Онлайн сөйлесудің мәдениетін білеміз бе?

«Қазақстанның 100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы Нұржан Жолдыбалинов «Қашықтық сервис қызметімен жұмыс кезіндегі бастапқы дағдылар және мінез-құлық мәдениеті» тақырыбындағы тікелей эфирде ұйымдастырған шеберлік дәрісін де осы мәселе сөз болды, – деп жазады республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.

Қазіргі таңда  бұл өзекті тақырып болып келеді. Себебі, жүздеген адамдарға арналған онлайн конференциялар әлемнің кез келген нүктесінде жұмыс істеуде. Іс жүзіндегі бейнеқоңыраулар біз ойлағандай идеалды емес. Сол себепті азаматтарға ыңғайлы болу үшін бейнеқоңырау шалудың қарапайым ережелерін білу қажет. Осы тақырып бойынша Нұржан Жолдыбалинов ең нақты 10 жолын көрсетті. Алдымен бірінші кезекте конференция барысында адамның сыртқы келбеті дұрыс болуы керек. Яғни, үстіміздегі киімге,шашқа аса мән беру қажет. Екіншіден – тиісті фонды таңдаңыз. Үшінші – аты-жөніңізді жазыңыз. Мәселен, онлайн конференция өткізіп жатқан компанияға кірген қатысушының телефон атауы ғана шығып тұрады. Оған тіркелу арқылы аты-жөніңізді өзгертесіз.

Төртінші – профайлға фотосуретті салыңыз. 5. Егер сіз сөйлемесеніз әрдайым дыбысты өшіріңіз. 6. Қалай отырғаныңызды бақылаңыз. 7. Жазбаларды қағазға немесе басқа құрылғыға жазып алыңыз. 8.Егер айтқыңыз келсе қолыңызды көтеріңіз. Қазір көптеген сервистарда, зум секілді приложенияларда өзінің әр түрлі смайликтары бар. Сұрақ қояр кезде қол көтеру батырмасы арқылы қойылуы керек.9. Уақытты қадағалаңыз. 10. Көзді ұстаңыз Болып жатқан конференцияны тек соған ғана арнау қажет. Себебі, көптеген адамдар  өздері  айтып болғаннан кейін басқа да жұмыстарын істей бастайды. Сонда ол айтып отырған адамға өте қатты әсер етеді. Мені тыңдамай отыр деген ойлар кетеді. Сіз сол конференцияға қатысқанннан кейін, мониторға тік қарап, ешқайда алаңдамауыңыз керек. Нұржан Жолдыбалинов – ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, IT технология саласының маманы.

Жалпы айтқанда тіл – жанды құбылыс. Тіл мәдениеті дегеніміз – бір қарағанда, тілдік норманы сақтап сөйлеу, дұрыс жазу деген түсінік. Алайда бұл ұғым-түсінікке дәл өз мағынасында тереңірек ой жіберсек, сөздік қоры дамыған оралымды, бай тілдің ұлт мәртебесін асқақтатып, халқына қызмет ету үшін қарапайым сөйлеу тілінен бастап, сан түрлі бояуға қаныққан тілге айналуы сатысында соншалықты қиын қалыптасу кезеңі жатыр. Тіл мәдениетіне барар жолдың бастауы – сөйлей білу. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсінісу, айту, пікірлесу әрекетіне тікелей қатысты құбылыс, – деп жазады “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫНЫҢ” сайты.

Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойларымызды сыртқа білдіре аламыз. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласының сана-сезімінің дамуында дыбысты тілдің пайда болуының маңызы зор болды. Сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Ж. Баласағұн «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп тауып айтқан.. Көне замандағы мәдениет ошақтарының бірі – шумерлердің тас табақтарына былай деп жазылған екен: «…аузыңа абай бол, көкейдегі ойды айтуға асықпа, ойланбай сөйлесең, опық жейсің…», ал мексика халықтарында «сөйлегенде сабыр сақтаған жөн, асығып-аптықпа, қызбаланба, дауысыңды көтерме, сөзің орынды да ұрымтал болсын» десе, үнді заңында «қандай бір қиын жағдайда да балағат сөзге тыйым салынады, көкейге қонымды, көңілге ұнамды сөздер ғана айтылсын» делінген.

Бұл адамның сөйлеу тілінің адам өміріндегі маңызын, жөнімен сөйлей білудің қажет екенін, сөздің құдіретін мойындаудан туған жауапкершілік. Тіл дедік, сөйлеу дедік, ал енді сөйлеу әдебі дегеніміз не?  Сөйлеу әдебі ағыл. speech etiquette – Тіл практикасының ұлттық, өзіндік ерекшеліктерге ие қағидалары; бұл ережелер әңгімелесушімен «сыпайы, биязы» байланыс жасауға (байланысты орнату, оны қолдап отыру, байланысты тоқтату) қоғам тарапынан бекітілген қалыпты нысандар мен тілдік бірліктер жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сөйлеу әдебінің жағдаяттары ретінде назар аудару және назарды өзіне аудару, амандасу, танысу, шақыру, өтініш, кеңес беру, ұсыныс жасау, келісу, қарсы болу, кешірім сұрау, көңіл айту, қошемет сөз айту, құттықтау, қоштасу және тағы да басқа түрлерді атауға болады.

Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар, адамның мәдениеттілігі мен адамның қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады. Адам – қоғам өкілі, белгілі бір ортаның саналы тұлғасы. Қоғамдық қарым-қатынастың ішінде адамның түрлі субъекті не объектімен қарым-қатынасында тілдің орны әрдайым басты рөлде болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілділік пен адамгершілік қасиеттер тіл арқылы көрініс табады. Сөйлеуші жақтың тыңдаушыға деген құрмет-қадірінің қаншалықты дәрежеде екені де сөз жұмсалым арқылы беріледі. «Тіл барлық заттар мен құбылыстарды, т.б. таным белгілерді ұғынуға көмектеседі. Адамның рухы мен ішкі эмоциясын, сондай-ақ, адамдық қарым-қатынастан туған адами сыпайылықты да айқын көрсетеді».

Сыпайылық ағыл. politeness – әңгімеге қатысушылардың Тілдік практикасының көрінісі; бір-біріне құрмет көрсетудің әдістері; мыс., Сен-Сіз есімдіктерін, әңгімеге қатысушының лауазымын, атағын (мыс., доктор, профессор), қазіргі кезде сөйлеу этикетінің (әдебінің) мәдениетін көрсететін ханым, мырза сөздерін, әңгімеге қатысушының өз ісіне, кәсібіне қосқан үлесін көрсететін (мыс., әдебиеттің ақсақалы) шынайы қошемет сөздер мен сөз тіркестерін әңгіме барысында қосып отыру сыпайылықтың белгісі болып саналады. Сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталады. Оған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейін. Бірсыпыра замандастарымыздың (қала тұрғындары) ауызекі сөйлеу тілінде қазір «Мен Байзақовада тұрамын», «Мақатаевадан трамвайға мінемін» деген орысша-қазақшасы араласқан қойыртпақ тіркестер пайда болды. Мұның қалай? – десең, «әдет қой» дейді. Сонда, біз білетін Иса, Мұқағали әйел болғаны ма?! Неге олай ойланбастан сөйлейміз? Мемлекеттік тілді үйренуші өзге ұлт өкілдері осындай қойыртпақ қолданыстарды естіп не дейді?

Енді бірде студенттер мен мұғалімдердің тілінде ешбір қажетсіз қыстырма сөздер (жаңағы, сонымен, сөйтіп, ал, иә, қалай, нетіп, не қылып, анау, не, әлгі) көп кездеседі. Көптеген студенттер ойын жеткізе алмай қысылғанда аузыма сөз түспей тұр, тілімнің ұшында тұр, көкірегімде бәрі сайрап тұр, айтуға тілім жетпей тұр деп мүсәпірлікке ұрынады. Сондықтан да бірінші мәселе: сөйлеу әдебін қалыптастыратын сөйлеу сапаларын әрдайым ескеру қажет. Сөйлеудің сапаларына кіретіндер: мінсіздігі, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қисындылығы, мәнерлілігі, бейнелілігі, әсерлілігі, орындылығы, түсініктілігі. Студент тілінде болатын кемшіліктердің себептері: ортаның әсері; студенттің сөйлеуіне жергілікті тіл немесе басқа тіл әсер етеді; көшенің әсері (дөрекі, былапыт тіл); сөйлеу дағдыларының жоқтығы (оқу орнының тіл дамытуға немқұрайлы қарауы); жекелеген студент тіліндегі кемшілік (сақаулық, быдықтық, мыңғылдық).

«Сөйлей білу – өнер». Бұл өнерді қажымай-талмай, үздіксіз, жан-жақты ізденіп, өзін-өзі баптап, машықтану арқылы игеруге болады. Әрбір тұлға қоғамда белгілі бір орынды иемденеді және нақты міндеттерді атқарады, ол үшін соған сәйкес оның құқықтары мен міндеттері, яғни белгілі бір әлеуметтік мәртебесі болады. Әлеуметтік мәртебе адамның үлкен әлеуметтік топтың өкілі ретінде (мамандық, тап, ұлт, жыныс, жас мөлшері, дін) қоғамдағы орны. Әлеуметтік мәртебе ағыл. social status – құқықтарын, міндеттерін және мінез-құлықтың өзара алмасу кезегін (оның ішінде Тіл практикасы да) қамтитын, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы жеке адамның орны, жағдайы. Әлеуметтік мәртебе өз кезегінде адамның дүниеге келген сәтінен белгіленген, яғни субъектінен тәуелсіз, туғаннан сақталатын мәртебе: нәсілі, жынысы, ұлты және қол жеткен, яғни индивидтің өз күшімен жеткен мәртебесі болып бөлінеді.

Кейде индивидтің аралас мәртебесі де болады. Ол жоғарыда аталған мәртебелердің екі белгісінен тұрады. Әдетте бір тұлғаның өзінде бірнеше мәртебе болады. Тұлға екі немесе одан да көп әлеуметтік топтардың, институттардың, қауымдастықтардың, ұйымдардың, т.б. субъектісі болып табылады. Мысалы, тұлға: еркек, әке, күйеу, бала, оқытушы, профессор, ғылым докторы, редколлегия мүшесі. Бір адам әртүрлі адамдарға қатынасына сәйкес қарама-қарсы мәртебені де иеленеді, айталық, тұлға өзінің балалары үшін – әке, ал өзінің анасы үшін ол – ұлы болады. Бірақ сол мәртебелердің бірі адамның қоғамдағы ахуалын анықтайтын негізгі, басты мәртебе болып саналады. Мұндай мәртебе көбіне-көп негізгі жұмыс орнындағы қызметпен байланысты болады.

Мысалы, ер адам үшін негізгі жұмыс орнымен анықталады: банк директоры, заңгер, жұмысшы, ал әйел адам үшін – тұрғылықты жерімен айқындалады. Бұдан да басқа нұсқалары болуы мүмкін. Бұл басты мәртебенің салыстырмалы екенін көрсетеді, оның жынысқа, нәсілге немесе мамандыққа байланысты емес екендігін анық көрсетеді. Тағы да бір үлкен ерекшелік – тұлғаның сөйлеу әдебімен байланысты. Яғни, тұлғаның тілі, сөзі, сөйлеу әдебі оның әлеуметтік мәртебесін анықтауда үлкен рөл атқарады. Жалпы, біз осыған байланысты адамдарды әлеуметтік мәртебелеріне қарай төмендегідей топтастырдық: жоғарғы әлеуметтік мәртебе (депутаттар, іскерлер, ішкі істер қызметкерлері т.б.); ортаңғы әлеуметтік мәртебе (мұғалімдер, дәрігерлер т.б.); төменгі әлеуметтік мәртебе (студенттер, жастар т.б.). 

Енді осы тұлғаларға қатысты кішігірім сауалнама қорытындысын баяндай кетейін. «Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры қайда орналасқан? деген сұрақ бойынша бірсыпыра замандастарымыз «Абылай хана Маметова» деумен болды. Ол жайында жоғарыда тоқталып өттік. Тағы бір байқайтынымыз көрсетілген бейнебаянда 3 мұғалім бар. Және де олар сұраққа сүрінбей жауап берді. Бұл көңіліңді қуантады. Және оларды анықтау қиынға соқпады. Сауалнама қорытындысы бойынша сөйлеу әдебін жиі сақтайтындар қатарына ортаңғы әлеуметтік топ өкілдері жатады. Ал қалған екі топ әзірге артта келеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Онлайн сөйлесудің мәдениетін білеміз бе?

  1. Өте актуалды мәселе. Маған, мысалы, мақаланың шұрайлы, жатық, ұғымды тілі ұнайды. Бірақ… меніңше, өкінішке орай, қазір көп қазақ мақаланың көлемінен, сөйлемдерінің шұбалаңқылығынан, қою бояуынан шошиды, түсінуге қиналады, оқи алмайды. Әсіресе жастар жағы өте асығыс және “техникалық тілге”, яғни ешбір бояусыз, нақты да қысқа сөзге үйренген сияқты маған. Ойымды қазір түсіндіре алдым ба білмеймін. Бірақ осы ойыма байланысты, мақалаларды жұмырлау, құрмалас сөйлемдері барынша аздау, жалпы логиканы, мағынаны беретін нақты сөздермен, бояуын қоюлата бермей беру керек сияқты. Бұл мақаланың мәні мен құндылығын төмен түсіру деген емес, әлі де барынша үнемді де айқын тілге өту керек шығар. Қарапайым халыққа қарабайыр да жабайы тілмен айт демеймін, барынша айқын, әдеби емес, тұрмыстық немесе қоғамдық тілмен сөйлеу керек, оның да өз техникасы, стилі бар дегенім ғой. Мақала әдеби шығарма емес қой. Мен де осы қарапайым халықтың бірі болған соң өз тұрғымнан айтқаным бұл. Ойланып көрерсіздер. Менікі ойға ой қосу.

Добавить комментарий