әңгімесіне құлақ түруін құп көретін. Келелі кеңес, мәнді мәслихатпен өтіп жатқан күндердің бірінде Абдолланың сарайына хорезмдік Әбу Абдолла ан-Натили келеді. Бұл шамада талабы таудай жас бала Әбу Әли әкесінің ғалым достарынан сұрап, түртініп, ізденіп, өз бетінше астрономияны, математика мен физиканы, философияны, географияны, логиканы, заңтануды кәдімгідей меңгеріп алған еді.

Үлкен емші әрі философ Әбу-л-Фарадж ибн ат-Таййибтің алдын көрген Абдолла ан-Натили туралы әл-Бируни: «Мен Абдолла ан-Натилидің жер бетіндегі тіршілік туралы ой-толғамдарын оқыдым» деп марқаяды екен. Демек Абдолла ан-Натили де замана ғұламаларының бірі болғаны. Әбу Убейд Жүзжани қағаз бетіне түсірген Ибн Синаның өмірбаянында екі дегдардың кездесуі былайша баяндалады: «Ол келіп мені ғылымға үйреткенге дейін мені ата-анам үнді есебін жақсы білетін әрі базарда көкөніс сататын кісіге жіберіп тұрды. Бір күні Бұхараға философияның білгірі Әбу Абдолла ан-Натили келді. Әкем мені оқу-білімге жетелер деген үмітпен Әбу Абдолланы біздің үйге жайғастырды. Оған дейін мен фикхті оқып, осы пән бойынша аскет – Исмаил аз-Захидтің сабағына барып жүрдім. Мен сонда өткір сауалдар қоятын алғыр шәкірт болдым».

Әбу Абдолла ан-Натилиден араб тіліндегі антикалық философия мен Платон ілімін жаңғыртқан «Исагуджи» кітабын, Евклидтің кітабын, «Альмагесті» оқып дәріс алған бала шәкірт ұстазына қиын сұрақтар қойып қинай бастайды. Сонда оған ұстазы тұрып: «Сен енді өз бетіңше оқып-үйрен, сауалдарға да жауапты өзің ізде», – деп, батасын береді де, озат оқушының ата-анасына: «Мына бала ғылымнан өзгеге көңіл бөлмесін», – дейді. «Альмагест» – Греция мен Таяу Шығыс­тың астрономиялық білімін жинақтаған Птоломейдің классикалық еңбегі. Бұл кітап ғарышқа адам ұшырып, ашық кеңістікке шығып отырған бүгінгі заманда да астрономия ғылымының нақты дерек көзі есебінде ғасырлармен бірге жасап келеді. «Өмірбаян» былай дейді: «Сосын мен «Альмагеске» өтіп, кітаптың геометриялық фигуралар туралы тарауларын ақтара бастағанымда, ан-Натили маған: «Геометриялық фигуралар туралы өзің оқы», – деді. Және мынаны айтты: «Өз бетіңше оқы, теоремалардың түйінін өзің тарқат, өзің қорытынды жаса да маған кел, мен саған қорытыңдыңда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетіп беремін». Осыдан кейін мен кітаппен оңаша қалдым.

Кітаптан оқығандарым бойынша байламдарымды жасап, мағынасына жете қоймаған бұлыңғырлау бірер сұрағыма ғана ұстаздан анық жауап алдым. Ал кітапта сауал көп еді, соның бәрінің жауабын оқытушым менен естіп, менен үйренді. Дәрісіміз бір кезеңге жеткенде ан-Натили менімен қош айтысып, Горганға жүріп кетті. Мен оқуымды, кітап жинауымды жалғастыра бердім. Қолыма физика, метафизика жайында трактаттар тиді, сөйтіп алдымнан ғылымның қақпасы ашыла түсті». «Өмірбаян» беттері алдынан ғылымның қақпасы ашыла түскен жас өреннің логиканы, философияның барлық тарауларын оқып тауысқанын, осы уақытта тұяқ серпіп толық бір түн ұйықтамағанын, ал күндіз ғылымнан өзге ештеңеге мойын бұрмағанын баяндайды.

Айтпақшы, бәрін бірден біліп, бірден түсіне қоятын Хусейнге метафизика қиынға соғады. Алдырмайды, тереңіне бойлатпайды. Сөзіміз құрғақ болмасын, бұл ретте тағы да «Өмірбаянға» жүгінейік. «… Логика мен математика ғылымын тауысқан соң теологияға көңіл аудардым, «Метафизиканы» оқыдым. Бірақ мен ол кітаптың жазылу мақсаты мен мағынасын ұға алмадым. Кітапты қырық рет оқыған шығармын, тіпті оның әр сөзін жаттап та алдым, әйтсе де, «Метафизика» меңзеген жаққа беттей алмадым, түсінбедім. Соған налып өзіме өзім: «Бұл ешкімге құпиясын ашпайтын кітап болса керек» дедім. Метафизика меселін қайтарған арынды оқымысты, алғыр шәкірт бір күні Бұхардың кешкі базарын аралап жүріп, жайлап қолжазабалар мен кітаптар сататын саудагерлердің қатарына барады.

Әлқисса. «Өмірбаян» айтады: «Бір күні кешқұрым базар барып, қолжазабалар сататын саудагерлерге жолықтым. Бейтаныс саудагер қолына ұстаған әлдебір кітапты басынан асыра көтеріп, даурыға мақтап тұр екен. Ол маған кітабын ұсынды, мен кітаптың бетін ашып парақтадым да: «Бұл ғылымнан еш пайда жоқ», – дедім. Саудагер сонда: «Сіз бұл кітапты сатып алыңызшы, кітаптың иесі ақшаға сондай мұқтаж жан, мен оны сізге үш дихрамға беремін», – деді. Мен саудагердің өтінішін жерде қалдырмай кітапты сатып алдым, сөйтсем, ол «Метафизиканың» мән-мағынасын ашып, мазмұнын түсіндірген Әбу Насыр әл-Фарабидің кітабы екен. Үйге келісімен шұғыл түрде кітапты оқуға отырдым. Оқыған бетте маған кітаптағы ойлардың іргесі түріліп, күрделі беттерінің мағынасы айқындала түсті. Мен бұл кереметке қатты қуанып, Тәңірімнің осы берген сыйы үшін ертеңінде қаріп-қасірлерге садақа тараттым».

Қазір ғой, іздеген жанға жер бетінен кітаптың «жеті атасы» табылады. Ілім-білім «қиындық тудырмайын» дегендей, жұмыс үстеліңіздің үстіндегі компьютердің ішіне кіріп алды. Алайда біз жылтыраққа құмармыз. Алматының кітаптар сатылатын шолақ базарларын былай қойыңыз, кітап дүкендерінің өзі көпшіліктің көңілін тауып, қыбын қандыратын мазмұны арзан кітаптармен көз арбайды. Ал бір кездегі Бұхара қаласының базары болса, әне, жас Әбу Әлиге әлемнің екінші ұстазының кітабын сатып тұр және оны сатып алмасына қоймайды. Қиял мен түйсікке ер салып, ерінбей шарлап байқасаңыз, біздің аймақтағы көне базарлар бүгінгінің алып-сатарлары жайлаған жабайы базар емес, ғалымдар, ойшылдар, ақындар, музыканттар бас қосатын кең алқалы мәдени орын болса керек. Музыка, философия, математика, физика жайынан толайым еңбектер жазып, барлық ілім-білімнің басын қайырып,

«Ғылымның классификацияын» жасаған, медицинаның міндетін айқындап, «Адам тәнінің мүшелері» туралы трактаттар жазған Әбу Насыр мен соңына 300-ден астам еңбек қалдырған, әр еңбегі, 10 («Араб тілі кітабы»), 18 («Емшілік кітабы»), 20 («Әділеттілік кітабы») кітаптан тұратын мол мұраның иесі Әбу Әли Бұхара базарында осылайша «табысыпты». Ғылым-білімге жетіліп, бұла өскен ұл гүлжазира Бұхарда жүре берсін. Біз шаһардың әміршісі Нух ІІ ибн Мансурге келейік. Ибн Мансур – иелігіндегі шаһарды ерте орта ғасырдың ғажайып елдімекеніне айналдырған саманидтер ұрпағы. Ұлы Жібек жолын кешкен түйелер керуені Бұхараға соқпай кетпейтін. Қалада өзінше бөлек-бөлек сән құрған ұсталардың, шеберлердің, тігіншілердің, құмырашылардың орамдары (квартлдары) болатын. Оқымыстылар, ойшылдар, ғалымдар, ақындар, музыканттар, балкөмей әншілер осы қалада еді. Саманидттер билігі Мәуреннахрды, Хорасанды, Иранның солтүстігі мен шығысындағы елді сұрап тұрды.

Осынау байтақ өлкеге әмірі еркін жүрген Нух ІІ ибн Мансур бір күні ауырып, төсек тартып жатып қалады. Әмірші шалдыққан дерттің беті қатты. Сарай емшілері, уәзірлер «әміршіні Әзірейілдің жетегінен қалай алып қаламыз» деп жанталасқанда бір кемел кісі: «Ау, жамағат, бұл шаһарда Әбу Әли бар емес пе, соның біліміне жүгінелік», – деп кеңес айтады. Сөйтіп сарайға Әбу Әли әл-Хусейн Ибн Абдолла әл-Хасан Ибн Әли Ибн Сина келіп кіреді. Бірер күн сарай емшілерімен бірге қызмет қылған Ибн Сина әміршіні төсегінен тұрғызады. Хусейннің қызметіне риза болып, көңілі тасыған Нух ІІ ибн Мансур Әбуден қалауын сұрайды. Әбу Әли әміршінің кітап қоймасын көруге ынтық екен. Әмір оқымысты Әбу Әлидің тілегін қабыл етеді. «Өмірбаян» жазбасында Ибн Сина Нух ІІ ибн Мансурдің кітап қоймасының байлығына таңданып: «Мен оқыған сол кітаптарды ешкім әлі оқыған жоқ. Керек десең, ол кітаптардың аты мен затын да ешкім білмейді. Кейін де ол кітаптарды мен еш жерден кездестірген емеспін», – дейді.

Бар-жоғы 18 жасында өз заманының оқуын түгел оқып, ғылымын тауысқан Ибн Сина: «Одан кейін мен үшін құпия нәрсе қалмады» дегенді ескертеді. Өйткені «Өмірбаян» жазбасында: «Содан соң мен дәрігерлік ғылымға барынша ден қойып, кітаптар оқи бастадым. Ал медицина ғылымы соншалықты қиын ғылым емес, соған орай мен бұл ғылымды аз уақытта меңгеріп үлгердім де, айналамдағы әйгілі емшілер менен ақыл-кеңес сұрауға үсті-үстіне келіп жатты. Мен науқас жандардың жанында болдым, соның нәтижесінде емшілік қабілетім ашылып, тәжірибем арта түсті. Бұнымен қатар мен фикхті оқып, түрлі пікірталастарға үзбей қатысып жүрдім. Ол кезде жасым он алтыда еді», – дейді.

Білімі асқан жас ғалым жазуға да ерте қол созады. Әбу әл-Хасан әл-Аруди дейтін хошнасының өтінішін ескеріп, қаламын сия-сауытқа малып отыра қалған Хусейн математикадан өзге ғылымның барлық саласынан алған білімінің басын қосып, «Жинақ» жазып бере салады. «Жинақта» математикадан өзге ғылымның барлық түрін қамтыдым, сонда жасым жиырма бірге қараған-ды», – дейді «Өмірбаян» авторы. Әбу Бәкір әл-Барки дейтін тағы бір көршісінің көңілін қимай, 20 шақты кітаптан тұратын «Қорытынды және нәтиже» деген еңбегін де көпке ұзатпай жазып тастайды. «Әбу Галиб әл-Аттардың үйінде бой жасырып тұрып жатқан шейхтен «Емшілік кітабын» аяқтауды сұрадым. Ол Әбу Галибті шақырып, қағаз, қалам алдырды да, көлемі 1/8 қағаздың 20 бумасына екі күн тынбай жазу жазды.

Шейх «Емшілік кітабын» ешқандай дереккөзіне қарамай, жадынан шығарып жазды. Содан кейін шейх жазу түскен қағаздардың орамын ашып, тақырыптар мен тақырыпта қамтылған мәселелерге түсініктемелер жазды. Ол күніне 50 парақтан жазатын еді» деп, куәлік айтады ғұламаның досы әм шәкірті Жүзжани. Біз Ибн Сина өмірінен жазып отырған аз-кем деректі мақаламызды «Қазақ әдебиетінің» айқара бетіне ғана арнағандықтан, осы арадан тізгін тартамыз. Ибн Сина саманидтер билігі әлсіреген соң 1000 жылдары Хорезмге, одан Гурганжге барады. Гураганжіден дәруіш кейпіне еніп, Горганға, Горганнан Реяға, Реядан Хамадан (Иран) өтіп, Хамаданнан Исфаханға ауады. Хамаданда Ибн Сина сарай уәзірі (министр) де болады. Исфаханда әр күнін ғылымға арнап, 13 жыл алаңсыз өмір сүрген ғұлама жолаушылап келе жатып.., түйнемеден қайтыс боп кетеді. Мың сан дерттің дауасын білген медицина падишахы сөйтіп түкке тұрмайтын түйнемеге қарсы өз бойынан дәрмен таба алмаған екен… Қасында шәкірті Жүзжани болыпты.

Қуаныш Баймағамбет ұғылы (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, «Жетікөл» ауылының тумасы, жыршы. 1895 жылы дүниеге келіп, 1973 жылы қайтқан) «Әбуғалисина, Әбілхарис» дастаны аяқталар тұсында былай дейді:
«Ешкімге әшкере етпе өлігімді,
Орында менің айтқан сенімімді.
Алжаспай дәрілерді жұмса тегіс,
Ұстаздан алсаң мақтау орыныңды».
Мақұл деп қабыл алып иді басын,
Мүлтіксіз орындауға уағдасын.
Көз жұмып Ғалисина өлгеннен соң
Қолға алды Жамас хакім тапсырмасын».
Хакімнің тапсырмасы «шыншадағы дәріні табыттағы тәніме құй» болатын. Жамас дәріні құйған сайын өлі дене… тіріле бастайды. Бірақ шәкірттің көңіліне арамдық кіріп, ұстазының даңқы жолына кедергі болатынын ойлап, шыншадағы сұйықты төгіп тастайды. Жамас дәріні төгіп тастамаса, Ғалисина мәңгі жасайды екен.

Біздің жыршыға сенгіміз келеді: әттең-ай, Жамас жамандық қылмағанда Ғалисина осы күні Ажалды да жеңер еді-ау… Бірақ ол жер бетінде қарапайым пенделердің өмірін сүріп келді де, ақырында медицинаның піріне айналып кетті. Медет ет, Сина! «Өмірбаянда» Жүзжанимен қоштасқан ғұлама:
“Дүниеден біз де өтерміз,
Өзімізбенен бір белгі алып кетерміз.
Шерменде болып бекер біз,
Ештеңені де түсіне алмайды екенбіз!” – деген бәйітті күбірлеп жатып бұ дүниеден озыпты.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий