Вахтерсіз мектеп, хатшысыз директор

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты нұсқаушылардың бірі мектеп басшысы болып табылады. Демек осы орайда ұйымдастырылатын реформалық ізденістердің нақты нәтижесі жүргізілетін жұмыстың сапасына тікелей байланысты. Қазір құбылмалы қоғамда әр түрлі пікірталастар орын алуда: заманауи директоры ең алдымен кім болуы тиіс – педагогикалық қоғамдастық менеджері ме әлде көшбасшысы ма? Осы сауалдарға жауап табу үшін елордалық Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директоры Сафура ТӨЛЕКОВАмен сұхбаттасқан едік. 

Сафура Сейдуәлиқызы, заманауи мектеп бейнесі қандай болу керек? – Бүгінгі мектеп бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыратын алып шеберхана. Әмбебап орталықтағы әрбір детальдің, әрбір «цехтің» өзінің атқарар функциясы болады. Егер бір деталь істен шықса, «шеберхана өнімінің» сапасы төмендейді. Ал, бізге сапалы өнім – сапалы адами ресурс керек. Осы тұрғыдан сипаттайтын болсақ, мектептің барлық құрылымы, қызметі біртұтас организм ретінде қалыптасуы шарт. Ортақ миссия, ортақ құндылықтар, ортақ мақсат және айқын болжам (vision) болуы тиіс. Білім мекемелерінің басқарушылары – заманауи менеджерлер педагогикалық процесті мектеп миссиясы мен болжамға сай жоспарлауды, педагогтар әрбір сабақты ортақ мақсат пен ортақ құндылықтарға негіздеуді бұлжытпай орындайтын «педагогикалық әдетке» айналдыруы тиіс.  Ол үшін үйреншікті, комфортты аймақтан шығып, креативті шешімдер қарастыруға дайын педагогикалық орта қалыптастыру маңызды. Мектептің бейнесін материалдық заттармен емес, үздіксіз кешенді процеспен бағалаған жөн.

Ал, өзіңіз креативті шешімдер қарастыруға дайын педагогикалық орта қалыптастыра алдыңыз ба? –  Қалыптастыра алдым. Дегенмен, бұл «соңғы станция» емес. Қоғамдық сұраныс пен мемлекеттік тапсырыс мектептерден күн сайын жаңа деңгейге сай өзгерісті талап етеді. Ол – заңдылық. Қазіргі ғаламдық ғылыми-технологиялық, ақпараттық прогресс адамдардың да ойлауын, санасын динамикалық тұрғыда дамытуда. Өткен күннің дағдыларымен, ескі көзқарастармен жаңа заман адамын тәрбиелеу мүмкін емес. Осы талапты жақсы түсінген және түйсінген уақытта мектеп мұғалімдері жаңалықты меңгеруге, инновацияны енгізуге өздері келеді. Педагогтарды жаңа идеяға, жаңа үрдіске бағыттау үшін басшының өзі олар үшін «қызықты» болуы керек. Күнделікті жұмысты ұйымдастырудың өзінде педагогтардың жоспарлаған әрекетке деген қызығушылығын арттыратын аз болса да бір «құпия бояу» қосу керек.

Мен өз жұмысымда ұжымдық дамуға басымдық беремін. Әрбір педагогты көшбасшы болуға, педагогтарды өзара тәлімгерлік жасауға, супервайзерлік қызмет көрсетуге бағыттайтын құрылым қалыптастырдым. Мен үшін ұжымдағы әрбір педагогтың  күшті жағын басқалардың тануына жағдай жасау маңызды болды. Мұндай «тану»  педагогтардың өзіне деген сенімін арттырады және өзара сенім пайда болады. Кімнен қандай көмек ала алатынын, кімге қандай көмек көрсете алатынын білген педагог ізденіске, жаңалыққа ұмтылады. Біздің ұжымдағы әр педагогтың жаңа жобаларды іске асырудағы белсенділігі мен  идеяларына қуанамын.  Және әрқайсысының жаңашылдықты «жұқтырғыш» қасиеттері де бар.  Адамның жеке қасиеттеріне сәйкес бәрінен бірдей деңгейдегі нәтиже күтпейтінім шындық. Дегенмен, біздің ұжым мүшелері икемді құзыреттіліктерге ие. Ұжымға сенгеннен кейін мен де директор ретінде ауқымды жобаларға  сеніммен қадам басамын.

Қандай ауқымды жобаларды ерекшелеп айтар едіңіз? – 2016 жылы қалалық әкімдік пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасындағы меморандум шеңберінде «НЗМ менеджментін енгізу» жобасына республикадағы жалғыз пилотты мектеп ретінде таңдалдық. Аталған жоба біздің педагогтардың шабыттануына ықпал еткен керемет мүмкіндік болды. НЗМ ДББҰ әрбір орталығы, IB НЗМ әкімшілігі мен педагогтары бізді қолдаушы менторлар болды. Қазірге дейін әдістемелік серіктестік үзілген жоқ. 2018 жылдан бастап бұл тәжірибе республиканың барлық аймақтарында енгізілді. Тағы бір ерекше жоба –SHARE(school hubs for action research of education) жобасы. 2019 жылдан бастап қалалық әкімдіктің қолдауымен қолға алынған Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлескен зерттеу жобасына конкурс арқылы таңдалдық. Action researchарқылы оқушыға бағытталған білім беру ортасын құруды мақсат еткен бұл жоба 3 жылға жоспарланған. Алғашқы кезеңді аяқтадық. педагогикалық тәжірибені жақсарту үшін астаналық бес мектеп (Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей, №67 гимназия, Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназия, №59 мектеп-лицей және Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей) арасында зерттеуші педагогикалық қауымдастық құрылды.

Алдағы уақытта қауымдастыққа қосылатын мектептер саны артады. Бұл зерттеу – әрекетті зерттеу. Әрекетті зерттеу арқылы процессті жақсарту. Осы жоба арқылы жалпылама сипаттамадан бас тартып,  нақты жағдаятты бағалауға, үздіксіз бақылауға, жүйелі талдауға бет бұрдық, артқы қадам жасауды үйрендік, бір әрекетке бірнеше көзқараспен қарауды дағдыға айналдырдық. Директор ретінде мені де сынға салған тағы бір жоба – мектептің құқықтық ұйымдастырушылық формасының өзгеруі болды. Былтырғы жылдың соңғы тоқсанынан бастап астаналық он бес мектеп «коммуналдық мемлекеттік мекеме» формасынан «шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға» ауысты. Сол мектептердің ішінде біз де бармыз. Педагогикалық процестегі жаңашылдықтарда педагогтарға сенген болсам, бұл өзгерісте мектептегі менеджменттік топқа сендім. Басқару құрылымы, қаржылық – шаруашылық қызмет өзгерді.

Мектепке бюджеттік автономия берілді. Осыған сәйкес, мектеп әкімшілігін, бухгалтерия қызметкерлерін, педагогтардыжаңа басқару формасына моральдық және кәсіби тұрғыда дайындау қажеттілігі туды. Менің өзіме де мектеп қызметіне стратегиялық бизнестік көзқараспен қарауға тура келді. Басқарушылық шешімдер мектеп бюджетін өз күшімізбен көбейте отырып негізгі объект ретінде оқу мен оқыту сапасын жоғары деңгейге көтеруге бағытталуы тиіс болды. Мектептің даму стратегиясы қайта қаралды, оқушылар, түлектер мен ата-аналарды қатыстыра отырып мектеп миссиясына, болжамға және құндылықтарға корректировка жасалды, штаттық кесте мен еңбекақы төлеу саясаты өзгерді. 97,5 штаттық бірлік 75 бірлікке қысқартылды. Штаттық кестеге сай жұмыс істейтін қызметкерлер мен жұмыскерлердің еңбекақылары көтерілді. Педагогтарға ақылы білім беру қызметі арқылы қосымша ақы төлеуге мүмкіндік жасалды.

Мектепке кіргенде вахтер қарсы алушы еді, ата-налар мен келуші қонақтар бұл білім ордасына келгенде осы қалыпты көріністі байқамағанын мақтанышпен жарыса айту арқылы таңданыстарын білдіреді екен. Сондай-ақ, өзіңіз хатшы қыздың қызметіне де мұқтаж емес сияқтысыз… – Дұрыс айтасыз. Бізде вахтер де жоқ, хатшы да жоқ. Қазіргі  диджитал заманда мен директор ретінде өзіме өзім қызмет жасай аламын, өзіме қажетті құжаттар айналымын өзім жүргізе аламын. Сондықтан, хатшы, вахтер және іс қағаздарын жүргізуші лауазымдарын қысқартып «қызмет көрсету орталығын» (reception) жабдықтадық. Оқушыларға, ата-аналарға, педагогтарға және келуші тұлғаларға офис-менеджерлер қызмет  көрсетеді. Кіру-шығу пунктіндегі қауіпсіздік мәселесіне күзет қызметкері жауапты.

Сонымен қатар, өткен жылдары директордың орынбасары лауазымы бойынша сегіз штаттық бірлік  болса, қазіргі күні менде бес орынбасар: білім беру қызметінің сапасын арттыру бойынша, тұлғаны әлеуметтендіру бойынша, мектепті және адами ресурстарды дамыту бойынша және шаруашылық-техникалық қызмет бойынша. «Стратегиялық менеджмент» тренингі барысында біз өзара байланысты кейбір функцияларды біріктіруге болатынын анықтап, кадрлық құрамды қайта қарау барысында барынша ықшамдауға уағдаластық. Соның есебінен ұстаздар ұжымы жетекшісі орынбасарларының да еңбекақы мөлшері жоғарылады. Мектептің басқару формасының өзгеруі бізге осындай мүмкіндіктер ұсынып отыр. Жаңаша формада жұмыс істеу директор ретінде маған да, біздің ұжымға да жаңаша серпін сыйлағаны даусыз.

Алдағы уақытта қолға алынған бұл заманауи өзгерістер тағы қандай қосымша жаңалықтармен толықтырылуы мүмкін? – Қазіргі уақытта республикадағы барлық мектептер сияқты біз де қашықтан оқытудың тиімділігін арттыруға, кезекші сыныптардағы педпроцесті сапалы ұйымдастыруға дайындық үстіндеміз. Дегенмен, тағы да екі жобаның концепциясы жасалып, тиісті мекемелермен жұмыстар жүргізілуде. Оның біреуі «көркем еңбек» пәнінің оқытылуын модернизациялауға, екіншісі 10-11 сыныптардағы оқу жоспарының вариативті компонентін игерудегі жаңа шешімдерге бағытталып отыр. Аталған жобалар толық рәсімделіп, іске қосылған күні отандық педагагтердің бірегей басылымы танылған осы салалық апталық арқылы бар барша оқырмандардың назарына ұсынатын боламыз. 

Мектептеріңізде жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? – Баршаңызға белгілі болғандай 2020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсанында оқушылар қашықтан оқиды. Сонымен қатар, бастауыш сыныптарының оқушылары үшін ата-ана сұранысы мен мектептің мүмкіндігіне қарай кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Кезекші сыныптарды ұйымдастыруда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық ескерілуі керек. Қазіргі таңда мектеп ауласы мен мектеп дәліздерінде, оқу кабинеттері мен санитарлық тораптарға арнайы сақтандыру белгілерін жасап жатырмыз. Сақтандыру белгілерін бастауыш сынып оқушыларының ерекшеліктері мен қызығушылықтарына сәйкес тақырыпта ойластырдық. Медициналық кабинет жанынан оқшаулау бөлмесі жабдықталды.

Мемлекеттік сату алу заңдылықтары шеңберінде дезинфекциялаушы туннель, дезтөсеніш, тепловизор, антисептик, бетперделер сатып алып жатырмыз. Барлық қызметкерлер мен жұмыскерлер арнайы нұсқаулықтан өтеді. Қазіргі күні педагогтар қашықтан жұмыс істеуде. Топтық вебинарлар мен практикумдар арқылы цифрлық педагогиканың тиімді жақтарын меңгеруде. Бірнеше мұғалім республикалық деңгейдегі телесабақтар түсіру жұмысына белсене қатысты. Сонымен қатар, оқушыларға оқулықтар таратылуда. Жаңа жүйеге қатысушы тараптарға барлық жағдайды жасау үшін оқушылар мен педагогтардың техникалық мүмкіндіктері де зерделенді. Әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін оқушыларға, педагогтарға мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі. Басқа да сұраныс тарға сәйкес мұқтаждығы бар әлейметтік топтың өкілдеріне (толық емес отбасы және мүгедек ата-аналардың мектеп жасындағы балаларына) қосымша компьютерлер сатып алынуда. Сонымен қатар қалалық білім басқармасының қолдауымен интернет роутерлерге қол жеткіземіз. Кезекші сыныптарда сабақ беретін педагогтарды да арнайы талаптармен жинақтап жатырмыз. Бұл бағытта жасы мен созылмалы аурулар бойынша дәрігер есебінде тіркелуі және педагогтың жеке келісімі ескеріледі.

Нұр-Сұлтан қаласында кейбір пән мұғалімдері бойынша тапшылығы сезілетіндігі жасырын емес. Сіз басқаратын мектептегі жағдай қалай? – Шынымен де, елордалық білім ордаларында астаналық мектептерде тәжірибесі мол білікті ұстаздардың жетіспеушілігі бар. Сондықтан ұжымдағы әрбір кәсіби маманды аялауымыз керек. Біз биыл 19 педагог қабылдап отырмыз. Оның сегізі дипломды жас мамандар. Бүгінгі күні қажетті құрам толық жинақталды. Жаңа кадрларды қабылдау мәселесін маусым айынан бастап қолға алдық. Сондықтан маңызды мәселе ерте реттелді. Онлайн курстар мен вебинарлар арқылы ұжымға жаңадан қосылатын әріптестеріміздің біліктіліктерін арттыруға кірістік.

Жұмыс іздеп келген педагогтерді таңдау барысында ұжым басшысы ретінде қандай жеке талаптар қойдыңыз? – Ең бастысы әңгімелесу барысында педагогтың біліктілігі мен жұмысқа, қоғамға көзқарасы, коммуникациялық құзыреттілігін білудің маңызы зор. Теориялық білімі мен өмірлік ұстанымына қоса коллаборацияда жұмыс істеуге бейімділігі де ескеріледі. Мектеп директоры лауазымдық қызметіме сәйкес мотивациялық дамытуға негізделген бірнеше сұрақтар қоямын. «Педагог ретінде кәсіби кемшіліктеріңді айтып бере аласың ба?», «Жеке тұлға тұрғысындағы артықшылығың?», «Минустарды плюсқа айналдыру үшін қолыңнан не келеді?», «Әріптесіңізге үйретеріңіз қандай?» дегендей… Сосын кез-келген педагогикалық теория жөніндегі пайымды пікірін тыңдаймын. Оқытатын пәні мен жас ерекшелігіне байланысты сауалдарға да жауап іздеген дұрыс. Жалпы айтқанда тосын көрінетін әрі сүріндірерлік сұрақтардың қатаң тізбесі жоқ.

Ашық әңгімеңізге рахмет. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий