Балабақшаның ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы зор

Қазіргі таңда ата-ана мен тәрбиеші арасындағы ортақ мәселе – жас ұрпақтың тәрбиесі екені баршамызға мәлім. Әлбетте, ата-ана үшін бала – өмір жалғасы, көздің нұры, үміт күткен шырағы, келешек қызық көрсетер болашағы болса, тәрбиеші үшін еңбегінің нәрлі жемісі болып табылады. «Балалар — біздің болашағымыз», – деп жиі айтып жатамыз. Болашағымыздың мықты, сапалы болуы үшін балаларды кішкентай шағынан ерекше күтіп, тәрбиелеу керек.

Әсіресе, ұлттық құндылықтарды перзенттеріміздің бойына жастайынан сіңіруіміз қажет. Дамыған жаңа заманда баланың үйде отырмай, балабақшаға барғаны жөн. Себебі, бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі ашық болады, адамдармен тез араласады. Балабақша ұл мен қызды тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Балабақша тәрбиешілері баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейді. Байырғы бабаларымыз айтпақшы, “баланың тәрбиесі бесіктен басталады”, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Дей тұрғанмен, балабақша, одан кейін мектеп – бүлдіршіннің қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесетін қосымша тәрбие ошақтары болып табылады.

Тәрбиеші – отбасы мен балабақшадағы тәрбиені ұтымды ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болатын ең қажетті маманның бірі. Осы күні қоғамда баланың дамуы үшін балабақша қажет деген пікір кең таралуда. Олай болса, “балабақша балаға не бере алады?”, – деген сұраққа жауап берейін. Ең алдымен, балабақшаға келген баланың санасында жаңа ортаға бейімделу, сіңісу сынды түсініктер қалыптасады. Мәселен, бала өзі қатарлы құрбы-құрдастарымен қарым – қатынас жасауды, топқа енуді, ынтымақтасу икемділігін, белгілі бір ережелерге бағына білуді, өзара әрекеттесуді үйренеді.

Мектепке дейінгі орталықтардағы кезең баланың болашақтағы ересектік шағына дайындық болып табылады. Балабақшада бала сурет салу, жабыстыру, құрастыру сынды іс-әрекеттерді меңгереді. Бүлдіршіндердің бақшада алған білімдері мектепке барған шағында қабылдау, зейін, қиял, ойлау сынды қасиеттерінің дамуына оң ықпалын тигізеді. Тәрбиешілердің берген білімі арқылы бүлдіршіндердің қоршаған дүние туралы түсініктері кеңейеді, олар өз мүмкіндіктерін тани бастайды. Балабақшаға барған баланың ата-аналары да бірнеше артықшылықтарға ие болады. Жұмыстарына барып, жеке шаруаларын жасауына уақыт табылады.

Сондай-ақ, баласының балабақшадағы үйлесімді, табиғи дамуы да ата-ана үшін маңызды. Балабақшада бала тәрбиешімен және топтағы балалармен байланысқа түсу арқылы жаңа деңгейде дамуға мүмкіндік алады. Әрі мінез-құлық ережелерін меңгеріп, ортақ іс пен ұжымдық тәртіпке үйренеді. Балабақшада оқыту және тәрбиелеу үйдегі жағдайларға қарағанда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мақсатты түрде жүреді. Мінекей, балабақшаның бала тәрбиесіне қосар үлесі осындай артықшылықтарымен ерекше маңызға ие.

Мира КҮДЕРБАЕВА,
“Балбөбек” бөбекжай балабақшасының
тәрбиешісі, Алматы облысының Кербұлақ
ауданындағы Қарашоқы ауылынан

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий